Ақжая – Ақкөл-Жайылманың аты аңызға айналған қазанаты, бәйгенің алдын бермес ерен жүйрігі. Осы өңірден шыққан журналист Жассерік Сәдуақасов – кестелі жыр мен жүйелі сөздің жүйрігі. Бар ғұмырын жазуға арнаған Жассерік Жәлелұлының асқаралы 60 жасқа толуына арналған шығармашылық кешін «Ақкөлдің Ақжаясы» деп атауы – заңдылық.

1984 жылы Алматы қаласында Абай атындағы Қазақ педагоги-калық институтының филология факультетін бітіріп, ұстаздық жолды таңдаған жас маман осы салада алты жыл қызмет етті. Ауыл көлемінде өтетін шаралар туралы хабарлар жазып көзге түскен Жассерік ағаның журналистика саласына біржола бет бұруына себепкер болған — Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің тұңғыш редакторы Амангелді Қаңтарбаев.

1990 жылы аудандық «Алға-Вперед» газетінде кадр мәселесі туындағанда редактор Амангелді Қаңтарбайұлы Ақкөл орта мектебінде ұстаздық етіп жүрген Жассерік Жәлелұлын редакцияға қызметке шақырады. Бұл ұсынысқа бірден келісе қоймағанымен, талапты маман көп ұзамай журналистік қызметке ауысады. 1992 жылы Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің негізін қаласқан Жассерік Сәдуақасов осы редакцияда отыз жылдан астам уақыт табан аудар-май қызмет етіп келеді.

Қазақстан Журналистер одағы және Жазушылар одағының мүшесі Жассерік Жәлелұлы – «Жалғадым жырды үзілген», «Мәңгілік сағыныш», «Әкеге хат», «Топжарған», «Иман ұялаған Ақкөл-Жайылма», «Сырт көз» кітаптарының авторы. Жассерік Сәдуақасовтың өлеңдеріне сазгер Жомарт Қабыкенов бірнеше керемет ән жазды. Ақынның туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі «Ақкөлім, кербезсің-ау Арқадағы», «Ежелгі қоныс – құт мекен» атты әдеби-сазды, тарихи-деректі фильмдер түсіруіне түрткі болды.

«Жалғадым жырды үзілген» атты алғашқы жыр жинағына (2004 ж.) жазған алғысөзінде Амангелді Қаңтарбаев төлшәкірті туралы: «Жассерік – бүгінде қаламы ұшталған, облыс көлеміне кең танылған журналист. Сонымен бірге, болашағы жарқын ақын әрі жазушы. Ол газет жанрларын қалай меңгерсе, поэзия мен прозаны да солай меңгеруге құлшына кірісіп жүр. Өлеңдері ойлы, өрнекті. Әңгімелері қысқа да көркем. Әдебиеттің екі саласында да тер төгіп жүрген ініміздің өз өлеңдеріне туған елі мен туған жерін өзек етуі де құптарлық. Әңгімелерінің кейіпкерлері де өз көзімен көрген адамдар, жерлестері. Оның өзі жақсы білмейтін, жан дүниесін тебірентпейтін оқиғаға, тақырыпқа, құбылысқа қалам тартпайтыны да сүйсінерлік» деп жазған еді. Осы пікірдің өзі талай сырды аңғартып тұрғандай.

Болашақ журналиске бағыт-бағдар беріп, жол көрсетіп кеткен әкесі Жәлел Сәдуақасов деуге де толық негіз бар. Себебі, «Коммунистік еңбек», «Қызыл ту» (қазіргі «Saryarqa samaly»), «Тың өлкесі» газеттерінде әр жылдары жарияланған әкесінің мақалалары, өлеңдері ұқыптап тігілген екі папка және қара-ақ түсті фотосуреттер топтамасы бала Жассеріктің қиялына қанат бітіріп, жазуға құштарлығын оятқан.

Әкесінің жазба мұрасын көзінің қарашығындай сақтаған ол 2015 жылы Ақкөл ауылының құрылға-нына 80 жыл толуына орай шығарылған «Әкеге хат» атты кітабына енгізіп, перзенттік парызын орындады. Қаламгер «Мәңгілік сағыныш» атты кітабына туып-өскен ауылының тыныс-тіршілігін, ауылдастарының жарқын істерін арқау етті.

Ақкөл-Жайылма тарихында аты қалған тұлғалар жайлы толғаулар, ауыл өмірінен жазылған әңгімелері мен өлеңдерін де топтастырды. Бүгінде Жассерік ағаның Ақкөл-Жайылманың әйгілі перзенттері, тарихи тұлғалар туралы очерк- тер жинағы баспаға дайын тұр.

Журналист үшін өзіндік ой-пікірін, көзқарасын оқырманға жеткізу маңызды. «Отарқа» газетінің «Сырт көз» айдарына жиі қалам тартқан тәжірибелі журналист көптеген тың тақырыпты қаузады. Кейін Жассерік Сәдуақасовтың осы ой-толғауларының негізінде «Сырт көз» кітабы жарық көрді. Онда көсемсөз жанрында жазылған саналуан тақырыптағы ой-толғамдары жинақталған.

— Таптаурын болған ізден шығып, жан-жағыңа жіті көз жіберсең, жазуға тұрарлық тақырып көп. Бірі сүйіндіреді, бірі күйіндіреді. Сүйініштен күйініш басым. «Сырт көз» айдарына жазған сайын қамаудан шыққан тәрізді, еркін ойлап, еркін көсіліп, одан кәдімгідей ләззат алдым. Әрі айтар ойымды нақты мысал, болған оқиғамен кіріктіріп, жеткізуге ұмтылдым. Көсемсуден бас тарту арқылы оқырманның өзін ойландыруды көздеп, тұжырым жасауды өзіне қалдырдым, — дейді қаламгер.

Журналист Жассерік Сәдуа-қасов – «Қала алдында сіңірген еңбегі үшін», «Мәдениет саласының үздігі» белгілері, т.б. көптеген марапаттың иегері. Биыл Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісіне ие болды.

Көп жыл бойы Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінде қызмет етіп келе жатқан журналист Жассерік Сәдуақасов – қала мен ауылдың жарқын тұстарын жарқырата көрсетіп, жағымсыз тұстарын түйреп өтетін өткір тіл, салмақты ой, сүбелі сөздің иесі.

Торғын ОРАЗАЛЫ.