Жақсылық жасағанда жаным жадырайды

Қыр 11, 2025

Павлодар қаласындағы Гагарин саябағына жолыңыз түссе, ерекше әрі еңбекқор азаматтың әрекетіне сүйсінеріңіз сөзсіз. Өзіңіз ойлаңызшы, отыз жылдан астам уақыт арбаға таңылса да, таусылып отырған жоқ. Тіршілік істеуге күш тауып отыр. Үш жыл бұрын ойға алған идеясын біртіндеп кішігірім кәсіпке айналдыра алды. Бір сағаттай тілдестім. Жүзінен шуақ шашылады. Өзі қауқарсыз болса да, қарекет жасауға ұмтылысын айтсаңызшы. Былай қарағанда өзіне жәрдем керек жан ғой, бірақ ол өзгеге қол ұшын беруге асық. Бұл — бүгінде аталмыш саябақта сәбилердің сүйікті атасына айналған Ақылбек Раисов есімді азамат. Өмірге құштар жанмен аз-кем әңгімелескен едік.

Отырудың өзі арман еді…

Ақылбек Бахтиярұлының саябақта мүгедектерге арналған арбасына ойыншық машинкаларды тіркеп, оған балаларды отырғыза ары-бері айналдырып, серуендетіп жүргенін көрген боларсыздар. Осыдан үш жыл бұрын осындай идеяны ойына алған азамат бірден іске асыруға кіріседі.

— Таңнан кешке дейін төрт қабырғада қамалып отыру кім-кімді де қажытады ғой. Бір кездері шәйнектерді жөндеп, қызмет еткенім бар. Негізі, телешебер болғам. Тігін машинкасымен іс те жасадым. Кішігірім қолғап тігу қолымнан келеді. Кейде арбаммен саябақтарды аралап, адамдармен тілдесіп, уақыт өткізіп келемін. Көпшілмін. Адамдармен әңгімелескенді, пікір алмасқанды жақсы көремін. Меніңше, әрбір мүмкіндігі шектеулі жан қарым-қатынас, тілдесуді қалап тұрады. Гагарин паркіне мұндай жандар көптеп келеді. Танысып, білісіп, ортақ тақырыпта сөйлесіп, уақыт өткіземіз. Отағасы болған соң отбасыңа табыс әкелуді қалайсың, көмектескің келеді. Содан бір күні немен айналыссам болады деп ойланғаным бар. Ойлана келе, арбама машина тіркеп, балаларды ойнатуды шештім. Olx арқылы қолданыста болған біреуін сатып алып, үш жыл бұрын бастап көрдім. Қызығушылық бірден барын байқадым. Тіпті, бір машинка аздық ететінін көрдім. Тағы сатып ала бастадым. Жанашыр жандар өздері әкеліп сыйлағандары да бар. Кейін бөліп төлеу арқылы сатып алдым. Бауырымның бірі жәрдемдесіп, арбаға тіркеуді реттеп алып, саябақтағы жұмысыма кірісіп кеттім, — дейді Ақылбек аға сүйікті ісін бастаған алғашқы сәттерін еске алып.

Осындай кәсіппен үшінші жыл айналысып келеді. Әйелі Айнагүл бүгінде Ақылбек ағайдың бар жағдайын жасап отыр. Балалар отыратын көліктерді бір-бірлеп сүртіп, тазартып, жолға дайындау да — жарының мойнында.

— Мен біреудің жәрдемінсіз отыра да, жата да алмаймын. Бала кезімнен мүгедектігім бар. Бірақ, аяғыммен жүретінмін. 1994 жылы қатты суық тиіп, арбаға таңылдым. Жолда көлік күтіп, қыста көп тұрып қалдым. Күндізгі 12-ден 5-ке дейін күттім. Тоқсасншы жылдары ағылып жатқан көлік жоқ кез ғой. Бір жүк көлігі келіп тоқтады. Ет артып бара жатқан азаматтар екен. Тек үстінде орын бар екен. Еттің үстіне жабылған презентке жайғасуға тура келді. Алдында көлік күтіп тоңғаным бар, отырып тағы суық өтті. Сөйтіп, белден сіңір тартып, жатып қалдым. Ол кезде 27 жаста едім. Міне, отыз жыл болды содан бері, — дейді Ақылбек Раисов өмірін өзгерткен кезді баяндап.

Екі жыл төсек тартып жатып қалыпты. Тамақты да анасы қасықтап беріп, күтім жасаған. Жата-жата денесі шіри бастаған. Тоқсаныншы тоқырау жылдары ауыр тиеді. Бір күні үйіне келген дәрігер анасын жеке шақырып алып, «балаңыз адам болмайды, дайындала беріңіз» деген екен. Бұл сөзді Ақылбек ағай естіп қалады.

— Сол сәтке дейін жүріп өткен жолым көз алдыма келді. Жіберген қателіктерім де тізіліп өткендей болды. Бірден есімді жинап, Алладан кешірім сұрап, рақым беруді жылап жатып өтіндім. Тым болмаса, отыру мүмкіндігін нәсіп етуді сұрадым. Содан кейін біртіндеп ауруым жеңілдей бастағандай болды. Бүгінде шүкіршілік етемін, отыруға шамам бар, — дейді кейіпкеріміз.

Өмірдің сыйы

Алғашында анасы Орынгүл, туыстары, бауырлары бар жағдайын жасаса, қазіргі таңда өмірлік серігі Айнагүл ханым тәулік бойы қасынан табылуда.

— 13 жыл бұрын жарымды жолықтырдым. Менің бар болмысыммен қабылдап, өмір жолын түйістірді. Ортақ баламыз болмаса да, жарымның қос қызғалдағын бауырыма бастым, баламдай қабылдадым. Ол кезде біреуі 14-те, екіншісі 11 шамасында еді. Екеуіне әкелік мейірімімді төгіп келемін. «Папа» деп атайды. Қос қызымның қалауын орындаудан шаршаған емеспін. Олар — маған Алланың берген сыйы. Құрметтеймін, бар ойларын тыңдаймын. Ақылыма сүйеніп жатады. Бүгінде бір жиенім бар. Міне, осы жиенімді қуантып, арбама машинканы тіркеп жүріп, қазіргі кәсіп басталған еді, — дейді Ақылбей Раисов.

Жарының бар қиындыққа шыдап, барлық жағдайын жасап отырғанына риза.

— Әйелім мектеп диреткорлығы қызметіне дейін атқарған. Қос дипломын ысырып қойып, маған тұрмысқа шықты. Ол өте мейірімді, көңілі шынайы. Бәріне өте қамқоршыл. Оған оңай емес екенін көремін. Менің мүмкіндігім шектеулі. Таңертең тұра сала массажын жасайды. Бар күтімімді жасап отыр. Ас-суымды әзірлеп, бар тәттісін алдыма тосады. Өздігімнен не тұра, не отыра, не жата алмаймын. Міне, осының бәрін әйелім атқарып келеді. Бірақ, оның бәрін шын көңілмен жасайтынын білемін. Мені жақсы көретіндіктен екенін сеземін, — дейді Ақылбек ағай.

Тегін ойнатады

Мұндай мейірімділік, жанашырлық Ақылбек ағайдың да бойында тұнып тұрғанын аңғардым. Өйткені, саябақта балаларға қызмет көрсеткенде ақшаға құнықпайды. Жағдайы келмей тұрған ата-аналардың балаларын көліктеріне отырғызып, саябақты тегін бір айналып шығады.

— Саябаққа ата-аналар балаларын ертіп келеді. Арасында көпбалалылары бар. Жеке-жеке пультпен жүретін машинкалардың бағасы қымбат. Олар бес минутқа ғана береді. Мен олардан арзан ұстаймын. Өйткені, адамдардың бәрінің жағдайы келмейді. Ал көпбалалы отбасылардың балалары мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тегін отырғызамын. Бес минутта балалардың ойыны қанбайды. Сондықтан 10-15 минутқа дейін жүріп қайтамыз. Баласын отырғызған ата-аналар да тынығып, бір сәт демалып алады. Арнайы колонка алғанмын. Балалар қызыға тыңдайтын музыкамды қосып аламын. Кейде балалар 15 минутта ұйықтап қалатын кездер де болады. Балалардың қуанған сәтінен мен қуат аламын, біреуге пайдам тиіп жатқанына балаша шаттанамын, — дейді кәсіпкер азамат.

Ауа райына қарап, күнде кешке қарай Ақылбек ағай саябаққа арбасымен аяңдап жетеді. Алайда, үйінен шығарда ауладағы балақайларды бір жүргізіп кетуді әдетке айналдырған екен. Ауласындағы балалар да аталап алыстан жүгіре жететін көрінеді. Қыста да қол қусырып отырмайды. Даланың суықтығына байланысты күнде шықпаса да, арасында барып, шана немесе сырғанауға арналған тюбингті тіркеп, балаларды қыс қызығына бөлейді.

Ештеңеге өкпем жоқ

15 жыл кезекте тұрып, пәтерлі болған Ақылбек Раисов Павлодарда өзі сияқты жандарға кедергісіз орта барын айтады.

— Қаламыз бізге өте ыңғайлы. Жаяу жүргіншілер жолы да жасалып жатыр. Дүкенге, шаштаразға арбаммен өзім-ақ барып келемін. Құрал-сайман қажет болса, алыстағы дүкендерге де бара аламын. Бұл жағынан еш кедергі көрмеймін. Әрине, ұсақ-түйек кемшілік бар. Олар жойылады деп ойлаймын. Қаланың адамдары да мейірімді. Қыста арбаммен қардан өте алмай қалсам, балаларға дейін жүгіріп келіп, жәрдемдесіп жатады. Сондықтан ештеңеге өкпелеп, шағымданбаймын, — дейді кейіпкеріміз.

Ол еркін тыныс алатынына, ауқаттанып, арлы-берлі қатынап, елмен тілдесіп, араласып жүргеніне шүкіршілік етеді. Бір кездері тыныс алу да, ас алып ішу де ол үшін арман еді.

— Өмір бір рет беріледі. Қол-аяғың қозғалып тұр ма, риза бол. Әр сәтті бағалай білу керек. Отбасымызбен бос уақытты бірге өткізіп, мағыналы істерге арнағанды жақсы көреміз. Үй шаруасын да бірлесіп атқарып, бір-бірімізге мейіріммен қарауды әдетке айналдырғанбыз. Жалпы, өмірде баланы жиі құшақтап, мейірім көп бөлу керек. Олардың өміріне қатысып, әр қалауына назар аудару қажет. Қазіргі таңда көп отбасында осы мейірім аздай көрінеді. Кейде отбасы үшін жауапкершіліктен қашатын ер азаматтардың әрекетіне қарным ашады. Кейбір ерлер бар, арағы мен темекісіне ақша табады. Ал баласын, отбасын асырауды ұмыт қалдырады. Олар жұмыс жоқ деген сылтау айтып, ақталғылары келеді. Меніңше, мәселе жұмыссыздықта емес, өздерінің енжарлығында, жалқаулығында. Мұндай адамдарды түсінбеймін. Отбасы үшін жауапты екенін ұғынса деймін. Баласы мен әйелінің тоқ жүруіне басымен жауап беретінін білсе деймін, — дейді Ақылбек Бахтиярұлы.

Өз басым айналамда балалы жас отбасыларды көргенде қуанамын, ерінбей батамды беремін. Бала — өмірдің жалғасы ғой. Айтпақшы, Ақылбек ағай саябақта балалардың құмда ойнайтын орнын да жасақтап, ойыншықтар сатып алып, әкеліп қойған екен.

— Біреуге бақыт сыйлағанды жақсы көремін. Өзім апарған ойыншықтармен құмда асыр салған балаларды көріп, қуанып отырамын. Жақсылық жасау әркімнің қолынан келеді. Осындай күйдің өзінде менің қолымнан келіп тұрған дүниеге бәріңіздің шамаңыз жетеді. Мен жасаған жақсылықты біреу көріп, әрі қарай жалғастырады. Бұл тізбек үзілмей жалғаса берсе, қоғамымыз да жайлы болмақ. Айнала жақсылыққа, мейірімге толы болмақ, — деп түйіндеді әңгімесін өмір көрген шуақты жан.

Иә, жақсылықтың үлкен-кішісі жоқ. Әр әрекетімізден мейірімділік, жанашырлық, қамқорлық лебі есіп тұрса, қандай ғанибет!

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген –Есенжол Исабек.