Жеңіл жолмен ақша тауып, қысқа мерзімде қыруар қаржыға кенелгісі келетіндер түрлі жарнаманың желеуіне жылдам ілесіп кетеді. Оп-оңай олжалы болуға үгіттейтіндер де құйтырқы әрекеттерін жарнамалауға жандарын салады. Сендіру үшін түрлі қадамға барады. Көпшілік көзінше көлік те, пәтер кілтін де табыстап, сенімге кіріп алады. Міне, осындай айласымен қаншама адамды арбаған қаржылық пирамиданың төртеуі анықталып, қылмыстық іс қозғалған.
«Үй беремін» деп, үптеп кеткен
Бұл туралы «Заң және тәртіп. Қаржылық пирамидалар: белгілері, салдары мен тұрғындарды олардан қорғау жолдары» тақырыбын қаузаған облыстық экономикалық тергеу-тексеру департаменті ұйымдастырушылық-бақылау басқармасының басшысы Арман Ізбастинов мәлім етті.
— Қазіргі таңда ұрлық, тонау, қарақшылық қылмыстарының өзектілігі төмендеп, инвестициялық жобалар немесе кооперативтік бағдарламалар ретінде ұсынылатын алаяқтық, қаржылық пирамидалар сынды қылмыстың «зияткерлік» түрлері белең алуда. Алаяқтар оны заңды қызмет ретінде көпшілікке таныстырудан тайынбайды. Мұндай алаяқтықтың алдын алу бүгінде еліміздің әлеуметтік-қоғамдық ахауалы үшін аса маңызды, — дейді Арман Қайырбекұлы.
Жоғарыда аталған төрт қылмыстық істің алғашқысы тұтынушылық кооперативке қатысты қозғалған. Бұл ұйым 2023 жылдан 2025 жылдың ақпанына дейін әккі әрекетін ел аумағында жүргізген. Яғни, олар «пайызсыз мүлік аласыз» деп алдап соққан. Бұл уәдеге иланған тұрғындар жиған-тергенін салып, соңында сан соғып қалыпты. Asar baspana деп аталған кооперативке бір Павлодар облысының өзінен 1500 адам қаржы салған. Олардың салған қаржысының жалпы көлемі 190 млн теңгені құрапты. Ұйымның әр өңірде менеджері жан-жақты жарнама жүргізген. Қазіргі таңда кооперативтің заңсыз әрекетінен
17 адам жапа шегуші ретінде танылыпты. Олардың жалпы шығыны — 26 млн теңге. Тергеу барысында өңірлік менеджерлердің 50 млн теңгесі мен 11 млн теңгенің көлігіне арест қойылыпты. Пирамиданы ұйымдастырушы Алматы қаласында болғандықтан іс осы қаланың департаментіне жолданған.
— Жарна салғандардың көбі егде жастағы азаматтар екені анықталып отыр. Мұнда соңынан тағы да салымшылар тарту тәртібі болған. Сатылап көтерілген сайын түрлі сый беріп, көпшілік арасында көлік таратып, елдің сеніміне енгені белгілі болды. Арзан алтынмен де алдағаны анықталды. Жалпы кооперативтің
5 мыңнан астам салымшысы болған. Тіпті, Алматыда өз зауыттары бар деп жалған ақпарат та таратқан. Сондықтан, көпшілік ірі кәсіпорындары бар қалталы кәсіпкерлер деп сенсе керек. Ал шын мәнінде бірде-бір зауыт, кәсіпорын болмаған. Бухгалтерлік есеп-қисап та жоқ. Салымшылардың қаржысы тікелей ұйымдастырушылардың жеке есепшотына түсіп тұрған, — дейді облыстық экономикалық тергеу-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ғалиасқар Қасымов.
«Has Holding» атты қаржылық пирамиданың да жолы кесілді. 2022-2023 жылдары Астана, Алматы, Павлодар және Екібастұз қалаларында ісін жүргізген бұл ұйым ұйымдастырушыларынан келген шығын 318 млн теңгені құрапты. 52 адамның жарнасы пайдаланылған. Пирамидаға қатысы бар алты адамды 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру туралы сот үкімі шыққан. Олардың мүліктері тәркіленген. Әлі де зардап шеккендерден өтініштер түсіп жатқан көрінеді.
Жарнамасы жар салғанға…
Павлодарлық 26 жастағы ару да алаяқтық жолмен баюды жоспарлаған. Арам пиғылын іске асырып та үлгерген. Ол kaspi.kz платформасын пайдаланып, алаяқтық тізбе түзген. Тауар сатып алуға қаржы салу арқылы жоғары табысқа жетуге болатынын айналасына насихаттайды. Таныстарын тартады. Бұл арам пиғылына кaspi.kz интернет дүкені арқылы тауар сату мақсатында өзінің жеке кәсіпкерлігіне тіркелген kaspi pay қосымшасын пайдаланады. Оның айласында қаржылық пирамиданың белгілері бары анықталды. Жалған тауар сатып алу жолымен қаржы құюға шақырады, оған әр он күн сайын 5-тен 15 пайызға дейін сыйақы төлейтінін алға тартады. Криптовалюта түрінде биржа іспетті құрған алаяқтық әрекеттен 71 адам зардап шеккен, келтірілген шығын көлемі 141,2 млн теңгені құрапты. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
АҚШ аумағында негізі қаланған жарнамалық платформа деп елімізде өзін көпшілікке жария еткен «Takorp» жобасынан да жапа шеккендер аз емес. Ғалиасқар Қасымовтың айтуынша, олар цифрлық жарнамаға инвестиция деп таныстырып, азаматтардың 50 млн теңгесін тартқан. Қазіргі таңда іс сотта қаралуда. Ұйымдастырушылар үйқамаққа алынған. Бұл қаржылық пирамида былтыр анықталыпты. Күдіктілер салымшылардың шығынын біртіндеп өтей бастаған. Оны естіген өзге де салымшылар құзырлы органға шағым түсіруде. Биыл 8 өтініш түсіпті. Олардың алтауы павлодарлықтардан түскен.
Арман Қайырбекұлы халық оңай ақшаға ұмтылуға бейім екеніне қынжылады. Аз уақыт ішінде толағай табыс, жоғары пайыз уәде етудің ар жағында арам пиғыл жатқанын түсінетін кез келгенін ескертті. Құзырлы мекеме әлеуметтік желілерде қаржылық пирамиданың белгілері бар сілтемелердің жолын кесіп, бұғаттау жұмысын жүргізуде. Биылдың өзінде мұндай 421 сілтеме, екі аккаунт бұғатталған. Өкініштісі, алаяқтар азаматтарды алдауда заман көшінен қалмай, жаңа тәсілдерін ойлап табуға бейімделіп алған. Инвестициялық жобалар түрінде әккі әрекетін әспеттеп, көптің сеніміне кіріп кетеді. Сондықтан, тұрғындарды барынша сақ болуға шақырып отыр. Жарнамасы жар салғанға илана кетпеуге кеңес береді. Ең бастысы, ешкім табысты оңай жолмен тарата салмайтынын естен шығармаған жөн, дейді мамандар.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.