Кейде редакция жұмысына қызығушылық білдіріп келген жас талапкерлер осындағы аға-әпкелерінен «журналист болу үшін қандай талаптар қойылады?» деп сұрақ қойып жатады. Әрине, ондайда «білімді болу керек, кітап көп оқу керек, жазуға төселіп, сергек болу қажет» деген секілді жалпылама жауаптар беріледі. Алайда мамандықтың бар қызығы мен шыжығын тәжірибе барысында әркім жеке басынан өткізіп біледі. Журналист болу – табысы қыруар бизнес емес, етік тігу сынды кәсіп емес. Бастауын жүректен алатын, ізденісі көп, тоқтауы жоқ мамандық. Мазасы көп, жеке тіршілігіңмен шаруасы жоқ, үйде де, түзде де жүріп істейтін, сүйіспеншілікке толы іс. Бұл салаға адам жан-тәнімен, таланты мен табиғатынан беріліп келмесе, аздан соң табанының бүрі кетіп, өзге салаға ауысып та жатады.
Төменде осы кәсіби мамандықтың қасиеті турасында санамызда туындаған ой-пайымдауларымызды түйіндеп, афоризм формасында ұсындық. Пошымы шағын дүниелерден астарлы мағынаны көкірегі ояу оқырмандар өздері сезініп, тани алады деп үміттендік.
Автор.
Ойсыз журналист қойсыз шопанмен тең.
* * *
Қазақ газетті «бабама, яки балама қатысты дүние бар ма?» деп іздейді.
* * *
Журналистің мақаласы баяндау емес, ой аңдау болуға тиіс.
* * *
Басқалар тал қармаса, журналист ой қармайды.
* * *
Өзгелер жұмысбасты болса, журналист ойсоқты болып жүреді.
* * *
Журналистің еңбегі – мұздан кәмпит, жаманнан Жәмшид жасау.
* * *
Журналист басқаны түзетсе – орынды, басқасы журналисті «түзетсе» —
ол қайғы…
* * *
Құйрық-жалы шарт түйілген шы-
ғарма ғана бәйгеге шабады.
* * *
Ойы шабанның жүрісі де мимырт.
* * *
Ой көп айтатындардың арасында «қой!» деп айтпайтындар болады.
* * *
Жиырма бесте жарқылдамасаң, отызда ортаясың, қырықта – қартая-
сың…
* * *
Жақсы журналистің жазғаны оқырманның «жұтқыншағына» қадалмайды.
* * *
Тілші ғұмыр бойы аш жүруге тиіс: тамаққа емес, ақпаратқа.
* * *
Білімсіз журналист білімді кейіпкерді ұятқа қалдырады.
* * *
Журналистің міндеті — аспанда ұшу емес, керісінше, қара жердің салмағын сезіну.
* * *
Мазасыз адам ғана журналист бола алады, тоғышарға түк сенім артпаңыз.
* * *
Қорықсаң, «ұйықтап жатқан» журналистен қорық.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.