Балалар үшін жазғы демалыстың орны ерекше. Ал осы демалысты пайдалы әрі қызықты ұйымдастыру үшін лагерьге жауапты мұғалімдер тынбай еңбектенуде.
Павлодар қаласына қарасты Теміржол кентіндегі №46 мектептегі «Балдәурен» атты жазғы лагерьдің балалары әр күнін көңілді өткізуде. Мұнда балалардың демалуына барлық жағдай жасалған. Ойын алаңдары мен бөлмелер жақсы жабдықталған. Демалыс лагерінде «Достық» және орыс сыныбының оқушылары үшін «Радуга» атты екі топ құрылған. Әр топтың жеке әнұраны, әні мен биі бар.
Лагерьдің алғашқы кезеңі 5 маусым мен 23 маусым күндері аралығында өтіп, осы уақытта 20 оқушы демалып, күн сайын сауықтыру шараларымен қамтылды. Сондай-ақ, лагерьде балалардың сапалы тамақтануына да көңіл бөлінді. Балалар ән салып, би билеп, спорттық ойындарға да белсенді қатысты. Осы орайда, «Балдәуренде» балалар үшін тер төккен А.Сүйіндікова, А.Әбуова, Ә.Есімбаева, М.Нажипов, М.Мусина, Д.Баужанова, И.Такирова, К.Рүстемқызы, А.Қамзин сынды мұғалімдердің еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Олар әр баланың қызығушылығына көңіл бөліп, әрқайсысымен шығармашылық жұмыс істеп, сурет салғызып, өлең жаттатып, түрлі жарыстарға қатысуларына, демалыс күндерінің қызықты өтуіне аянбай үлес қосты. «Көңілді старт», «Күштілер, батылдар» сайыстарына оқушылар қызығушылықпен қатысты. Сонымен қатар, оқушылар үшін әдеп туралы әңгіме мен әсемдік жайлы мақал-мәтел жарыстары ұйымдастырылып, «Мақта қыз бен мысық» ертегісі сахналанды. Демалушылар Павлодар қаласындағы Шәкен Айманов атындағы кинотеатрға, М.Катаев атындағы оқушылар сарайына барды. Мектептегі «Шытырман оқиғалар» бөлмесіне өтіп, түрлі тапсырманы орындады. Әр күнге тақырып қойып, қызықты өткізді. Мысалы, «Жас лайфхакер» күні балалар химиялық тәжірибе жасап, таудың лавасын шығарды. Ал «ЭКО өңдеу» күні ЭКО техникаларын құрастырса, «Өз қаламызды сүйеміз!» күні «Болашақ атамекенім» атты макет жасап, лингвистикалық квест ұйымдастырды.
Қорыта айтқанда, «Балдәурендегі» демалыстың әр күні балалар үшін ғажайыпқа толы болды.
Әлия ЕСІМБАЕВА, №46 жалпы орта білім беру мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Павлодар қаласы.