Ауыл – ел бесігі. Алайда елімізде соңғы 20 жылдың ішінде 1400-ден астам ауыл жойылып кеткен екен. Үкіметтің бағалауы бойынша тағы да 500 ауыл «болашағы бұлыңғыр» елді мекендер қатарына енген. Себебі, көптеген ауылда салынып жатқан жаңа үйлер жоқ, инфрақұрылым саласы да ақсап тұрған көрінеді. Бұл мәселеге алаңдаған «Ауыл» партиясы фракциясы ауылды қайта жаңғыртуға арналған кешенді ұлттық бағдарлама қабылдау қажеттігін алға тартуда. Сол бойынша ең алдымен мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы ауыл тұрғындары үшін қолжетімді тұрғын үй салуды жеделдетуді және ауыл ипотекасын 1 пайызбен іске қосу туралы ұсыныс жасауда. Бұл қаншалықты орынды? Жалпы, алыстағы ағайынға жайлы жағдай жасау үшін не істеу керек? Ай мен күннің аманында қаңырап қалған ауылдарды қайта жаңғыртудың жолы қандай? Көпшілікті мазалаған мәселені «Алаң» айдарында талқылағанды жөн көрдік.
Бақытбек БАТКЕЕВ, Павлодар аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы:
– Әрине, елді мекендерді жаңғырту туралы бағдарлама жасау керек деген ұсыныс өте орынды. Дегенмен де, бүгінде ауылдарды дамытуға назар аударылуда. Айталық, біздің аудандағы Бірлік ауылына жаңа мектеп салынғанын білесіздер. Бірақ болашақта мұнда бала қала ма деген ой мазалайды. Олай дейтінім, осыдан біраз жыл бұрын Қаратоғай ауылына 8 жылдық жаңа мектеп тұрғызылып, кейін жабылып қалды. Себебі, тұрғындар жан-жаққа көшіп кетті. Дәл осыған ұқсас жағдай Даниловка деген ауылда да болған еді. Яғни, жаңа білім ордасы ашылғанымен, онда оқитын бала болмады. Мұның бәрін айтып отырған себебім, ауылды дамыту үшін алдымен халықты жұмыспен қамтып, әлеуметтік жағдайын жақсарту керек. Ол үшін елді мекенде тұратындарға пайызсыз несие беріп, мал, техникамен қамтамасыз ету қажет. Шыны керек, қазір ауылдарда 60-ыншы жылдардағы ескі тракторлар әлі жүр. Оның орнына жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын ұзақ мерзімге пайызсыз берген жөн деп ойлаймын. Сондай-ақ, мемлекеттің мыңдаған гектар жері мақсатты пайдаланбай, біреулердің олжасына айналуда. Нақтырақ айтқанда, бір сиыры жоқ кейбір шаруа қожалықтары үлкен жерді иеленіп, қарапайым тұрғындарға жалдап, содан пайда көруде. Осындай оқиғаларды тыйып, нағыз еңбек ететін азаматтарға үлестірген жөн.
Аманжол ОТЫНШИН, Павлодар қаласының тұрғыны, еңбек ардагері:
– Басқа облыстарды білмеймін, өз өңірімізде ауылдарды дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде қолға алынуда. Себебі, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы елді мекендерде емхана, мәдениет үйі, мектеп сынды әлеуметтік нысандар салынып, ескілеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын естіп, қуанып отырамыз. Қазір ауыл көшелеріне асфальт жамылғылары да төселуде. Ендігі кезекте ауылдықтар үшін 1 пайыздық тұрғын үйлер салу керек деген ұсынысты жүзеге асыру керек деп ойлаймын. Өйткені, кейбір ауылдарда жаңа үйлер тек жас мамандарға ғана арналып салынуда. Ал өзгелері бос баспана болмағандықтан, еріксіз қалалық жерлерге кетіп жатады. Өз күштерімен үй салу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Құрылыс заттары да қымбат. «Үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, баста баспана болмаған соң ары қарай аяққа тұрып кету қиын екені сөзсіз. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына барлық салада жеңілдік қарастыру қажет. Мәселен, бақшаға баратын баланың төлемақысына, оқушылардың тамақтану бағасына, студенттердің оқу ақысына, тіс емдеуіне және басқа да қызмет түрлеріне 50 пайызға дейін жеңілдіктер жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана ауылдағы ағайынның жайлы өмір сүруіне мол мүмкіндік туар еді.
Анипа ТОЙЛАТ, Ақсу қаласы, Еңбек ауылының тұрғыны:
– Жасыратыны жоқ, ауылда мәселе көп. Мұны ауылдық елді мекендерде тұратын жандар ғана түсінеді. Мысал ретінде айтар болсам, қаламен салыстырғанда елді мекендердегі шағын дүкендерде азық-түлік бағасы қымбаттау. Бұл жағдай онысыз да жұмыссыз отырған жандар үшін қиындық туғызуда. Сонымен қатар, жыл сайын көмір бағасы да көтерілуде. Мұның өзі қыстың бірнеше айында қалтаға салмақ түсіреді. Мал азығы да аспандап тұр. Ал жаздың күні жайылым жер мәселесі тағы бар. Көп адам жұмыссыз. Өйткені, әкімдік, мәдениет үйі, мектеп және емхана ғана бар. Кейбір елді мекендерде әлі күнге дейін емдеу мекемелері мен мәдениет ошағы жоқ. Тіпті, интернет байланысы жетпеген ауылдар да бар.
Міне, осы жағдайдың бәрі оң шешімін тапса, ауылдан ешбір адам кетпес еді деп ойлаймын. Сондықтан ауылдарды дамытуға бағытталған нақты бағдарлама ауадай қажет деген пікірдемін.
Әрине, игі істер де баршылық. Дегенмен де, таразыға салып салмақтасақ, мәселелер басымырақ.
«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.