«Сағып»-тың сағы неге сынды?

Қыр 18, 2025

«Сағып»-тың қымызы. Бір кездері павлодарлық бренд еді. Шыны құтыға құйылған ұлттық сусынымыз ірі супермаркеттердің сөреле-рінде самсап тұрды. Құдалықтарда ақ дәмнен құралған қоржынның сәні еді. Дертіне дауа іздеген жанның емі еді. Өңірімізге ғана емес, шетелде аты шыға бастағаны да көпшіліктің есінде болар. Ауылда емес, қаланың шетінде-ақ қазақтың сары қымызы сапырылып, сан жаққа жөнелтіліп тұрды. Ұлттық сусынымызға сұраныс артып, күбіден басталған қымыз өндірісі жеке бір цех болып ашылды. Заманауи құрал-жабдық алынып, шыны құтыларға құйылып, тұтынушының талғамынан шығып тұрды. Міне, осы «Сағып»-тың әр қадамын біздің «Saryarqa samaly» газеті оқырманға жеткізіп, сүйіншілеп келген еді. Өкінішке қарай, ұлттық сусынымызды ұлықтап жүрген кәсіпорын қиындыққа тап болып, ел сүйсініп ішетін қымыз сөрелерде көрінбей кеткеніне де біраз жылдың жүзі болды. Ол туралы бұған дейін де жаздық. Осы тақырыпқа тағы да оралуды жөн көрдік. Ұлттық сусын үшін бар күш-жігерін, білімін салған жан, «Сағып» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Төлеу Көкешқызы Құшмановамен тілдесіп, бүгінгі ахуалын білдік. Арман-мұратын тыңдап қайттық. Кезінде шетел асып, сұранысы артқан қымыз қазір қайда екенін сұрадық. Әлі де тұтынушысына таңдай қақтырған ұлттық сусынның дәмін таттыратын шақ туа ма деген сауалымызға да жауап алдық.

Бір биеден бастап едім…

— Төлеу Көкешқызы, қазіргі ахуалыңыздан бұрын оқырмандарымызға үлкен өндіріске дейін келу жолыңызды бір таныстырып өтсек…

— Қымыз өндірісіне кездейсоқ бір апаның жетелеуімен келдім. Бұл бір қызық жағдай еді. Павлодар қаласында жеке үйде тұратынбыз. Күйеуім ол кезде Ресейден жылқы әкеліп, семіртіп, сатумен айналысатын. Бір күні шай ішіп отырсам, есікті бір адам қақты. 70-тен асқан жас шамасындағы бір апа екен. «Осында Бақытжан деген жігіт жылқы сатумен айналысады екен, сіздерде сауынды бие бар ма?» деді. Үлкен кісі болған соң дастарқан басына шақырып, шай іштік.

«Қалқам, мен облыста қолымнан мықты-мықты азаматтар қымыз ішкен аналардың бірімін. Сол қымыз баптау өнерімді бір кісіге жеткізгім келеді. Бұл кәсіппен не қызым айналыспайды, не келіндеріме керегі жоқ. Осыны біреуге үйретсем. Қызығушылық танытсаң, кел» деп мекенжайын жазып беріп кетті. Сол айтқаны неше күн санамда жаңғырып тұрды. Күйеуім кезекті сапарынан келгенде «бие сауып, кәсіпке айналдырып көрсем» деген ұсынысымды айттым. «Сиыр саууды да білмейтін саған бие сауу қайдан?» деп ол қысқа қайырды. Бірақ, өтініп, табандап қоймап едім, келесі жолы бір сауынды бие әкеліп берді. Әлгі мекенжайын қалдырып кеткен апама барып, төрт күн бие сауып, қымыз баптауды үйрендім. Қолақтығын беріп, иығына шапанын жауып, үйге қонақ етіп, апамды шығарып салдым. Сөйтіп, бір биемен бастап кеттім. Алғашқы 10 литр қымызды сатып, ақшасына екінші ұлымның туған күнін жасадым. Ол кезде литрі 150 теңге еді. Кәдімгідей кәсіп, табыс көзі екенін көрдім, ұнаттым. Сөйтіп, кәсіпті кеңейте түстік. 2011 жылы кәдімгідей сертификаты бар жеке кәсіпкер болып тіркелдім. 2014 жылы жеке үйіміздің қорасында 25 бас бие сауып тұрдық. Бір үй аздық еткен соң үйімізге қарама-қарсы баспананы сатып алып, оған інім мен келінімді жайғастырып, қолғанат еттім. Күніне 40-50 мың теңге таза табыс түсіп тұрды. Көршілер қала ішінде мұнша мал ұстауды ұнатпай, ойларын аракідік айтып жүрді. Содан жеке зауыт ашу ойы келді. 2014 жылы елімізде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы басталып жатқан шақ. Кәсіпкерлерді жан-жақты қолдау бар. Банкке барып, жоспарымды айтып, қымыз зауытын ашқым келетінін білдірдім. Әлгі бағдарламамен несие алып, қала шетінен 3 гектар жер сатып алып, зауыттың құрылысын бастап кеттік. Әр кірпішін тасып, қалаған сәттің бәрі көз алдымда…

— Бұл сәттерден сол кездері ұлттық сусынды ұнататын әрбір адам хабардар болған шығар. Қымыздың да дәмі бөлек еді ғой…

— Сол бір биеден бастаған кәсібім қанатын кеңге жая бастады. Сұраныс артты. Қымызды бабына жеткізіп, тұтынушыға ұсынатынбыз. Біздің қымызды татып көрген әр жанның таңдайында дәмі қалатын. Кейбір қымызды ішкенде адам тітіркеніп жатады. Менің технологиям бойынша дайындалған сусын балқымыз сияқты, әдемі ішіледі.

Қымыз баптайтын жандар ол кезде де болды. Бірақ, менің арманым дүкен сөрелерінде өзге тауарлармен иық тіресе тұратын, заманауи қаптамадағы ұлттық өнім шығару болды. Оған да жеттім. Одан кейін арманым асқақтай түсті. «Мақсатымыз – қазақтың қымызын әлемге таныту» деп мұны ұраныма айналдырдым. Тіпті, бұл мақсатты плакатқа шығарып, цехтың қабырғасына да іліп қойған едім. Айтып қана қоймай, әрекет еттім. Автоматтандырылған өндіріс цехын іске қостым. Қытайдан барып, сусынды автоматты түрде құтыларға құйып тұратын заманауи жабдық, тұтас өндірістік желі әкеліп орнаттым. Қымызымның деңгейі де, сапасы да артты. Негізі, ҚР стандарты бойынша қымыздың сақталу мерзімі екі апта ғана. Мен өз стандартымды қорғап, 6 айға жарамдылық мерзімді дәлелдедім. Шыны шөлмектерге құйғанда оның ернеуі бала кезімде өзіміз қылқылдата жұтатын айранның бөтелкесіндей болғанын қаладым. Сондай етіп, тапсырыспен алғыздым. Өйткені, қымызды қылқылдатып ішпесе, дәмі таңдайда қалмайды. 0,5 және 0,33 литрлік шыны шөлмектерге тапсырыс беріп әкелткен едік. Пластик құтылармен де саудаладық.

Мен алдандым

— Сіздің өніміңіз өңірімізде ғана танылған жоқ. Шетел асты. Біріккен Араб Әмірліктеріне, Италияның Милан қаласында өткен EXPO халықаралық көрмесіне дейін жетті емес пе?! Ал қазір ше?

— Еліміздің беткеұстар әйелдері қатарында Мемлекет басшысының қабылдауында болдым. Жалпы, төрт рет Президентпен кездескен едім. Қымызымды еліміздің іскер делегациясымен бірге біраз елге апардым. Ресейдің Сочи қаласында екі ел Президентінің қатысуымен өткен алқалы жиынға барып, дәм таттырдым. Италияның Милан қаласындағы көрмеде ұлым көпшілікке ұсынды. Бір жылы Башқұртстанға әлемдік көрмеге апарып, талай жанды тамсандырдық. Сол кезде дәмін татқан адамдар әлі күнге дейін хабарласып, беріп жіберуді өтінеді…

Ал ең жұлдызды сәтім 2016 жыл еді. Пекинге Қазақстан делегациясымен бардым. 30 литр ұлттық сусынды шекарадан өткізу де оңай болған жоқ. «Ешкім қымызды татпайды» деген пікірлер де айтылды. Іс жүзінде, керісінше, болып шықты. Апарғанымды талап алды. Құртты да толық сатып алды. Таныстырылымда қымыздың бүкіл қасиетін айтып беріп едім, қызығушылық танытқандар көп болды. Бір кәсіпкер келісімшартқа отырды. Айына 30 тонна алғызып тұратынын құжатпен бекіттік. Енді Қазақстанға келген соң Қытайға сүт өнімдерін өткізуге рұқсат жоғын білдік. Содан әлгі кәсіпкер Павлодарға келіп, нотариустен рұқсат алып, келісім жасалды. Сол жылы «Құрмет» орденін алдым. Сондай-ақ, Астанада әуежайда шетелге шығаруға болатын қымызды анықтау үшін арнайы байқау өткен еді. Онда бірінші орын иелендім. Көп уақыт дәл осы әуежайдағы duty free дүкенінде біздің қымыз сатылып тұрды. Елордадағы Смолл, Магнум сияқты ірі супермаркеттерге тонналап өніміміз жеткізілетін. Әлі күнге дейін қайта сатылымға шыға ма деп сұрап тұрады. Ол кезде күніне 500 литр өндіріп тұрдық. «Алтын сапа» конкурсында 1-ші орын алғанымызды үйде отырып естіп, шу еткеніміз бар. Осындай жетістіктерге жетіп, құлдырап түстім.

Өмір болған соң жақсылық пен жамандық қатар жүреді екен ғой. Мен оңбай алдандым. Содан бері 8 жыл тоқырау, сегіз жыл сергелдеңмен өтті. Содан бері арпалысып, шаруашылықты ұстап тұрмын. Рейдерлік жолмен тартып алуға ұмтылыс та болды.

—  Мұндай мүшкіл күйге түсуге не себеп? Қай жерден қателік жібердіңіз?

— Атын атап, түсін түстеп айтпай-ақ қояйын. Басты себеп – аңқаулығым. Заңдық тұрғыдан сауатсыздығым деп ойлаймын. Қазақылыққа салынып, көрінгенге көңілімді жайғаным болар. Содан жапа шектім. Алданған адамыма кезінде қаржыны апарып отырғанымды қаттап, қағазға түсірмегенім бүйірімнен шықты. Әрине, жиырма жыл бойғы еңбегің еш кетейін деп тұрғанда жаныңа батады екен. Шүкір етем, құлаған сәтімде демеу болған азаматтар да аз емес. Банктер бүйірден қысқанда Астанаға да бардым. Онда да моралдік қолдау жасалды. Қаншама жыл талай есікті қақтым. Танып алғандар «әлі алысып жүрсіз бе? Қажыған жоқсыз ба?» дейді. «Жоқ» деймін. Неге десеңіз, өмірімнің 22 жылын арнаған ісімді оңайлықпен құрдымға кетіре салғым келмейді.

Негізі, 10 сыныптық қана білімім бар. Мектептен кейін тұрмысқа шығып, кейін жолдасымның шаш-бауын көтеріп, оқу оқымадым. Балалы болған соң екі ұл, бір қызым оқысын деп, соларға көңіл бөлдім. Ал қымыз өндірісінде апамның арқасында баптаудың мықты технологиясын меңгеріп алдым.

— Сонда қазір «Сағып» немен айналысып жатыр?

— 8 жыл қарыз өтеумен, күресумен күн өткіздім. Банктердің қудалауы болды. Сатамыз деп тістерін де батырды. Берілмей келе жатырмын. Қазіргі таңда сот бойынша еш дау жоқ. Бәрінен құтылдым. Тек «Аграрлық несие корпорациясына» берешек 62 млн теңгем бар. Кәсіпорын тоқтаған соң оны қайтару мүмкін болмай қалды. Шаруашылық ғимараттарының бір бөлігі сонда кепілдікте тұр. Олар сатып, қарызды жабуға бекініп отыр. Мен жоғары жақтарға барып, тоқтатқызып қоямын. Иә, сату оңай. Қазір менің жерім мен мүлкім 400 млн теңгеге бағаланып отыр. Қарызым — 62 млн теңге. Олар сатса, арзанға кетеді.

Ал алданған адамыма бір жеке үйімді беріп, тындым. Онымен медиациялық мәмілеге келдік. Қиналған сәтімде материалдық та, моральдік те қолдау көрсеткендер табылды. Қазір «Сағып» қымыз өндірмейді. Алғашқы үш жыл арпалысып жүріп, аз көлемде болса да, шығарған едім. Кейін мұрша болмады. Бүгінде шаруашылығыма тиесілі базаны жалға беріп отырмын. Бір азамат мұнда жылқы жемдеп, семіртіп сатумен айналысуда. Бұрын осында жұмысшыларым тұратын үйде өзіміз тұрып, шрауашылықты ұстап отырмыз. Әйтпесе, иен қалдырсаң талан-таражға түсіп кетеді. Жалға беруден түсетін қаржы қыста жылу, су, электр шығындарына жұмсалады. Қосымша ұсақ-түйек табыстарымызды керек-жарағымызға жұмсаймыз. Әйтпесе, өндіріс сол қалпында сақтаулы. Кәсіпті бүгін бастасаңыз да, бәрі істеп тұр.

Инвестор іздеймін

— Енді бұл тығырықтан қалай шықпақ ойыңыз бар?

— Әрине, арманым — кәсібімді қайта жандандыру, бұрынғы дең-гейіне көтеру. Дүкен сөрелерінде өңірімізден шыққан, құтыға құйылған қымыз көрмеймін. Сол ішімді ашытады. Қазір зейнеткермін. Білетінімді біреуге тапсырып, үйретіп кету — арманым. Бие сауу маусымдық қана емес, жыл-он екі ай жүргізіліп, елдің денсаулығына пайдалы сусын көптеп өндірілсе деймін.

Айттым ғой, арманым — қымызды шетелге шығару деп. Сегіз жылда бос жатпай, шетелге шығару үшін қажетті талаптарды зерделедім. Ең алдымен пастерилизациялау керек екен. Сонда жарамдылығы алты ай болады, сәйкесінше, шекара асыруға мүмкіндік туады. Дубайда, Түркияда павлодарлық қымыз құйылып, танылуына үлес қосқым келеді. Әрине, қол қусырып жатқан жоқпын. Көп есікті қағып жүрмін. Әзірше, сөзбен шығарып салуда. Бірақ, сенімім өлген жоқ. Әлі де үмітімді үзбеймін. Қолымда барды сатып, қарыздан құтылып, тыныш жата беруге болады. Балаларым да солай дейді. Оған жүрегім жібермейді. Қаншама еңбегімді бір шалындым деп зая кетіргім келмейді. Шаруашылық сатылады деп келетіндер бар. Алайда, олардың бәрі пайданы ғана ойлап, нағыз қазақ қымызын өндіру жайын ойлайтыны аңғарылмайды. Ұлттық сусынымыз жүрекпен, шын ниетпен жасалуы тиіс. Жылқы малы асыл ғой. Қанша жыл өндіргенде бір тамшы су қосу ойы болған емес. Құрттың да автоматты өндірісін құрған едім. Оның да құрылғысы қаңырап бос тұр.

— Қазір ойларыңызды іске асыру үшін не қажет?

— Сіздер сұхбаттасуға хабарласқанның алдында ғана түс көрдім. Қазақ ырымшыл халықпыз ғой. Сол түсіммен байланыстырып, келген қадамдарыңызды құтқа балап отырмын. Өйткені, «Saryarqa samaly» газеті әрбір қадамымызды сүйіншілеп, бірге қуанысқан еді…

Жылқы ұстайтындар көп қой. Жайып, семіртіп, сатады. Сондай азаматтардың бірі келіп, 20-30 биемен бірге жұмыс істейік деп, қолтығымнан демеп жіберсе, бір жыл ішінде бірлесіп, жақсы пайда табар едік. Біздің өндіріске дәл қазір ешқандай миллиардтап ақша құюдың қажеті жоқ. Жабдықтар дайын, технологиясы бар. Бастысы, 20-30 бие болса болғаны. Оны өзім сатып алуға қауқарым жоқ. Бір-екі биемен бастауға келмейді. Өйткені, тұтас өндіріс желісін қосқанда оның электр энергиясы сияқты шығындары бар дегендей. Оны еңсеруге әлім жетпей қала ма деп тағы қорқамын. Ал өндіріске инвестор табылса, супермаркеттермен жұмыс та бірден жандана кетеді. Олардың алдында бетім ашық, адалмын. Қазір апарсам да, алуға әзір.

Жуырда Астана маңында қымыз фестивалі өтті. Әр аймақтан апарыпты. Телеарнадан көріп, жүрегім ауырып, көзіме жас келді. Сол сайыста «Павлодардың жалауын көтеріп, бәлкім бас бәйгені де қанжығама байлар ма едім» деп қынжылдым.

Астана жақтан технолог ретінде шақыртулар түсті. Елорда маңынан осындай зауыт салып беріп, бірге жұмыс істеу де ұсынылды. Бірақ, мен өзімнің кәсібімді қимаймын, инсульт алып қалған күйеуіме де қарайласу керек. Технологиямды сатып алғысы келгендер де кездесті. Содан, әйтеуір, бір оңтайлы сәтті күтіп жүргендеймін. Кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы бағдарламаларға да жүгініп көрдім. «Даму»-ға да, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына да бардым. Бірақ, маған несиелік тарихымның бүлінгенін алға тартып отыр. «Аграрлық несиелік корпорация»-да кепілдікте тұрған мүлкімді бөліп, сату мүмкіндігі бар. Кепіл ретінде 400 млн теңгеге бағаланып отыр. Олар сатуға бірнеше рет оқталды. Оған жол бермей, тоқтатып келемін. Инвестор іздеп, жандандыруға мүмкіндік беріп отыр. Иелігімдегі 1,5 гектарлық теміржол тұйығын сату ойда болды. Алайда, тым арзанға сұрайды.

Үмітсіз — шайтан дейді ғой. Шаруашылықты бөлшектеп сатып жіберуге қимаймын. Сол қимастықтан болар, кейбір сатылымға шығарғандарымның өтпей тұрғаны да деп тағы ойлап қоямын. Бұл іс — менің өмірлік жолым. Оған қиянат жасамай, жандандыру міндетім сияқты мойнымда тұрғанын сеземін. Сегіз жылда кездескен кедергілерді Алланың сынағы шығар деп қабылдадым. Әлі сынбаймын.  Армандап отырамын. Алла қуат берсе, сәтін салса, қымызды шетелге шығарып барып, бір тынышталамын-ау.

Ал шаруашылық сатылып кететін болса, жүрегім шыдамайтын сияқты күй кешемін. Қол ұшын беріп, бірге кәсіп жүргізуге ниетті инвестор болса, қуана жұмыс істеуге дайынмын. Ұлттық сусынды ұлықтауға құлық танытатын адам табылады деген үміттемін.

— Сұхбатыңызға рақмет! Асқақ арманыңыз ақиқатқа айналсын!

Сұхбаттасқан — Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суретті түсірген — Есенжол Исабек.