Телеарнаны тек жаңалық жеткізуші құрал немесе ақпарат тарату көзі деп қарау – қателік. Төрімізде тұрған бұл көк жәшік — елдің мәдени-рухани дамуы жолында өзіндік ықпалы бар, мемлекеттік саясат пен ұлттық идеологияны дәріптеуші және жас ұрпаққа саналы тәрбие беретін ең үлкен күш. Аймақтың басты арнасы саналатын «ERTIS» телеарнасының құрылып, билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналғанына 60 жылдың жүзі болды.
Тарихқа тоқталсақ…
Павлодар облыстық телерадио хабар тарату Комитеті алғаш 1965 жылдың 7 қарашасында іске қосылып, аймақ жаңалығын көгілдір экран арқылы көрсете бастады. Телерадио комитетінің негізгі ұйымдастырушысы және алғашқы төрағасы – Махамбетұлы Хамза Тоқпанов. Ол 1963 жылдан 1986 жылға дейін басқарып, шағын хабар тарату ұйымын үлкен ұжымға айналдырды және аймақтың басты арнасы деген мәртебелі атаққа жету жолында тартынбай тер төкті.
Телеарнаның тарихына үңілер болсақ, 1966 жылға дейін аптасына екі мәрте хабар таратса, сол жылдың 1 қаңтарынан бастап эфир уақыты ұлғая түсті. 1970 жылы Павлодар телестудиясында бірінші жылжымалы телестанция пайда болып, тәулігіне 5 сағат хабар тарататын дәрежеге жетті. Содан бастап тұрақты даму мен қалып-тасу кезеңдерінен өтіп, жылдар өткен сайын заман ағымына сай түрлене, гүлдене түсті. Жаңа телевизиялық құрылғылар іске қосылып, техникалық мүмкіндігі кеңейе берді. 1983 жылы телеарна толығымен түрлі түсті форматқа көшіп,
өз көрерменін тағы бір қуантты.
Ал телеұжым үшін елеулі өзгерістер 2017 жылдары болды. Сол жылы «Қазақстан-Павлодар» телеарнасы ресми түрде «ERTIS» телеарнасы болып өзгерді. 2018 жылы көрермен асыға күтетін «ЕRTIS AQPARAT» бағдарламасының студиясы жаңартылып, бағдарлама мазмұны байытылды. Сонымен қатар, «1 СТУДИЯ», «АIBYN», «JERUIYQ», «AMANAT», «ÁKIM SAǴATY» сияқты көрермен талғамына сай тележобалар түсірілді.
Бүгінгі бет-бейне
«ERTIS» телеарнасын осы алпыс жыл уақыт ішінде жеті директор басқарып, әр басшы өз заманының сұранысына сай еңбек етті. Ұжымның қазіргі басшысы Жұмабек Смановтың айтуынша, бүгінгі таңда облыстық телеарна тәулігіне 14 сағат хабар таратады. Эфирдің 80 пайызын қазақ тіліндегі хабарлар мен бағдарламалар құрайды. Жоғарыда аталған эфирге берілетін 14 сағат уақыттың
63 пайызында телеарна ұжымының авторлық өнімі көрсетіледі.
— Біздің экран арқылы көрермен қауымға ұсынылатын 27 телевизиялық жоба бар. Солардың ішіндегі ең ірі жоба ретінде «Жаңа күн» таңғы бағдарламасын айтуға болады. Бұл көп жыл үздіксіз көрсетіліп келеді және әр кезеңде түрлі атаумен шығып жүрді. Бұл жобаның басты ерекшелігі – тікелей эфирде көрсетілетіндігінде. Көрерменге тікелей көрсетілетін жобалардың бірі – «Телеорталық» бағдарламасы. Бұл екі тілде түсіріледі. Бағдар-ламаның ұзақтығы жарты сағат. Эфирге аптасына төрт мәрте шығады. Биыл алғаш рет жаңалық-тардың үш шығарылымын тікелей көрсетуді бастадық. Бүгінде жаңалық бөлімінде 2 режиссер және 2 монтажер жұмыс істейді. Сенбі күндері «Аптаның қорытындысы» эфирге шығады. Сондай-ақ, айына
2 рет «Арнайы репортаж» көрсеті-леді, — деді арна басшысы Жұмабек Оркенұлы.
Ал басқа тележобалардың барлығы алдын ала жазылып, монтаждалып барып, эфирге шығарылады. Мәселен, «1 студия» бағдарламасы дүйсенбіден жұмаға дейін күн сайын көрсетіледі. Одан бөлек, әр жұма сайын «Ой-Like» ток-шоуы өз көрермендерін күтеді. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі», «История одного документа», «Денсаулық», «Разные – равные», «Давай меняться», «Әлқисса», «Аманат», «Мой кz», «Руханият», «Шай ішейік», «Мен қазақпын», «Ат үстіндегі әңгіме» бағдарламалары да — өз көрермендерін тапқан тартымды жобалар. «ERTIS» теле-арнасы мекемелердің баспасөз қызметтерімен де тығыз байланыста жұмыс істейді. Соның нәтижесінде «112», «Заң және Тәртіп», «Заң және біз», «Елге қызмет», «Денсаулық», «Әлқисса» сияқты бағдарламаларды аталған ведомстволардың баспасөз хатшылары немесе мамандары жүргізеді. Бұдан бөлек, талантты жастарды халыққа таныту мақсатында облыстық филармонияның барлық концертін түсіріп, оны «Әуен әлемі» бағдарламасы арқылы ұсынып келеді.
Сондай-ақ, облыстық және республикалық маңызы бар іс-шаралар мен мерекелерден тікелей трансляциялар жасап, қоғамдағы өзекті оқиғаларды дер кезінде жеткізу жағын да бір арнаға түсірген. Циклдік хабарлар қатарына кірмейтін бірреттік жобалар да көрермен сұранысына ие. Мысалы, өңірдің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін «Біздің Сәтбаев», «Шәкен Айманов» сияқты деректі фильмдер — еңбек пен шығармашылықтың нәтижесі. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойынан бастап «Естелік кітабы» бағдарламасы дайындалып келеді. Сондай-ақ, «Туған өлке» роликтері, «Демалыс күнінің афишасы» сияқты қысқа хабарларға да уақыт берілген. Ал жаңа жобалардың қатарында еркін форматтағы «Жазғы Vibe», жұмысшы мамандықтар жылына арналған «Құрмет тақтасы», «Доска почета» атты бағдарламалар бар.
Эфир сыртындағы мамандар
Телевизия эфиріне жіберілетін өнімнің барлығы жауапты шыға-рушының елегінен өтеді. Қазір бұл міндетті осы салада он жылдан астам өтілі бар білікті маман Әлия Дәулеталиева атқаруда. Ол бағдар-ламалар мен жаңалықтардың әр минуты мен секундына дейін қадағалап, уақытылы эфирге шығуына жауап береді.
— Жылына екі мәрте телевизиялық маусымын өткіземіз. Жаңа маусымдар жылдың наурыз және қыркүйек айларында басталады. Әр маусымды жаңа жобалармен бастап, көрерменді ерекше тосын жаңалықтармен қуантуға тыры-самыз. Мысалы, биылғы наурыз айының телевизиялық маусымы «Ат үстіндегі әңгіме» жобасымен ерекшеленді, — деді жауапты шығарушы. «Jebe» қоғамдық бірлестігімен бірлескен жобаға талғамы жоғары көрермен тарапынан ыстық ықылас білдіріп, қызығушылық танытушылар саны артып келеді екен.
Ата-ана жолын жалғап…
Басты арнаның ұжымында әкенің ізін басып, ананың жолын жалғап жүрген династиялар да бар. Бас режиссер Гүлнәр Олжабаеваның анасы Зәру Алшағырова осы арнада 36 жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан. Телевизия саласында талай жыл табысты еңбек еткен ардагердің ізін кейін өзінің қызы жалғап келеді. Ал оның ұлы Ерғали Рамазанұлы да — тележурналист. Қазіргі күні «Jibek joly» телеарнасында жұмыс істейді.
— Менің негізгі мамандығым — педагогика саласы. Бала кезімде анамның жұмысына қызығатынмын. Кейін мұғалім мамандығын оқысам да, бала арманым жеңіп, режиссер болуды таңдадым. Менің бұл таңдауыма анам ықпал етті деуге болады, білмейтінімді үйретті, өзінің тәжрибесімен бөлісті. Жалпы, «ERTIS» телеарнасын бүгінгі теле-журналистиканың шеберханасы деуге болады. Себебі, бүгінгі күнде республикалық арналардың
алдыңғы шебінде жүрген журналистердің көбі — біздің жерлестер. Олар кезінде осы арнада еңбек жолдарын бастап, тележурналист ретінде қалыптасқан. Кейін осында алған білімдері мен жинаған тәжірибелері оларды талай биікке көтеріп, талай жетістікке жеткізді, — деді Гүлнәр Төлегенқызы.
Телеарнаның ұжымында қоғамдық жұмыспен айналысып, түрлі әдеби-мәдени, өнер және спорт салаларында көзге түсіп жүрген журналистер көп. Былтыр Дария Жұмабекованың «Жұрттың балалары» деген авторлық жобасы республикалық «Тұмар» телеви-зиялық байқауының шорт-парағына (таңдаулы бағдарламалар) ілінген. Аймақтық арна үшін бұл — үлкен жетістік. Телеарна тілшісі Жанасыл Серікболдың «Сарсаң» романы мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көріп, оқырманның қолына жетті.
Жақында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған ведомствоға қарасты мекемелер арасында тұңғыш рет өткен спартакиада аясында Көкшетау қаласында Қостанай, Ұлытау, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облысы спортшылары қатысқан іріктеу кезеңінде арна дикторы Сабина Жолдасбаева тоғызқұмалақ пен үстел теннисінен чемпион болып, республикалық кезеңге жолдама алды.
Ал, күні кеше Сабина облыстық полиция департаменті ұйымдастырған турнирде тағы бір мәрте тұғырдың биік сатысына көтерілді.
«ERTIS» журналистері шұғыл жаңалықтарды тек телеэкран арқылы емес, әлеуметтік желілер арқылы да тарата береді. Бүгінде әлеуметтік желілердегі көрермен саны 70 мыңға жуықтаған. Бұл – арнаның креатив пен жаңашылдыққа құмар жастардың еңбегі екені даусыз.
— Біз ардагерлермен де тығыз қарым-қатынас жүйесін жолға қойдық. Себебі, бүгінгі жетістігіміз —
сол үлкендердің еңбегі мен олардың салып кеткен сара жолының жемісі. Сондықтан зейнеткерлерге дүйсенбі сайын жиналып, түрлі тақырыпта ой-пікір алмасуға мүмкіндік жасадық. Олар өздері бас қосып қана қоймай, біздің жобаларымызға да көмектесіп, қолдауларын көрсетіп келеді, — деді телеарна басшысы Ж.Сманов.
Мерейтойға тарту
Телеарнаның биылғы 60 жылдық мерейтойы – ұжымның ғана емес тұтас бір аймақтың мерекесі. Мерейтойға тарту ретінде телерадио хабар тарату комитетінің негізін салушы және тұңғыш директоры болған Хамза Тоқпанов атындағы студия құрылып, жабдықталуда. Жақын күндері ашылу рәсімі өтеді. Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз келешекті елестету мүмкін емес. Осыны ескере келе, әр жылдары басшылық жасаған директорлардың фотосуреттері безендіріліп, галереяға ілінген. Сонымен қатар, «ERTIS» телеарнасының жүлдесі үшін БАҚ қызметкерлері арасында волейболдан турнир өтіп, кіл
мықтылар марапатталды. Мерей-тойға орай ұсынатын тосын
сыйымыз әлі де көп, дейді арна ұжымы.
Бет қатталып жатқанда: Жоғарыда атап өткен жауапты шығарушы Әлия Баритден-қызы Дәулетәлиева Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша «Шапағат» медалімен марапатталды.