Үлкеннің сөзін өсиет тұтқан халқымыз қариясын қашаннан қадір тұтып, қастерлеп келеді. Ертіс-Баян аймағы үшін атағы мен абыройы асқан үлкен кісілердің бірі – Қазақ КСРО Социалистік Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз» орденінің иегері, Павлодар облысының Құрметті азаматы Бөкен Қызғарин ақсақал. Еңбек адамының үлгісіне айналған және бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан абыз ақсақалмен әңгімелесіп, атамыздың жастық шағын еске алудың орайлы сәті келді. Сонымен, қарияның ғибратты әңгімесін, келелі кеңесін оқырман назарына ұсынамыз.
– Ассалаумағалейкүм Бөкен ата! Сізге алдымен облыстың ата басылымы – «Saryarqa samaly» газеті ұжымының ақ сәлемін жолдаймын. Әңгімені өзіңіздің балалық шағыңызды еске алудан бастасақ. Неше жасыңызда еңбекке араласып едіңіз?
– Амансың ба, балам?! Иә біздің балалық шағымыз балалықпен емес, ересек адамдармен қатар, еңбек майданында күреспен өтті. Мен 1941 жылы маусым айында Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл кеңшарының Зеленая роща бөлімшесінде туғам. Ақкөл ауылы жұмысшы жастар орта мектебін бітіріп, 15 жасымда кеңшарда жұмыс істей бастадым. 1955 жылы мектеп бітірген жылы жұмысқа шақырды, бастапқыда әртүрлі жұмыс істеп жүрдім. 1957 жылы трактор жүргізушісі курсын оқып бітірдім. Содан кейін бригаданың басына апарып, жер жыртып, егін егуге салды. Ол кезде небары 16-17 жаста ғанамын. Күн-түн демей жұмыс істейміз. Ұйықтап, демалу деген болмайды. Тіпті, тракторда отырып ұйқтап кетіп, сайын далаға кетіп қалған кездерім де болған. Содан әкем зейнетке шығуға таяғанда кеңшардан бір отар саулық мал алып, қой бағуға кірістік. Осылайша, 1958-1979 жылдар аралығында 20 жылға жуық уақыт үзбей қой бақтым. Алғашында жұмыс қиындау болды, жүзінен сексен, тоқсан қозы алып бастап, көрсеткішті жылда-жылда жоғарылата бердік. Осылайша аз уақытта қой төлдетудің әдіс-тәсілін жақсылап меңгеріп, жүзден асырып қозы ала бастадық. Соның нәтижесінде аудан көлемінде үздік шопан атағын да алдық. Совхоз орталығына апарып, мақтап-мадақтап, сыйлықтарын береді. Сыйақығы үш сом, бес сом, кейде радиоқабылдағыш, сағат сияқты заттар береді.
– Сіз аймақтағы Социалистік Еңбек Ері атағын алған санаулы адамның бірісіз. Бұл мәртебелі марапатқа неше жасыңызда жеттіңіз?
– Мен мұндай атақ-дәреже, мадақ-марапаттардың барлығына жастайымнан жеткен адаммын. Оның барлығы — бала күнімен төгілген маңдай терімнің өтеуі. 1962-63 жылдары Куйбышев ауданы ауыл шаруашылығы механизация училищесінде бір жыл оқып бітірдім. Сол жылы аудандық кеңеске депутат болып сайдандым. 1965 жылы партия қатарына өткізді. Ол кезде 100 қойдан 105 қозы алып жүрген кезім, еңбегім де жоғары бағалана бастады. Тіпті, 130-140-қа дейін алған кездерім болды. Осы жылдары жұмыс барысындағы жақсы көрсеткішім үшін көптеген марапаттарға ие болдым. 1957 жылы «Тың жерлерді игергені үшін» медалін кеудеме тақты. Бұл менің алғашқы марапатым болатын. Одан кейін әрбір бесжылдық бойынша қорытынды шығарып, үздік шопандарды анықтайды. 1966 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 1971 жылы «Ленин» орденімен марапатталсам, 1973 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағына ие болдым. Ол кезде небары 32 жаста ғана едім. Сонымен қатар, еңбек майданындағы ерлігім үшін сол кездегі ең жоғары наградалардың бірі – «Алтын жұлдыз» орденін алдым. Бүкілодақтық Халық шаруашылығы көрмесінің алтын медалі де бұйырды. 1986 жылы КСРО Еңбек ардагері, 2014 жылы Қазақстанның Еңбек ардагері сынды мәртебелі атақтары берілді. Бұған Тың игеруге 60 жыл толуына орай ұсыныпты. 1979 жылы мен күтпеген ұсыныс келді. Яғни, Алматыдағы партияның жоғары мектебіне оқуға түсуге шақырды. Менің жасым болса біразға келіп қалған. Дегенмен, жоғары жақтың тапсырмасы солай болған соң баруға тура келді. Ол жерде мен ең үлкенімін. Осылайша төрт жыл оқып бітіріп, елге оралдым.
– Сізді жасыңыз келгеніне қарамастан оқуға жіберуге не себеп болды екен? Ал отбасылық өмірді студенттік өмірге алмастыру қиынға соққан жоқ па?
– Менің ойымша партияның өз есебіне қажет болды. Яғни, бізде осындай Еңбек Ері атағын алған, «Алтын жұлдыз» орденімен марапатталған адамдар оқыды деген абырой керек қой. Себебі, ол кезде мен барлық атақ-дәреже, марапаттарды алып қойғам. Партия комитетінің мүшесі, 1971 жылғы Қазақстанның 13-ші съез делегатының мүшесі секілді ең жоғарғы көрсеткіштрге жеткен кезім. Бірақ, жасым 40-қа келіп қалған кез. Студенттер арасында ең үлкені менмін. Барлығы өз жасымен түскен, менен 10-15 жас кіші жастар. Қолым жазуға да келмейді. Жасымнан қара жұмыс істеп, әбден қатып қалған ғой. Оның үстіне жеті жылдық қана білімім бар, профессорлардың оқыған дәрістерінің бірін де ұқпаймын. Орысша да түсінбеймін. Содан кейін жаныма жас жігіттерді отырғызып алып, лекцияны солардан жазып аламын. Бірақ, жасы үлкен болса да, ынтасы бар екен деп бағаларын қойып береді.
– Сіз облыста қой санының артуына, қой шаруашылығының дамуына айтарлықтай үлес қостыңыз. Ұсақ мал өсірудің өзіндік машақаты бар ғой…
– Менің қой шаруашылығы жұмысын жоғары деңгейде меңгеруіме әкем көп ықпал етті. Алғаш бір отар қойды қабылдап алған кезде: «Қойдың тілі жоқ демесең, бұлар да адам сияқты, дұрыстап қарау керек» дейтін. Содан бар ынта-ықыласыммен кірістім. Ол кезде әр қойға 15-20 тиын төлейді. Сол алған ақымыз бойымызға адалынан бұйырсын деп қадап айтатын әкем. Ол кісі өте адал, шыншыл әрі өз жұмысына тиянақты қарайтын адам еді. Мені де солай тәрбиеледі. Малдың жайына өте ұқыпты қарауды үйретті, бабын келтіріп бағуға кеңес берді. Таң атпай өргізіп, ыстыққа ұрындырмай өріске шығарып бағатынбыз. Жалпы, менің ұстазым да, профессорым да, академигім де әкем еді. Бәрін сол кісі үйретті, еңбекке баулыды, адам болуға тәрбиеледі. Өзіміздің алдымызға салып берген бір отар қойға барынша жауапкершілікпен қарадық. Мал жақсы семіру үшін уақытында өріске шығарып, уақытында суарып, уақытында қоралаймыз. Ал ауырғанын емдеу, құрттағанын тазалау жұмысы да өз мойнымызда болды. 1964 жылдан бастап қойды қыста төлдете бастадық. Тапсырма солай болды. Себебі, жазғытұрым туған төл күзге дейін өспей қалады. Қозылар туа сала ыстыққа ұрынып, жөнді семірмейтін болған соң ерте туғызуға көштік. Ол үкіметке тиімді болды, себебі, ерте туған төл ерте жетіледі деген сияқты. Содан кейін күзде етке тапсыруға әбден дайын тұрады. Бірақ, қыста төлдетудің машақаты көп, қиындығы шаш-етектен. Қыстың қақаған аязында қардың үстінде төлдейді, оны аңдып отырып, бірден жылы орынға кіргізбесе, қозысы үсіп қалады. Себебі, меринос қойдың жүні қозы кезінде тақыр болады ғой.
– Ата, ол кезде өзіңіз қатарлы жастардың барлығы еңбекке, соның ішінде төрт түлікке құштар болған шығар…
– Олай айта алмас едім. Себебі, сол кездің өзінде де қой бағуға баратын адам сирек болатын. Мысалы, басшылықтың тапсырмасымен іссапарға кеткенде орнымызға уақытша адам қалдырып кетеміз ғой. Көбі тезірек кетуге, құтылуға асық болады да, одан қайтып малдың маңына жоламастай болып кетеді. Тіпті, алтын берсең де, енді қойдың маңына келмеспін деп кететіндер көп. Міне, мал бағудың қиыншылығы, ауыртпашылығы қандай екенін осыдан-ақ аңғара бер. Жалпы бүкіл берекет малда тұрса да, оны көргісі келмейді. Қазіргі жастар да солай. Алдындағы бес қойын жайлап, екі сиырын сауып күнін көре берсе болды деп санайды. «Еңбек етсең ерінбей — тояды қарның тіленбей» деген Абай атамыздың нақыл сөзін көбіміз ұстанбаймыз. Мен қой бағып жүріп кітапты көп оқыдым. Газет-журналдарды сыртымыздан жазып қояды, аламын-алмаймын дегенге қаратпайды. Сондықтан келген басылымдардың түгелін оқып тастаймыз. «Жұлдыз», «Ақиқат» журналдары жанымызда жүреді. Талай кітапты қой жайып жүріп жоғалттым. Мал ұзап кеткенде атқа міне салып, шаба жөнелемін, сонда түсіп қалады.
– Сіз баққан отардан 100 қойдан 140 қозыға дейін алыпсыз. Жалпы шопан ата түлігі қандай жағдайда көп егіз табады?
– Қой егіз табу үшін жазда жақсылап семірту керек. Ол кезде «Семіздің арты сегіз» деген ұғым болатын. Қой семіз болған сайын екіден, үштен, тіпті төрттен табатындар бар. Жалпы, меринос қойы көп егіз табады. Ал оның әрбір төлін аман сақтап қалу да оңай шаруа емес.
– Ата, сіздің өміріңіздің әрбір кезеңі бүгінгі жастар үшін үлгі-өнеге екені анық. Осы ретте өзіңіздің отбасыңыз туралы айтсаңыз…
– Мені әке-шешем 17 жасымда үйлендірді. «Бізге көмектесетін келін керек, немере көргіміз келеді» деп болмаған соң үйленуге тура келді. Бірақ мен кіммен шаңырақ құратынымды білген жоқпын басында, қызды да көрген жоқпын, ол да мені көрмеді. Әйтеуір, әке-шешем өздері құда түсіп барып, осы қызға үйленесің деді, мен келістім. Әрине, үлкендердің қалауы сол болған соң үйленіп, бақытты болып кеттік. Ол кезде қазіргідей күйдім-сүйдім деген
жоқ. Үш баламыз болды, екеуі – ұл, біреуі – қыз. Өкінішке қарай, екі ұлым жастайынан қайтыс болды, бұл да болса тағдырдың сынағы шығар деп ойлаймын. Екінші ұлым 2008 жылы қайтыс болған еді, ұлымның жылы өткен соң оның қайғысына төзе алмай апаларың да дүние салды.
– Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА,
Екібастұз қаласы.
