Бірінші лигада жасыл алаңда өнер көрсететін павлодарлық «Ертіс» футбол клубы жеңісті сериясын жалғастырды. Бұл жолы Орталық стадионда «Жетісай» командасын қабылдаған біздің жігіттер қарсыласты тізе бүктіріп, үш ұпай еншіледі.
Бірінші лиганың 18-турында жергілікті клуб «Жетісай» командасын қабылдады. Төрешінің ысқырығы шалына сала Темірлан Төребек өз айып алаңында шалыс басып, автогол салды. Соның есебінен қарсыластар 2-минутта-ақ алға шықты. Павлодарлық аяқдопшылар болса, жағдайды реттеу үшін жылдам әрекетке көшті. Сөйтіп, ойынның 11-минутында «Ертістің» үздік сұрмергені Арман Смаилов есепті теңестірді. Форвард үшін бұл чемпионаттағы 11-гол болып тіркелді. Ал кездесудің 30-минутында Арман Кеңесов қарсылас қақпасына допты дәл бағыттап, есепті еселей түсті. Командалар осы есеппен үзіліске тарқасты.
Алаң иелерінің өткір шабуылдары екінші таймда да жалғасын тапты. Ойынға тың серпінмен қосылған Матвей Герасимов «Жетісай» командасының қақпасына допты тоғытты. Қорытынды есеп – 3:1. Осылайша, «Ертіс» бес матч бойы жеңісті серияны жалғастырып, 42 ұпаймен турнирлік кестенің екінші сатысында келеді. Көшбасы – «Каспий» командасының қоржынында 44 ұпай бар.
— Қиын ойын болды. Қате-леспесем, бұған дейін «Жетісай» командасының қақпасына қарсы-ластарының ешқайсысы үш гол салмаған. Біздің жігіттер бұл «дәстүрді» бұзып, жеңіске жетті. Ойыншыларға қайсарлығы, жігерлілігі үшін алғысымды айтамын. Қатарынан екінші ойында жеңіліп жатып, жеңіске жеттік. Бүгінгі кездесудің басы сәтсіз болғанымен, команда жиналып, алға ұмтылып, басым түсті. Бұл жігіттердің мінезділігін көрсетеді деп ойлаймын. Шыны керек, мұндай ұзақ біріншілік кезінде қарқынды ұстап тұру қиын. Соған қарамастан, жергілікті жанкүйерлер алдында алаңға шыққан спортшылар барын салды, — деп матчқа баға берді «Ертістің» бас бапкері Ринат Әлеуетов.
Павлодарлық команда келесі матчты бүгін, 21 тамыз күні, Шымкент қаласындағы «Намыс» стадионында «Оңтүстік Академиясына» қарсы өткізеді. Ойынның тікелей көрсетілімін сағат 17.00-де «KFF League» Youtube арнасынан көруге болады.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.