Жастар назарында — «Жас Абай»

Қыр 11, 2025

Аймағымыздың рухани қара шаңырағына айналған Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ-музыка драма театры кезекті 36-ншы маусымын ашты. Жаңа маусымның шымылдығы ұлы ақын Абай Құнанбаевтың өміріне негізделген «Ерте ояндым, ойландым… Жас Абай» қойы-лымымен  түрілді. Спектакльді көрерменмен бірге облыс әкімі Асайын Байханов та тамашалады.

Театрдың көркемдік жетекшісі әрі спектакльдің режиссері Әділет Ақановтың сөзінше, бұл туындының премьерасы 2020 жылы, яғни Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай өткен еді. Енді араға 5 жыл салып ақынның 180 жылдық мерейтойында сахналауды жөн көрген.

— Бұл қойылым белгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының «Қайтқанда» бөлімінен алынған. Яғни, сол бөлімде жас Абайдың ерте ержетуі, Қодар мен Қамқаның өлімі секілді психологиялық жақтары сахналанды. Мұнда басты кейіпкердің жастық шағы ғана емес, сонымен қатар қазақ қоғамының әлеуметтік жағдайы, би-болыстар арасындағы қайшылықтар, ру ішіндегі тартыстар бейнеленген. Абайдың әділетке, адалдыққа ұмтылуы алғаш осы тарауда айқындала бастайды, — дейді Әділет Мерханұлы.

Театрдың көркемдік жетекшісі, сондай-ақ, қазіргі уақытта екі премьерамен Жезқазған, Ақтөбе қалаларында өтетін республикалық театр фестивальдеріне дайындық қызу жүріп жатқанын атап өтті.

— Бұл маусым біз үшін ерекше болмақ. Себебі, биыл театрымыздың құрылғанына 35 жыл толып отыр. Оған қоса, екі бірдей театр фестиваліне қатысуды жоспарлап отырмыз. Олар – 12-17 қыркүйек аралығында Жезқазған қаласында өтетін Жанат Хаджиев атындағы IV халықаралық театр фестивалі мен 23-27 қыркүйек аралы-ғында Ақтөбе қаласында өтетін Қ.Шаңғытбаевтың 100 жылдығына арналған VII халықаралық «Balausa» эксперименталды спектакльдер фестивалі. Фестивальдер барысында өткен жылы тұсауы кесілген Б.Брехттің «Пері қатын» классикалық туындысын сахналауды жөн көрдік. Сондай-ақ, осы жылдың соңына дейін 4 спектакльдің, ал маусымның соңына дейін тағы 2 спектакльдің премьерасын жоспарлап отырмыз. Мәселен, алғашқы қойылым ұстаздарға арналған. Онда ұстаздардың қоғамдағы рөлі мен мәртебесі туралы сөз қозғалады. Бағыты – әлеуметтік драма. Одан соң танымал жазушы Оралхан Бөкейдің «Жылымық» қойылымының премьерасы өтпек. Аталған қойылымдар келесі айда сахналанбақ. Одан бөлек, кішкентай көрермендерімізге де арнаған тосынсыйымыз бар. Ал облысымыздың аудан-қалаларына және өзге өңірлерге сапарымызды келесі жылдың көктем айларына жоспарлап отырмыз, — дейді ол.

Жаңа маусымның алғашқы қадамы Абайға тағзымнан басталуы қазақ театрының рухани бағдарын айқындағандай. Ұлы ойшылдың бейнесі арқылы сахна өнері көрерменді терең ойға жетеледі. Бұл маусым көрермен үшін де, ұжым үшін де мазмұнды, жаңашыл әрі әсерлі болары сөзсіз.

Маржан МАРАТҚЫЗЫ,  театр көрермені:

— Абайды сахнадан көру – ерекше сезім. Себебі, біз ұлы ақынның өлеңдерін, өмірбаянын кітаптардан ғана оқи-тынбыз. Ал сахнада тірі тұлғаны көргендей болдық. Әсіресе «Абай жолы» роман-эпопеясының «Қайтқанда» бөлімінде жас Абайдың елге оралу сәті ерекше әсер етті. Табиғатпен үндескен жас жігіттің жан дүниесі мен әділетке ұмтылысы бүгінгі қоғамдағы мәселелерді еске салды. Бұл қойылым бізді ойландырды, толқытты, өткенімізге тағы бір мәрте оралтты. Абайдың сөзі мәңгілік, ал сахналық бейнесі рухымызды жаңғыртып, келер ұрпаққа жол көрсетеді.

Айдана БОРАНБАЕВА.