«Билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Сол себепті біз ауыл және кент әкімдерін сайлауға көшеміз. Осы арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Бұл қадам өзекті мәселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі үшін қажет…»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аймағымызда 29 маусым күні ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті. Естеріңізде болса, 2021 жылдан бастап елімізде ауылдық округ, ауылдар мен кенттердің әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі енгізілді. Сол кезде сайланған әкімдердің төрт жылдық мерзімі аяқталуына байланысты кезекті сайлау өткізілуде.
Мәселен, Екібастұз қаласының ауылдық аймағында 7 ауылдық округ, екі кент және екі ауыл бар. 2021 жылы Ақкөл, Байет, Теміржолшылар, Сарықамыс ауылдық округтері мен Шиқылдақ ауылының әкімдері алғашқылардың бірі болып тікелей сайлау арқылы қызметке тұрды. Биыл мерзімдері аяқталып, қайтадан сайлау өтті.
Екібастұз қалалық аумақтық комиссиясының мәліметінше, Ақкөл ауылдық округінде 3 кандидат сайлауға түсті. 473 азамат сайлаушылар тізімінде болды. Олардың 338-і таңдау жасаған. Сайлаушылардың 306 дауысын жинаған Ерлан Қабылтаев Ақкөл ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Ол бұған дейін аталмыш ауылдық округті басқарған. Ал Екібастұз қаласындағы №26 мектеп-гимназиясының басшысы болған Қанат Шайхислямов Байет ауылдық округіне жетекшілік етеді. Ол сайлауда тұрғындардың 164 дауысымен жеңіске жеткен. Жалпы, ауылда 770 азамат сайлаушылар тізімінде болғанымен, олардың 329-ы таңдау жасауға қатысқан. Сайлаушылардың 132-сі бәріне қарсы екенін білдіріпті. Айта кетейік, бұл елді мекенде де әкім сайлауына үш үміткер түскен.
Теміржолшылар ауылдық окру-гіндегі 651 сайлаушының 403-і сай-лауға қатысып, таңдау жасаған. Нәтижесінде үш кандидаттың ішінен 199 дауыс алған Талғат Ахметбеков ауылдық округтің әкімі болып сайланды. 1980 жылғы азамат бүгінде уақытша жұмыссыздар қатарында әрі Павлодар қаласында тұратын көрінеді. Сарықамыс ауылдық округіне де жас азамат жетекшілік етпек. 1990 жылы туған Халиханұлы Салауат сайлаушылардың басым дауысымен жеңіске жеткен. Ол үш үміткер қатысқан сайлауда 168 дауыстың 118-ін иеленген. Ол — «Сарик» шаруа қожалығының басшысы. Шиқылдақ ауылының әкімі болып қайтадан Гүлнәр Еңсебаева сайланды. Ол бұған дейін де аталмыш елді мекенге жетекшілік еткен. 166 дауыстың 150-ін еншілеген. 29 маусымда Ақсу қаласына қарасты Мәмәйіт Омаров атындағы ауылдық округтің де әкімі сайланды. Сайлаушылар тізіміндегі 2217 азаматтың 1279-ы сайлауға келген. Екі кандидат сайлауға түсіп, Сукер Болотхан 1052 дауыспен қайтадан аталмыш округке әкім болып сайланды.
Бірқатар аудандарда да ауыл әкімдері таңдалды. Мысалы, Ақтоғай ауданында Қараоба ауылдық округінің әкімі сайланды. Үш үміткер әкім тағына таласты. Дауыс берген 635 сайлаушының 259 дауысына ие болған Ризабек Кетиков есімді азамат ауылдық округ тізгінін қолға алды. Бір аңғарғанымыз, бұл ауылдық округте сайлау тартысты өткенге ұқсайды. Өйткені, жинаған дауыстары арасында асқан алшақтық байқалмайды. Мәселен, 635 сайлаушының 259 дауысын Ризабек Кетиков иеленсе, 148 азамат үміткер Бекзат Рахимовқа дауысын берген, ал 206 тұрғын Асқар Хамитовты таңдапты. 3 сайлаушы барлығына қарсы екенін білдірген. Ал жеңіске жеткен Ризабек Рыспекұлы 1988 жылы туған, «Ырыс» фермерлік қожалығына басшылық етеді.
Аққулы ауданының сайлау комиссиясының ақпарына сәйкес, үш ауылдық округте сайлау өткен. Мұнда екі ауылдық округтің бұрынғы әкімдері қайтадан сайланды. Баймолдин ауылдық округінің әкімі болып Қайрат Омаров қайтадан сайланды. Ол 270 сайлаушының 205 дауысын жинап, үш үміткер ішінен үздік болды. Жамбыл ауылдық округіне де ауылдастары бұған дейін елді мекенге жетекшілік еткен Нұрман Айтуғановты қайтадан таңдаған. Ол 499 сайлаушының 360 дауысына ие болған. Ал Майқарағай ауылдық округінде 219 сайлаушы өз таңдауын жасап, 195 дауыс жинаған Күлдарай Қасқырбаева әкім болып сайланды. Ол бұған дейін Майқарағай ауылының мектебінің директоры қызметін атқарған.
Баянауылдықтар Ақсаң, Бірлік, Сәтбаев ауылдық округтерінің әкімдерін сайлады. Ақсан ауылында төрт кандидат сайлауға түскен. Мұнда Төлеген Смағұлов басым дауыспен жеңіске жетті. Ол аудан әкімі аппаратында инспектор болып еңбек еткен. Бірлік ауылдық округіне Арман Мұсатаев қайта-
дан өз орнына жайғасты. Үміткер 389 сайлаушының 305 дауысына ие болды. Осылайша, ол ауылдастарының сенімін әрі қарай да ақтауға кіріспек. Сәтбаев ауылдық округіне Мұхтар Қайыр жетекшілік етеді. Сайлаушылардың басым дауысын иеленді. 1991 жылы туған Мұхтар Сайратұлы «Қайыр» шаруа қожалығының басшысы екенін айта кетейік.
Железин ауданында екі ауылдық округінің әкімі сайланды. Башмачин ауылдық округі әкімінің лауазымына үш үміткер таласты. 441 сай-лаушы дауыс берді. Нәтижесінде 348 дауыс алған, бұған дейін де аталмыш округке әкім болған Меруерт Мадағұлова қайтадан сайланды. Ал Қазақстан ауылдық округінде 285 сайлаушы таңда жасады. Олардың басым бөлігі екі үміткер ішінен Жастілек Саткановты таңдады. Бұл азамат бұған дейін Буденов негізгі мектебінде мұғалім қызметін атқарған.
Ертіс ауданында Ертіс ауылы мен Қоскөл, Панфилов, Сілеті ауылдық округтерінің әкімдері сайланды. Алғашқысына 3203 сайлаушының 1970 дауысына ие болған Дәулет Әлкенов әкім болды. Ол бұрын да аудан орталығына басшылық еткен. Қоскөл ауылдық округінің тізгінін үш үміткер арасынан оза шыққан Дулат Төлегенов ұстайды. Бұл азамат бұған дейін аудандық әкімдік аппаратының бас маманы қызметін атқарған. Панфилов ауылдық округінің әкімі болып қайтадан Асылбек Кәрібаев сайланды. 463 сайлаушының 353-і аталған азаматқа сенім білдірген. Сілеті ауылдық округі әкімінің тағына Жеңіс Батырғожинов жайғасты. 281 сайлаушының 221-і осындай таңдау жасаған. Ол Бірлік негізгі мектебінде директор болған.
Тереңкөл ауданына қарасты Әулиеағаш ауылдық округінің әкімі болып Оксана Жаркина қайтадан сайланды. 227 сайлаушының 147-сі бұрынғы әкімдерін таңдауды жөн көрген. Жаңабет ауылдық округінде жаңа әкім сайланды. Бұл қызметті Серік Бахтияров атқарады. Бұған дейін ветеринариялық станцияда ветеринарлық санитар болған ол 257 дауыспен жеңіске жеткен. Томарлының тізгінін Ерік Құсдәулетов әлі де ұстай береді. Төрт жыл қызмет еткен әкімдеріне ауылдастары тағы сенім артып отыр.
Шарбақтыда тек Шалдай ауылдық округінде де ғана әкім сайлауы өтті. Мұнда 699 сайлаушы дауыс беріп, нәтижесінде 378 дауысқа ие болған Ерғанат Қайкен әкім атанды. Бұған дейін ол Павлодар қаласы әкімінің аппаратында бас маман болған.
Осылайша, бұл жолы аймағымызда 20 ауылдық округ пен екі ауылдың әкімі сайланды. Олардың ішінде 9-ы бұған дейін сол елді мекендерге басшылық еткен. Яғни, қайтадан ауылдастарының сеніміне ие болды. Әр орынға 2-4 үміткерден таласқан.
Жалпы, Мемлекет басшысы да елімізде 2021 жылы алғаш рет ауылдық округ, ауылдар мен кенттердің әкімдерін тікелей сайлауы өткенде бұл саяси науқанның маңызын атап өткен еді. Яғни, Қазақстанда халықтың 40 пайызы ауылдық елді мекенде тұратындықтан аталмыш саяси бастама ауыл тұрғындарының мүддесі үшін қолға алынғанын атады. Сондай-ақ, Президент мұндай сайлау науқандары барша тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашатынына сенім білдірген еді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.