Жерлестер жеңімпаз атанды

Там 21, 2025

Таяуда облысымызда бокстан екі бірдей ірі турнир өтті. Бірі Баянауыл ауданы әкімінің кубогын сарапқа салған республикалық жарыс болса, екіншісі — Абай Татиев пен Елеусіз Дүйсековті еске алуға арналған мемориалды сайыс. Байрақты бәсекелерде жерлестеріміз жеңіс тұғырына көтеріліп, чемпион атанды.

Баянауыл баурайында өткен дәстүрлі жарысқа Моңғолия мемлекеті, Алматы, Астана, Шымкент қалалары, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау, Қарағанды облыстары, сондай-ақ Павлодар қаласы, Екібастұз, Ақсу, Баянауыл ауданынан барлығы 158 жас спортшы қатысты. Турнирдің ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Альмира Дисюпова, облыстық мәслихат депутаты Арман Рахман, спорт бөлімінің өкілдері қатысып, жүлдеге таласуға келген өрендерге сәттілік тіледі.

Жеткіншектер арасында өткен жарыс бес күнге созылды. Ақтық сынға кіл мықтылар жолдама алды.

— Жалпы, бәсеке тартысты өтті. Жас спортшылар 35 келіден бастап 15 салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шықты. Жарыс ережелері қатаң сақталып, құжаттар мұқият тексеріліп, әділ төрелік болды. Турнирге Азия чемпиондары мен халықаралық додалардың жүлдегерлері де қатысып, бәсекенің деңгейін арттыра түсті, – деді бокстан аға жаттықтырушы Наби Абай.

Бұл ретте баянауылдық бокс-шылардың бағы басым болғанын атап өту керек. Аудан абыройын қорғап шыққан 11 жасөспірімнің бесеуі жүлдеге қол жеткізді. Атап айтқанда, 37 келі салмақ дәрежесінде Берік Айхан, 40 келі салмақта өнер көрсеткен Кожахмет Рунар және 52 келі дәрежесінде Нұрислам Ақышев турнир чемпионы атанды.  35 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Ернұр Сағидоллаев пен 67 келі салмақтағы Әлихан Меңдешев үшінші орын иеленді. Сонымен қатар, Берік Айхан «Үздік боксшы» атанды. Жеткіншектерді жарыс жолына Виталий Дюбченко, Айбат Шукелов, Мақсұт Махмұткерей, Азамат Смағұлов дайындайды.

Ал облыс орталығында Абай Татиев пен Елеусіз Дүйсековті еске алуға арналған бокстан дәстүрлі мемориал өтті. Оған да еліміздің түкпір-түкпірінен 80-нен астам мықты спортшы жиналды. Жарыс қорытындысы бойынша, павлодарлықтар 8 медаль еншіледі. Оның ішінде 48 келіде қолғап түйістірген Уәлихан Рамазан жылдамдық пен жақсы техника көрсетіп, қарсылас шақ келтірмей, алтын медаль иеленді. Сол сияқты 55 келі салмақ дәрежесінде Ілияс Сүлейменов жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсете білді. Сөйтіп, жарыс жеңімпазы атанды.

— Жарыс жоғары деңгейде өтті. Жалпы, Павлодар облысы мұндай бәсекелерді жан-жақты ойластырып ұйымдастырады. Сайыс барысында ешқандай қиындық пен қолайсыздық туындаған жоқ. Соны ерекше атап өту керек. Спортшылар да жақсы қырынан көрінді. Әсіресе, ақтық бәсекелер тартысты өтті. Мұндай турнирдің нәтижесінде әлемдік деңгейдегі болашақ чемпиондар шыңдалып шығады, — деп түйіндеді ұлттық деңгейдегі төреші Аслан Егубаев.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.