Адамзаттың асылы, Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жарық дүниеге келген айы барша мұсылман қауым үшін қасиетті де қастерлі уақыт болып саналады. Алла Елшісі мұсылман күнтізбесіндегі Рәбиғул-Әууәл айының 12-сінде дүниеге келген. Бұл күнді мұсылман қауымы «Мәуліт мерекесі» деп атап, Пайғамбардың өнегесі мен үлгісін, мінезі мен тақуалығын паш ететін түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Мерекенің мәні мен маңызы жөнінде Ақсу қалалық мешітінің бас имамы Әбдімүтәліп Омаровпен әңгімелескен едік.
— Әбдімүтәліп аға, мұсылман жамағаты үшін қастерлі Мәуліт мерекесі құтты болсын! Осы айдың артықшылығы мен ерекшелігі туралы айтсаңыз…
— Мәуліт айы – Пайғамбары-мыздың өнегелі өмірін насихаттап, сүннет амалдарын дәріптеудің, дініміздің асыл құндылықтарын ұлықтайтын берекелі де мерекелі ай. Бұл айда мешіттерде Аллаға мадақ айтылып, Пайғамбарымызға салауат жолданады, мәуліт жыры оқылады. Алла Тағала Құранда: «Расында, Алла және оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады: «Уа, иман келтіргендер! Сендер де оған салауат айтып, сәлем жолдаңдар» деп бұйырған. Ал Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кім маған бір салауат айтса, Алла оған он салауат айтады» деген. Тағы бір хадисте: «Кім маған бір салауат айтса, оған Алла он салауат айтады, оның он күнәсін кешіреді әрі дәрежесін он есеге көтереді» деп сүйіншілеген. Мәуліт мерекесінің астарында Пайғамбардың парасатын дәріптеу, қайырымдылығы мен мейірімділігін, даналығын насихаттау жатыр. Міне, осы арқылы адамдарды ізгілікке баулитын боламыз.
— Пайғамбардың туған күні – Мәуліт мерекесін тойлау үрдісі қашан басталған?
— Пайғамбарымыздың (с.а.у) көзі тірісінде туған күнін атап өту үрдісі атымен болмаған. Адамзаттың асылы одүниелік болған соң да сахабалар дәуірінде, тіпті одан кейінгі кезеңде де мәуліт мейрамы аталып өткен жоқ. Рәбиғул-Әууәл айы қасиетті ай ретінде тек 10 ғасырда ғана Мысыр жерінде аталып өте бастады. Яғни, Фатимиттер патшалығы құрылып (909-1171 ж), Әл-Муғиз Лидиниллаһ есімді төртінші халифасы уақытында алғаш рет Мәуліт мейрамына ресми мәртебе берілді. Сол уакыттан бастап Мәуліт мейрамы Мысыр жерінде кең тойлана бастады. Ал біздің елде Алла Елшісінің туған күні 2010 жылдардан кейін кең көлемде аталып келеді. Асыл дінімізді мадақтайтын мәнді де мағыналы жыр-термелер орындалады, Алла Елшісінің көркем мінезін көрсететін түрлі қойылымдар қойылуда. Осы арқылы қаншама жастарымыздың Алланың ақ жолын тануға, қаншама үлкендеріміздің басын сәждеге тигізуге ықпал еттік. Осы арқылы барша дін қызметкерлері бүкіл
қоғамға бір үлкен рухани түлеу, рухани серпілу әкелді деуге
болады.
— Мәуліт айында қандай амалдар жасау керек?
— Мәуліт айының маңызы зор, себебі бұл айда мұсылмандар өздерінің рухани жолына көз жүгіртіп, Пайғамбардың (с.ғ.с) өнегелі өмірінен үйренуге тырысады. Себебі Исламда ол кісінің өмірі үлгі ретінде қарастырылады және оның сүйіспеншілігі мен адамгершілігіне еліктеу әрбір мұсылманның міндеті болып саналады. Мәуліт айында мұсылмандар Пайғамбарды мадақ-
тап, оның адамзатқа әкелген исламдық құндылықтарын, оның ішінде әділдік, шыншылдық, мейі-рімділік және сабырлық секілді қасиеттерді еске алады. Сонымен қатар, мешіттерде арнайы дұғалар оқылып, Құран хатым жасалады. Бұл айда мұсылмандар қайырымдылық жасап, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуы керек. Бұл күндері жамағаттар мешітке молынан жиналып, имамдардың өнегелі насихат сөздерін тыңдап, содан ой түйе білуі керек. Одан бөлек Алла Елшісінің пәк рухына арнап, салауат айту дәстүрі де кеңінен таралған.
— Өзіңіз басқарып отырған Ақсу қалалық мешітінде
және соған қарасты мешіт-терде қандай шаралар ұйым-дастырылуда?
— Ақсу ауылдық аймағы көлемінде 12 мешіт бар. Одан бөлек екі мешіт салынып жатыр. Олар — Үштерек және Гагарин елді мекендерінде. Ал Мәуліт айын біз мүмкіндігінше жамағат үшін пайдалы әрі берекелі өткізуге тырысамыз. Қасиетті ай кіргеннен бастап әр ауылдың мешіттері түрлі деңгейде іс-шаралар ұйымдастырады. Ақсу қалалық мешітінде қорытынды кеш ұйымдастырылып, онда мәуліт жыры оқылады. Пайғамбардың өмірі мен тарихын таныстырып, сол арқылы ұлылықты, тақуалықты дәріптейміз. Сондай-ақ, жиналған жамағат арасында сұрақ-жауап сайысы өткізіліп, сыйлықтар беріледі. Содан кейін қатысқан жамағаттарға мәуліт дастарханы жайылып, үлкен ақсақалдардың ақ батасын алып, еліміздің тыныштығы, халқымыздың амандығы үшін дұға жасалады.
— Әңгімеңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан — Тілеуберді САХАБА.