Кінәлілер жауапқа тартылды

Ақп 27, 2025

Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын «Майқайың алтын» кеніші аумағындағы шұңқырға құтқарушылары бар автобус құлап кетіп, оқыс оқиға төрт адамның өмірін жалмаған еді. Екі құтқарушының денесі бірден жер астынан шығарылса, тағы екі қызметкердің денесі араға жарты жылдан астам уақыт салып табылды. Таяуда қайғылы жағдайдың орын алуына кінәлі азаматтарға қатысты сот шешімі шықты.

Баянауыл ауданына қарасты Майқайың кентінде орын алған қайғылы оқиға дүйім жұрттың назарын аудартып, қабырғасын қайыстырғаны рас. Құтқарушылар өз әріптестерін терең шұңқырдың түбінен алып шығу үшін іздеу жұмыстарын жүйелі жүргізді. Топырақтың одан әрі опырылу қаупі жоғары болғандықтан төтенше жағдай қызметінің өкілдері жұмысты тоқтатқан кездер де болды. Шілде айында ғана Айдос Шаймерден мен Айып Тілеубергеновтің денесі табылды.

Іздеу жұмыстарымен қатар өз міндеттеріне салғырт қараған бірқатар азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Таяуда екі шенеунікке қатысты істің нүктесі қойылды. 21 ақпан күні облыстық сот «Майқайың алтын» акционерлік қоғамындағы «былықтарға» көз жұма қараған бұрынғы мемлекеттік қызметшілерге қатысты істі қарады. Атап айтқанда, өндірістік қауіпсіздік департаментіне қарасты бөлімнің бұрынғы басшысы мен сол бөлімнің бас маманы қызметіне салғырт қарады деп айыпталды. Соның салдарынан кеніш аумағындағы топырақ опырылып түсіп, төрт адам қаза тапты.

Мемлекеттік айыптаушы Бақытжан Бабаевтың айтуынша, екі мемлекеттік қызметші де Майқайыңдағы оқыс оқиғаға дейін қызметтен кеткен. Алайда, сол қызметті атқарған тұста немқұрайлыққа жол берген. Айталық, 2016 жылы олар кәсіпорынды жоспарлы түрде тексерген. Сол уақытта анықталған 70 кемшіліктің ішінде араға 8 жыл салып қайғылы жағдайға әкеп соққан олқылық та бар. Яғни, жер астындағы кеніште бос кеңістіктер бары сол уақытта-ақ белгілі болған.

— Сотталушылар өз міндеттеріне салғырт қарап, аталған кемшіліктер жойылғанға дейін жұмысты тоқтатуға қатысты тиісті шараларды қабылдаған жоқ. О. 2016-2021 жылдары Екібастұздағы өндірістік қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік бақылау басшысы бола тұрып, ал С. 2016-2023 жылғы аралықта сол бөлімнің бас маманы қызметін атқарған уақытта 2016 жылы анықталған кемшіліктер жойылмағанын біле тұра өз міндеттеріне салғырт қарап, бұл олқылықтарды актқа кіргізбеген. Соның салдарынан 2024 жылдың 4 қаңтарында бос кеңістік опырылып, төрт адамның қазасына әкеп соқты. Яғни, ауыр салдарға алып келді, — деді прокурор.

«Майқайың В» кен орнындағы 160 метр тереңдіктегі жер астындағы бос кеңістікке жобада көрсе-тілгендей бетон құйылуы тиіс еді. Алайда алтын өндіретін кәсіпорын мұны орындамай, процеске бақылау да жасамаған. Өндірістік қауіпсіздік департаментінің мамандары қайта тексеріс барысында да проблеманың шешілгеніне көз жеткізбестен қажетті құжаттарға қол қойған. Бос кеңістікті жою мәселесі оқыс оқиға болғанға дейін мүлдем көтерілген де емес.

Аталған мәселелердің барлығы ескеріліп, бөлімнің бұрынғы басшысы мен бұрынғы бас маман кінәлі деп танылды. Басшының бас бостан-дығы үш жылға, бас маманның бас бостандығы екі жылға шектелді. Біріне өмір бойы, екіншісіне үш жылға өндіріс қауіпсіздік саласында қызмет етуге тыйым салынды. Сонымен қатар, жыл сайын 100 сағаттан міндетті жұмысқа тартылатын болды.

Оған қоса, қайғылы жағдайдың орын алуына 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі екені анықталды. Сондықтан «Майқайың алтын» АҚ басшылығына қатысты да тергеу жұмыстары жүргізілуде. Оларға абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген тау немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтамағаны үшін айып тағылып отыр. Алайда кәсіпорын басшы-лығы бірнеше рет арнайы тексеріс нәтижесімен келіспейтіндерін білдірген болатын.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Сурет газет мұрағатынан алынды.