«Жұмысшы мамандықтар жылының» аяқталуына аз уақыт қалды. Бүгінгі күнге дейін, яғни өткен он айдың ішінде елімізде, сондай-ақ, аймағымызда ауыз толтырып айтарлықтай іс-шаралар атқарылды. Десе де, әлі жетілдіруді қажет ететін тұстар аз емес, дейді мамандар. Бұл ретте, қандай мәселе бар? Неге мән беру керек? Жалпы, ағымдағы атаулы жылы не тындырылды? Жауап іздеп көрейік.
Мүмкіндік мол
Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында алдымен нағыз еңбек адамдарын насихаттауға айрықша көңіл бөлінді. Сөйтіп, жұмысшы мамандардың мәртебесі көтеріліп, ерінбей еңбектеніп жүрген жандар жыл басынан бері түрлі сый-құрметке, марапатқа ие болып келеді.
Биыл сондай-ақ, осы саладағы тәжірибелі азаматтарды көпшілікке үлгі ете отырып, олардың ізін басар жастарды жұмысшы мамандықтарға тартуға басымдық берілді. Осы мақсатта елімізде кәсіптік білімді трансформациялауға арналған жол картасы әзірленіп, жаңа жобалар жүзеге асуда. Нәтижесінде, нарықта бұл салаға қажетті кадр тапшылығын жоюға бағытталған нақты қадамдар жасалды. Жұмысшы мамандар санын көбейтумен қатар, сапаны арттыру көзделді. Осыған орай технологиялық көшбасшы колледждерді дамыту шаралары үздіксіз жалғасып, халықаралық талаптар енгізілді. Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында аймақтағы төрт кәсіптік-техникалық колледж халықаралық аккредиттеуден өту мүмкіндігіне ие болғанын атап өткен жөн. Солардың қатарындағы Электроника және коммуникациялар жоғары колледжінің директоры Марат Нығметовтың айтуынша, халықаралық аккредитация – білім сапасын арттырудағы басты қадам саналады.
– Мұндай жетістікке жеткен колледждердің артықшылығы көп. Халықаралық сертификат арқылы суденттер еңбек нарығында бәсекеге қабілетті екендіктерін көрсетіп, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Сонымен қатар, колледждің мәртебесі де өсіп, сол арқылы ірі кәсіпорындармен келісімшарттар жасасуға, жалпы білім сапасын едәуір арттыруға жол ашылады, — дейді ол.
Жұмысшы мамандықтар бойынша білім алып жатқан жастарға деген қолдау мұнымен ғана шектелген жоқ. Облыстық білім беру басқармасының мәліметі бойынша колледж студенттерінің өндіріс орындарында ақылы тәжірибеден өтіп, 80 — 250 мың теңгеге дейін жалақы алуына жағдай жасалған. Қуантарлығы, бұл мерзім еңбек өтіліне есептелінеді екен. Ал оқу озаттарының шетелде тағылымдамадан өтуіне мүмкіндігі бар. Ең бастысы, колледж студенттерінің жұмыспен қамтылуы назарда.
– Жұмысшы мамандығы бойынша білім алып, ары қарай осы салада еңбек еткісі келетін жастарға әрдайым жол ашық. Әсіресе, Павлодар өңірінде өндіріс орындары көп болғандықтан, біздің түлектеріміздің екі қолға бір күрек табуы оңайырақ. Мәселен, жыл сайын павлодарлық колледж студенттерінің 75 пайыздан астамы аймақтағы кәсіпорындарға жұмысқа орналасады, ал қалғандары жоғары білім алу үшін университеттер мен институттарға оқуға түсіп жатады, – дейді облыстық білім беру басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Қарлығаш Асаимова. Бұдан бөлек, «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мұрындық болуымен «Мектеп-Колледж» пилоттық жобасы жүзеге асуда. Жаңа бастама бойынша жоғары сынып оқушылары жалпы орта білім алумен қатар жұмысшы мамандығын да меңгеріп, диплом алып шығатын болады. Ал өндірісті өңіріміз үшін бұл жобаның маңызы зор. Қазіргі таңда облыстағы 7–9-сынып оқушылары үшін 50 бейіндік мектеп таңдалып алынып, жұмысшы мамандықтарды даярлаудың 30 бағыты бойынша колледждермен жұмыла жұмыс жасауда. Яғни, аймақтағы 40-қа жуық колледж мектеп оқушыларына айқара есік ашып, жұмысшы мамандықтардың қыр-сырын үйретуде. Сол арқылы жасөспірімдер болашақта мамандығын саналы түрде таңдап, қазіргі еңбек нарығында қай бағыттардың сұранысқа ие екенін түсінеді, дейді сала өкілдері.
Тағы бір жаңа бастама – кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған «Маман» ұлттық бағдарламасы да сәтті жүзеге асуда. Сондай-ақ, бизнес пен колледж арасында тығыз қарым-қатынас орнату үшін колледждерді қамқорлыққа алу мәселесі де оң шешімін табуда. Сол арқылы ірі кәсіпорындар колледждердің материалдық-техникалық базасын жабдықтауға қолдау көрсетіп келеді.
Жалпы, тізбектеп айта берсек, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында бұл аталғандардан да басқа атқарылған жұмыстар аз емес.
Кедергі көп
Жасыратыны жоқ, елімізде жұмысшы мамандар тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, жыл сайын шамамен 250 мың жас еңбек нарығына жаңадан қосылады. Алайда олардың арасында кәсіби-техникалық білім алғандардың үлесі 18 пайызды ғана құрайды. Мамандардың айтуынша, нарықтың сұранысы бойынша, жұмысшы мамандардың үлесі кемінде 60 пайыз болуы тиіс екен. Бірақ бұл деңгейге жету әзірге мүмкін болмай отыр. Себебі, қазіргі таңда елімізде жұмысшы мамандарға деген сұраныс 52 мыңнан асады. Яғни, осыншама жұмысшы қажет деген сөз.
Сарапшылардың зерттеуіне сүйенсек, 2030 жылға қарай елімізге 500 мыңға жуық жұмысшы кадр қажет болады деген болжам жасалуда. Олардың ішінде ең көп сұранысқа ие мамандықтар қатарында автомобиль және жүк көліктерінің жүргізушілері – 88,1 мың адам, дәнекерлеушілер – 18 мың, құрылысшы-монтажшылар, құрылысшы-әрлеушілер мен суретшілер – 13,4 мың, сантехниктер – 13,2 мың, фермерлер мен аралас өнімдерді өндіру бойынша жұмысшылар – 12,4 мың, сылақшылар – 11,2 мың адам, тракторшылар – 11 мың адам, өнеркәсіптік жабдықтардың слесарлары – 8,2 мың адам және басқалары бар. Сондай-ақ, электронды еңбек биржасы порталында жұмыс берушілерден жұмысшы мамандарына 15 722 бос жұмыс орындары жарияланған. Мұның бәрін қамтамасыз ету үшін кәсіптік-техникалық сала мамандарының санын көбейту қажет. Сол үшін жұмысшы мамандарды даярлау ісімен тек колледждер ғана емес, жоғары оқу орындары да белсенді айналысуы қажет, дейді сарапшылар. Олардың айтуынша, біздің елде «колледждерден гөрі университеттің дәрежесі биік, жақсы білім береді» деген көзқарас қалыптасқан. Сөйтіп, көпшілік жоғары оқу орындарында оқуға құмар. Ал мамандар керісінше елдегі инженерлік, аграрлық, технологиялық бағытта білім беретін университеттердің жартысына жуығы материалдық-техникалық базаға жарымай отырғанын алға тартады. Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы жоғары оқу орны түлектерінің шамамен 40 пайызы жұмысшы мамандықтарына жақын салаларда білім алса да, басым бөлігі теорияны ғана оқиды, тәжірибесі аз. Соның салдарынан жастардың диплом алғаннан кейін басқа бағытқа кетуі, осы салаға деген қызығушылығын төмендеуі сынды мәселелер туындауда. Сондықтан жоғары оқу орындарында да дуалды оқыту жүйесін дамыту, өндіріс орындарымен тығыз әріптестік орнату арқылы еңбек нарығындағы алшақтықты азайтуға болады, дейді сарапшылар. Осы орайда әлем елдерін мысалға алатын болсақ, Германияда жастардың 52 пайызы мектептен кейін бірден кәсіби-техникалық білімді таңдайды екен. Бұл көрсеткіш Финляндияда – 45 пайыз, Оңтүстік Кореяда – 40 пайызды құрайды, яғни түлектердің жартысына жуығы жұмысшы мамандықтары бойынша білім алуға ниетті. Аталмыш мемлекеттерде кәсіптік-техникалық сала экономиканың тірегі ретінде қарастырылады. Ал салыстырмалы түрде қарасақ, Қазақстанда тек әрбір бесінші түлек қана колледжге баратын көрінеді. Бір қызығы, кейбір мұғалімдер мен ата-аналар оқу үлгерімі нашар балаларды үгіттеп, 9-сыныптан кейін кәсіптік-техникалық колледжерге жіберіп жататыны да жасырын емес. Себебі, олар мұндай оқушылар 11-сыныпқа барғанымен ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыра алмайды, жақсы оқуға түсе алмайды деген пікірде. Бұл – дұрыс емес. Сондықтан алдымен қоғамда кәсіптік-техникалық колледждерге деген дұрыс көзқарас қалыптастыру маңызды.
Тағы бір мәселе – жұмысшы мамандардың жалақысын көтеріп, әлеуметтік қолдауларды күшейту қажет. Олай дейтініміз, осы салада еңбек ететіндердің көбі айлығының аз екенін айтуда. Солардың бірі – Павлодар қаласының тұрғыны, жас маман Азамат Сәбит:
– Мен облыс орталығындағы ірі зауыттың бірінде еңбек етемін. Әрине, жұмыс жеңіл деп айта алмаймын. Күні бойы шаң-тозаң, тарс-тұрс еткен шуылдақтың ішінде жүреміз. Кейде ауырып қаламын. Бірақ қолыма алатын айлығыма көңілім толмайды, – дейді. Бұл ретте, бүгінде елімізде жұмысшыларға деген сұраныс өндірісті өңірлерде көп екені, оған басты себеп жалақының аздығы жайлы жиі айтылады. Сондықтан жастардың көбі курьер, такси жүргізушісі сынды бағыттарға кетуде.
Сарапшылар, бүгінде егемен еліміз жаңа индустрияландыру кезеңіне қадам басқанын айтып, сол үшін өндіріс орындары, құрылыс, энергетика салаларында жұмысшы маман жетіспегендіктен шетелдік жұмыс күшіне тәуелді болып отырғанымызды алға тартуда. Мәселен, қазіргі уақытта Қазақстанда 200 мыңға жуық шетелдік азамат еңбек етуде. Өйткені, кадр жетіспейді. Бүгінде электрондық еңбек биржасында мыңдаған бос жұмыс орны тұр. Оның ішінде Павлодар облысы да бар. Біздің аймаққа 6 мыңнан астам жұмысшы қажет. Сұраныстың көбі жұмысшы мамандарға тиесілі екен.
Міне, бұл аталған мәселенің бәрін бір жылда шешу мүмкін емес, әрине. Ол үшін бірнеше жылға арналған нақты реформа, жүйелі жоспар қажет. Десе де, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында біраз істің басын қайырып, мүмкіндіктерді жіберіп алмаған жөн.
Нұржайна ШОДЫР.

