Облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласына жұмыс сапары барысында жаңадан салынып жатқан ферроқорытпа зауытының құрылыс барысымен танысты.
Металлургия өнеркәсібі саласындағы өңірдегі ең ірі жобаны жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда. Бұл жөнінде «EkibastuzFerroAllous» ЖШС-нің бас директоры Мадияр Данияров баяндады.
— Қарқынды құрылыс 2022 жылы басталды. Учаскелерде 1500-ден астам адам жұмыс істейді. Кәсіпорын іске қосылғанда 800-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады, — деді Мадияр Данияров. Бұл ретте облыс әкімі Асайын Байханов кадрлық мәселелер туындамас үшін мамандарды даярлауға байланысты арнайы бағдарлама қажеттігін атап өтті.
— Екібастұз – индустриалды қала. Сондықтан кадрларды оқытып, тәрбиелеуіміз керек. Біліктілікті арттыруға мүмкін-
дік жасауымыз керек. Себебі бұл – аймақтағы ең үлкен жоба. Зауыт іске қосылғаннан кейін еліміздің шетелге ферросилиций экспортының үлесі артады, — деді Асайын Байханов. Өз кезегінде «EkibastuzFerro-Alloys» ЖШС-нің бас директоры Мадияр Данияров кадрлар мен біліктілікті арттыру бағдарламалары әзірленіп жатқанын тілге тиек етті. «EkibastuzFerroAlloys» – Екібастұз өңірі ғана емес, облыс және еліміз үшін маңызды стратегиялық жоба. Акционерлер ферросилицийді 50 елге және әлемге экспорттап, әлемдік нарықта көшбасшы болуды көздеп отыр. Осының арқасында Павлодар облысында экспорттық әлеует артады. Екібастұзда білікті техникалық мамандар қатары көбейеді. Өндіріс көлемі 92,4 гектар аумақты алып жатыр. Кәсіпорында әрқайсысының қуаты 94,5 мегавольт-ампер болатын төрт пеш жұмыс істейтін болады. Мұнда жылына 240 мың тонна жоғары сапалы ферросилиций және 12 мың тонна микрокремнезем шығару жоспарлануда. Өнімдер Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка нарықтарына экспортталмақ.
Торғын ОРАЗАЛЫ.