Қабдолла Жасталапұлы жастайынан мал бағуды кәсіп еткен. Жазда жайлауда, қыста қыстақта төрт түлікті күтіп-бағудың хас шеберіне айналды. Жазық далада мал бағудан жалыққан емес. Керісінше, кең далада табиғатпен үндесіп күн кешкенді жөн көреді. Содан болар, ата кәсіптен бір сәт ажырамапты.
Бүгінде Қабдолла Әбдрахманов Екібастұз қаласы Ақкөл ауылдық округіне қарасты Зеленая роща елді мекеніндегі «Табыс» шаруа қожалығында еңбек етеді. Дәл қазіргі шақта өзіне сеніп тапсырылған ірі қара мал әлі де далада жайылады. Жақын уақытта мал қораға тоқтаған соң да жұмысы жалғаса береді. Таңертең-кеш мал жайлап, жазда түлетіп алған төлді баптап, өсіреді. Аталмыш шаруашылықта 2002 жылдары жұмыс істеп кеткен екен. Бірақ, 2011 жылы қайта оралып, бүгінгі күнге дейін шаруа қожалығының өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді.
– Туған жерімде тіршілік жасап, осында кәдеге жарап жатқаныма қуанамын. Үзіліссіз «Табыс» шаруашылығында жұмыс істеп келемін. Сәуірде жайлауға шығамыз. Малымыз жазда төлдейді. Бүгінде алдымда бұзауларын санамағанда 300-дің үстінде ірі қара мал бар. Жаз бойы бағып, өрісте өсіріп, қыста желтоқсан айында базға кіргіземіз. Кейде адамдар «жалыққан жоқсың ба, енді қоймайсың ба» деп айтып жатады. Өзіме ұнайды кәсіп, еш қиналыс жоқ, – дейді Қабдолла ағамыз.
Ол бұған дейін кеңшардың талай жыл жылқысын баққан. Төрт түлікті күтіп-баптаудың жай-жапсарын жақсы біледі. 1985-1987 жылдары Башқұртстанда әскери борышын өтеп келген соң бірден мал бағуға кіріседі. Содан бері осы салада еңбектенуде. 1989 жылы жұбайы Нұрила Мұқанқызымен отау құрып, төрт бала өсіріп-тәрбиеледі. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған асқар тау әке.
Малшы ағамыз мал бағу, қыста жайлау жыл санап жеңілдеп жатқанын, технология ауыл шаруашылығына да жеткенін айтады.
– Бұрынғыдай малдың соңынан атқа мініп, жүрмейміз. Мотоциклмен тез жетіп, жылдам қайырып аламыз. Малды бөлген кезде атқа қонамыз. Жазда мал бақсақ, қыста таңертең-кеш мал жайлаймыз. Оның да жұмысы әжептәуір жеңілдеген. Суару үшін ескіше құдықтан қауғамен су тартып, қиналмаймыз. Токты қоссаң, өзі-ақ ағызады. Шөпті айырмен тартып әуреге түспейміз. Шөпті трактор малдың алдына шашып береді. Яғни, көп жұмыс бүгінде бір кнопкамен атқарылатын заманға жеттік. Ең бастысы, ауырған, жүдеген мал болса, соны дер кезінде анықтап, жеке бөліп алып, емдеуіміз керек, – дейді Қабдолла Жасталапұлы.
Малшы ағамыз жыл өткен сайын айналада төрт түлік басы көбейіп, жайылым тарылып жатқанын да жоққа шығармайды. Алайда, өзіне тиесілі жайылым жайлы, шұрайлы екенін айтады.
Шаруашылықтың дамуына барынша күш салып жүрген азаматтың еңбегі де елеусіз емес. Еңбекқор әрі адал қызметкеріне «Табыс» шаруа қожалығының басшысы Манат Алғамбаров ағамыз да әрдайым қамқорлығын аямайтын көрінеді.
– Өзім де қорамда мал ұстаймын. Жазда шаруашылықтың малымен бірге өрісте бақсам, қыста қорама әкелемін. Малымның қыстық жем-шөбін шаруашылық түсіріп береді. Оған қоса, Манат Қажыбекұлы шаруашылық есебінен жылына бір рет Мойылды шипажайына он күнге ем-дом алуға жіберіп тұрады. Жағдайымды жасап тұрған соң тұрақтап қалдым. Әйтпесе, еңбек етуге ниетті ер адамға «екі қолға бір күрек» қашан да табылады ғой, – дейді еңбекқор азамат.
«Табыс» шаруашылығы қызметкерлерінен бөлек, ауылға да қарайласып, әлеуметтік нысандар салуда аянбайтынын бұған дейін де жазғанбыз. Биыл аталмыш шаруашылықтың басшысы Манат Қажыбекұлы «Парасат» орденіне ие болды. Айта кетейік, кейіпкеріміз еңбек етіп жүрген шаруашылық 2000 жылдары негізі қаланып, ісі 12 бас малмен басталып, бүгінде 2500-ден астам ірі қара мал, екі мыңнан астам жылқы өсіріп отыр. Бұл жетістіктерде малшы Қабдолла Жасталапұлының да үлесі жатқаны анық.
Қазіргі кезде қоғамда мал бағатын адам табу қиындап кеткені жайлы жиі айтылатыны жасырын емес. Ендеше, өз ісіне берік, мал бағуды мәртебе санайтын, ата кәсіпке балайтын Қабдолла ағамыз-
дай азаматтардың еңбегі әрдайым жоғары бағаланатыны анық.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
