Құрбан айтта Ақсу қаласындағы «Аналар кеңесі» төрайымы Рымкеш Сламбекова және «Аналар кеңесі» мүшелері Алма Есімханова, Бақыт Қалиева қарттар мен мүгедектерді елеусіз қалдырмады. Бұл күні Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Ақсу арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, Құрбан айтпен құттықтады.
Қазақ халқы қашанда «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп қарияны үлкен байлыққа теңейді. Осы ұстанымды көпті көрген аға буын өкілдері үзбей жалғап келеді. Бұл жолы да қасиетті мейрам күні аналар аталмыш мекемеге барып, қарттар мен мүгедектерге тәттілер апарып, Самандор есімді азамат кітапхана қорына кітап сыйға тартты. Ақсу қаласындағы «Аналар кеңесінің» төрайымы Рымкеш Сламбекова ардақты қарттарымызды мейраммен құттықтады. Ол өз сөзінде намазхана ашылу жоспарда бар екенін естіп, намаз оқуға ниет етіп жүрген жандарға жайнамаз әкелгендерін тілге тиек етті.
— Әр адамның әртүрлі тағдыры болады. Бүгінде мемлекетіміз сіздерге жағдай жасап отыр. Мерекелерде сіздерді назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Ешқандай бейнет көрмеңіздер, — деп ақжарма лебізін білдірді.
Ақсу қаласы мешітінің наиб имамы Жомарт Семсерханұлы да ұлық мейрамның мән-маңызы жайлы айтып, қарттар мен мүгедек жандардың дүниеден өтіп кеткен туған-туыстарына құран бағыштады.
— Біздің дінімізде шариғат үкімі бойынша екі үлкен мейрам бар. Соның ең ұлығы — қасиетті Құрбан айт мейрамы. Аталмыш мейрамның мақсаты – адамдарды татулыққа, бірлікке, жомарттыққа, бейбітшілікке және қайырымдылыққа үгіттеу, — деді ол.
«Аналар кеңесі» мүшелері Алма Есімханова мен Бақыт Қалиева да аталмыш мекемедегі жандарды Құрбан айтпен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Сондай-ақ, ақ жаулықты аналарымыздың бірі арнайы келген қонақтарға ерекше алғысын айтып, ақ батасын берді. Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Ақсу арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Гүлнар Асылбекова меймандарға алғысын жаудырды.
Қаяу көңілге жылы лебіз білдірген, жүрегі мейірімге толы «Аналар кеңесі» мүшелеріне Алланың нұры жаусын демекпіз. Әрдайым қайырымдылық жасап, жастарға үлгі-өнеге бола беріңіздер.
Ақсу қалалық мешіті.