Алғашқы әрі ірі жеңіс!

Сәу 17, 2025

Қазақстанның футболдан Бірінші лига ойындары бастау алды. Бұл чемпионатта облыс атынан екі бірдей команда — «Ертіс» пен «Екібастұз» жасыл алаңда доп тебеді. Дәл осы екі клуб лиганың алғашқы турында-ақ қарсылас атанып, өзара шеберлік байқасты. Ал орталық алаңға жиналған жанкүйерлердің қарасынан спортсүйер қауымның үлкен футболды сағынғаны анық байқалды.

Өткен жылы екінші лига ойындарында топ жарып, көш бастаған «Ертіс» командасы биыл бірінші лига қатарына қосылды. Сол сияқты аталмыш лигада «Екібастұз» атауымен кеншілер шаһарының футболшыларынан құрылған тағы бір команда бақ сынайды. Екеуі де алғашқы турда Орталық стадионда өзара мықтыны анықтау үшін шеберлік байқасты.

Айта кету керек, бұл күнгі футбол мерекесіне 6,5 мың адам жиналды. Жергілікті аяқдоп шеберлері де, екібастұздық спортшылар да жанкүйерлердің ыстық ықыласын «ә» дегеннен сезгені анық. Стадионды толтырған жанкүйерлер командаларды жігерлендіріп, оларға нағыз қолдау көрсете білді.

Спорт кешін тамашалау үшін Павлодар ауданындағы Розовка балалар үйінің бір топ тәрбиеленушісі арнайы келді. Аймақ басшысы Асайын Байханов оларды жаңа жылмен құттықтай барғанда жеткіншектер «Ертіс» футбол клубының ойынын тамашалауды қалайтынын білдірген еді. Өз кезегінде облыс әкімі кезекті маусым бастала сала мұндай мүмкіндікті сыйлауға уәде берді. Сөйтіп, жергілікті команданың алғашқы ойынында балалар үйінің тәрбиеленушілері жанкүйерлер қатарынан табылды.

Ойынның өзіне ойыссақ, 60 жылдық тарихы, елдің бес дүркін чемпионы деген атағы бар «Ертіс» командасы төреші ысқырығы шалына сала тізгінді қолына алды. Алайда доп бірде қақпа бағанына тисе, енді бірде қиыс кетіп жатты. «Ертістің» шабуылын екібастұздық қорғаушылар Аслан Сүлейменов пен Константин Горизанов қайтарып, тосқауыл қойып отырды.

20-минуттан соң екібастұздық ойыншылар белсенділікті қосып, қарсыласты қақпаға қарай тықсыра бастады. Бірақ алма-кезек шабуылдардан нәтиже болған жоқ.

Бірінші таймның аяқталуына бес минут қалғанда ғана «Ертіс» ойыншысы Нұрали Елемес ұрымтал сәтті оңтайлы пайдаланып, есеп ашты. Сөйтіп, командалар 1:0 есебімен үзіліске тарқасты.

Қайрат Нұрдәулетовтің үзіліс уақытында жігіттерді жігерлендіре білгені болар, «Ертіс» екінші таймның алғашқы минутында-ақ есепті еселеді. Мейрам Кикбаев «Екібастұз» қақпашысының қателігін пайдаланып, бос қалған қақпаға допты тоғытты. Ал Максим Федин араға бірнеше минут салып есепті 3:0-ге жеткізді. 76-минутта Арман Смайылов «Екібастұз» қақпасынан саңылау тапты. Есеп — 4:0. Павлодарлық команда дәл осындай есеппен жеңіске жетті.

Өкінішке қарай, бұл күні Андрей Шумараның командасы ірі есеппен есе жіберді. Дей тұрғанмен, екібастұздық спортшылардың да жақсы ойын өрнегін көрсеткенін атап өту керек.

Матчтан соң «Ертіс» ФК бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов Орталық стадионды лық толтырған жанкүйерлерге алғысын білдіріп, ойыншылардың жасыл алаңда барын салғанын айтты.

— «Екібастұз» командасының аяқ алысын Кубок ойындары кезінде көріп, саралап, соған сай тактика құрдық. Ойыншылар барлық міндетті ойдағыдай орындады. Алғашқы ойында жеңіске жеткеніміз — зор қуаныш. Бүгінгі атмосфераны сыйлаған спортсүйер қауымға алғыс айтамыз. Жігіттерді жігерлендірген жанкүйерлерге көп рақмет! Енді бұл ойын тарихқа еніп, келесі матчқа дайындықты бастаймыз, — деп түйіндеді Қайрат Нұрдәулетов.

«Ертіс» ойыншылары екінші тур кездесуін бүгін Ақтөбе қаласында жергілікті «Ақтөбе жастар» командасына қарсы өткізеді. Бұл кездесуде де біздің жігіттер барын салып, үш ұпаймен олжалы оралады деген сенім мол.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.