Абай облысының орталығы – Семей қаласында 14-21 қазан аралығында бокстан Қазақстан чемпионаты өтті. Елдің басты байрақты бәсекесінде павлодарлық тәжірибелі спортшы, талай халықаралық доданың жүлдегері Серік Теміржанов чемпион атанса, Анжа Сәдуақасова қола медаль иегері атанды.
«Аbai Arena» спорт кешенінде өткен ерлер мен әйелдер ара-сындағы биылғы чемпионатқа еліміздің 20 өңірінен 371 спортшы қатысты. Олардың қатарында Павлодар облысының намысын қорғаған 15 қолғап шебері де бар. Атап айтқанда, ерлер арасында 13, қыздар арасында 2 спортшы бақ сынады.
Бұл ретте 60 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Серік Теміржановтың ойын өрнегін ерекше атап өтуге болады. Ол финалда Бейбарыс Жексенмен жүздесіп, жеңісті жұлып алды.
Бірінші раунд Серік Теміржановтың пайдасына шешілгенімен, төрешілер екінші раундты Бейбарыс Жексеннің пайдасына жазды. Ал шешуші үш минуттық үшінші раундта Серік өзін сенімді көрсетіп, қарсыласынан басым түсті. Сөйтіп, өткен жеңілісі үшін қарымта қайтарып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Бұған дейін 2025 жылғы әлем чемпионатына іріктеу жарысында дәл осы Бейбарыс Жексен Серік Теміржановты жеңген еді.
Айта кетейік, Серік Теміржанов — Әлем чемпионатының (2021), Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2022).
Ал Анжа Сәдуақасова 51 келі салмақ дәрежесінде қолғап түйістірді. Жартылайфиналдық кездесуде қарағандылық қыз Анита Адишеваға 5:0 есебімен есе жіберіп, қола жүлдені місе тұтты.
Бокстан Қазақстанның 2025 жылғы чемпионаты алғаш рет World Boxing ережесі бойынша өткенін айта кетейік.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.