МӘМС: қордағы қолданылмаған ақшаны қайтару дұрыс па?

Қыр 18, 2025

Бүгінде Қазақстанның кез келген азаматы өзінің денсаулығы үшін медициналық әлеуметтік міндетті сақтандыру (МӘМС) қорына ақша аударып отырғаны белгілі. Бірақ аталмыш қордың шарапатын медициналық көмекке зәру адамдардың барлығы көре ала ма?! Бұл жөнінде қоғамда екіұшты әңгіме көп. Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары осы МӘМС жинағына қатысты мынадай ұсыныс көтеріпті. Яғни, қорға жиналған қаржының игілігін көрмейтін азаматтар оған айлығының бір бөлігін аудармаса да болады. Сондықтан медициналық көмекке жүгінбеген азаматтарға сақтандыру жарнасының бір бөлігін қайтаруды ұсынып отыр. Халық қалаулыларының ойынша денсаулық жағдайымен медициналық ұйымдарға жүгінбеген және қордың игілігін көрмеген азаматтар аталған қорға ақшаларын сақтаудың қажеті жоқ. Бұл ұсыныс, әрине, қарапайым тұрғындар үшін тиімді болғанымен, медицина саласының мамандары құптап отырған жоқ. Мәселені «Алаңның» талқысына салып көрген едік.

Сағит ИМАНҒАЗИНОВ, медицина ғылымдарының докторы, Семей медицина университеті Павлодар филиалының профессоры:

– Медицинадық әлеуметтік міндетті сақтандыру жүйесінің өзінің көздеген негізгі мақсаты бар. Ол – ауқатты адамдар жағдайы төмен адамдар үшін, ал дені сау адамдар сырқат жандар үшін төлемақы жүргізеді. Мұны бір сөзбен айтқанда әлеуметтік жауапкершілікке ортақ көзқараспен қарау дейміз. Сонымен қатар, МӘМС-те үлесі бар адамдар ем-диагностиканы республиканың кез келген өңірінде ала алады. Осы тұрғыдан алып қарағанда қорға төленген ақшаны қайтару керек деген бастамаға қарсымын және мұндай қызмет қарастырылмаған. Себебі, бұл қаражат қорда жинақталады да, емдеу мекемелеріне көрсетілген ем-дом үшін төленеді. Жалпы, МӘМС-тің белгіленген тәртібі бойынша кез келген адамға медициналық көмек барлық жағдайда қолжетімді, әсіресе көп таралған сырқаттар кезінде. Негізінде өңірде МӘМС-ке байланысты медициналық көмекті ұйымдастыруда кемшіліктер бар екені белгілі. Бұл салада әкімшілік тарапынан қатаң бақылау керек. Сондай-ақ, кадр тағайындау мәселесіне ерекше назар аударған жөн деп санаймын. Мүмкін болса, арнайы топ құрып, талдау жүргізіліп, оңтайлы шешімдер қабылданса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз!

Маханбет АМАНГЕЛДІҰЛЫ, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Мен бұл бастаманы қолдаймын және оның себебін де түсіндіре кетейін. Негізі осы МӘМС саласында қордаланған сыбайластық бар. Осы саланы терең зерттеген кейбір депутаттардың пікірінше, жеке клиникалар адамдарды өздеріне тіркеп, ұзақ уақыт жүгінбеген адамдарға жалған диагностикалық қорытынды жасап, соған МӘМС-тен ақша алады. Яғни, жеке клиникалар адамдардың деректерін рұқсатсыз алып, жалған қызмет көрсету арқылы қыруар пайда көріп отыр. Сондықтан қарапайым халыққа МӘМС-тің есепшотына жыл бойы қанша ақша аударғанын біле алатындай мүмкіндік берілуі керек және жыл соңында қолданылмаған ақшасы қайтарылуы керек. Міне, осы арқылы біз медициналық сақтандырудың айналасында жылдар бойы қалыптасқан сыбайластықтың алдын алып, жолын кесер едік. Тағы бір қызық ақпарат, осы МӘМС іске қосылғаннан кейін-ақ, қаншама емханалар жекеменшікке айналып кетті. Мұның артында қандай мақсат тұрғаны да түсінікті. Негізі сақтандыруға кім қанша ақша аударғанын бақылау мүмкін емес дейтіндер бар. Менің ойымша, МӘМС-ке тек азаматтардың айлығынан ұсталатындықтан, барлық деректі анықтауға болады.

Ардақ МҮТӘНҚЫЗЫ, Павлодар қаласының тұрғыны:

– ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының медициналық сақтандыру қоры жайында көтерген мәселесін дұрыс деп санаймын және бұл ұсынысты қор салымшысы ретінде құптаймын. Мысалы, менің жұбайым ауруханаға жиі барады деп айта алмаймын. Тіпті, медициналық мекемеге жүгінген күннің өзінде жеке клиникаларға барып, ақшасын төлеп өтеді. Бұл жылына бір келетін медициналық анықтамалар алу үшін ғана қажет. Бірақ барлық азаматтардың қатарында жылына қыруар ақшаны МӘМС есепшотына аударып отырмыз. Біз одан  бір тиын да пайдасын көріп отырған жоқпыз. Сондықтан бұл қорға ақша аударуды барлығына бірдей міндеттеу дұрыс емес деп санаймын. Ал аударған күннің өзінде тоқсанына немесе жылына бір рет есеп жүргізіп, қолданылмаған қаржыны азаматтардың өзіне қайтарып беру керек. Қазір барлық деректер электрондық жүйеде сақталғандықтан, кімге қанша қарыз екенін анықтау қиын соқпайды деп ойлаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Тілеуберді САХАБА.