Маса мезі етпес үшін…

Мау 19, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Көктем шыға облыс тұрғындарын мазалайтын басты мәселе – маса. Осыған байланысты аймағымызда көктем айларынан бері дезинсекциялық өңдеу жұмыстары күн сайын жүргізіліп келеді. Ал өңірлердің маңындағы өзен-көл жағалаулары мен зиянкестер жиі шоғырланатын сулы аумақтардағы өңдеу шаралары толығымен аяқталды. 

Облыстың жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Дияр Қайыркеновтің айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда осы жылы авиаөңдеу көлемі 45 мың гектарға ұлғайып, рекордтық көрсеткіш 172 мың гектарды құраған.

— Облыс аумағында 172 мың гектар жерге авиациялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 мың гектарға артық. Жұмыстар 29 сәуір мен 31 мамыр аралығында өтті. Осы аралықта 448 ұшу жүзеге асырылды. Оның ішінде 293 — биологиялық, ал 155 ұшу химиялық препаратпен өңделген. Авиация жете алмайтын күрделі аумақтар арнайы бүріккіш құралдармен жерүсті әдісімен өңделді. Авиацияны пайдалану — тиімді тәсіл. Ғалымдардың айтуынша, өңдеу жұмыстарының тиімділігі 90 пайызға жуық. Жалпы жағдай тұрақты. Ғылыми топ күнделікті мониторинг жүргізеді. Мердігер ұйымдар да өз жұмыстарын күн сайын атқарады, – деп атап өтті Д.Қайыркенов.

Бүгінде өзендердегі өңдеу жұмыстары толық аяқталды. Өңдеу үш кезең бойынша жүргізілді. Бірінші кезең — 13 мамырда, екінші кезең — 24 мамырда және үшінші кезең 5 маусымда басталды. Барлық кезеңде де биологиялық препараттар қолданылып, алдын ала белгіленген 10 негізгі нүкте қамтылды. Сонымен қатар, 7 өзен тармағы жергілікті түрде өңделді.

Айта кетейік, бүгінде облыс орталығында күн сайын кешкі уақытта шыбын-шіркейге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар теміржол көпірінен бастап шаңғы базасына дейінгі аумақты және Усолка шағын ауданын қамтиды. Сонымен қатар, саябақтар, скверлер мен көшелер де өңделуде.

Айдана БОРАНБАЕВА.