Серіктестікті нығайтуға ниетті

Шіл 3, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Ресей Федерациясы Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко бастаған делегация өңірімізге жұмыс сапарымен келді. Іссапар барысында өңіраралық ынтымақтастық мәселелері бойынша жиын, кәсіпкерлер кездесуі өтті. Сондай-ақ, шетелдік меймандар өңірдегі бірнеше кәсіпорынға барып, жұмыс барысымен танысты.

Облыстық әкімдікте өткен жиын барысында көлік, логистика, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы әріптестік әлеуеті, Ертіс өзенінің стратегиялық ресурсын ұтымды пайдалану мәселелері талқыланды. Облыс әкімінің міндетін атқарушы Серік Батырғожинов әлеуметтік-экономикалық интеграцияның негізгі факторларының бірі — шекара маңындағы өзара қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтті.

— Біздің өңірлерді қолайлы географиялық жағдай мен тату көршілік қатынастар ғана емес, тұрақты экономикалық әріптестік байланыстырады, — деп атап өтті ол. Облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева мен Омбы облысы үкіметі төрағасының орынбасары Андрей Шпиленко екі өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырды. Бұл өз кезегінде  негізгі салаларды және кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын белгілеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, «Сибирь», «Омская», «Электроточприбор», «Агрофирма Таврида», «Соляное» және тағы да басқа Омбы компанияларымен байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.

Атап өтерлігі, біздің өңірден көршілес елге алюминий, көмір, глинозем, полипропилен өнімдері мен кабель-өткізгіштер жеткізіледі. «Қазақстан алюминийі», «Қазэнергокабель», «Богатырь Көмір», «Нефтехим LTD» сияқты ірі кәсіпорындар шетелдік әріптестермен тұрақты серіктестік байланыс орнатқан. «МолКомПавлодар», «Рубиком», «Turkey PVL» сынды өңдеу орындарының өнімдері де Ресей нарығында жоғары сұранысқа ие.

Жиын барысында мәдениет, білім беру, жастар саясаты және спорт саласындағы бірлескен бастамаларға да ерекше назар аударылды. Мұражайлар мен кітапханалардың нәтижелі жұмысы, Омбы облысындағы қазақ диаспорасымен өзара қарым-қатынас атап өтілді. Кездесу қорытындысы бойынша өңірлер арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, алдағы уақытта іске асырылатын бастамалар келісілді.

Іссапар бағдарламасы екі өңірдің кәсіпкерлері арасындағы байланыс биржасы (B2B) форматында өткен Достық үйінде жалғасты. Ертіс өзенінің әлеуетін пайдалану мәселелері бойынша жеке жиналыс өтті. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі, Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері, Омбы облысы үкіметінің мүшелері бірлескен көліктік-логистикалық және экологиялық жобаларды іске асыруды талқылады. Ертістің су ресурстарын ұтымды пайдалану өнеркәсіптік, аграрлық және кеме қатынасы секторларының орнықты дамуының маңызды элементі ретінде қарастырылды. Осы орайда өзеннің туристік-мәдени әлеуетіне аса назар аударылды. Айталық, соңғы 10 жылдан бері «Ертіс – достық өзені» бірлескен жобасы жүзеге асуда.

Омбылық делегация сапар барысында «Павлодар өзен порты» АҚ жұмысымен танысып, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы «УПНК-ПВ», «HAGI-Павлодар» (ZENITH) зауыттары мен Павлодар ауданындағы «Agro-Trade PV» кәсіпорнында болды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген — В.Бугаев.