Қазақ театрының шырақшысы

Қар 20, 2025

Қасымхан Шанин 1925 жылы 15 қазанда Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1937 жылғы қуғын-сүргіннен кейін Шаниндердің отбасы Алматыдан Шымкентке көшіріліп, осы қалада Қасымхан Шаниннің театрға бағышталған өмірі басталады. Ол 1940 жылы Шымкент облыстық драма театрында актер болып жұмыс істей бастайды. 1946 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының (БМКИ-ВГИК) режиссерлік факультетіне түседі де, артынша отбасы жағдайына қарай Ташкенттегі Театр-көркемөнер институтының режиссерлік факультетінде оқуын ары қарай жалғастырады. Содан кейін Ленинградтағы курстарда біліктілігін арттырады.

Институтты бітіргеннен кейін ол Шымкент облыстық драма театрында режиссерлік қызмет атқарды. Б.Майлиннің «Шұға», Р. Гамзатовтың «Тау қызы», К.Смайыловтың «Сенім күші», «Жаяу Мұса», С. Адамбековтің «Біздің үйдің жұлдыздары» спектакльдерін сахнаға шығарды. Сондай-ақ, кинода сомдаған рөлдері де ел жадында. Ол «Қазақфильм» студиясы түсірген «Ботагөз» фильмінде Бүркітбайды, «Қараш-Қараш оқиғасында» тілмаш рөлін орындады. 1960 жылдан бастап режиссерлікке ден қойған ол «Шұға», «Жаяу Мұса», «Тау қызы», «Амангелді» секілді шығармаларды сахналап, театрдың өркендеуіне зор үлес қосты.

Өнер жолында табандылық пен шындықты серік еткен Қасымхан 44 жасында өмірден өтті. Ол асылдың тұяғы, тұлпардың сынығы, өз дәуірінің өнер жанашыры болды.

Қазақтың Қасымханы

Қасымхан Шанин – қазақ өнерінде, соның ішінде театр-кино бағытында өзіндік із қалдырып, рухани ерлік жасап кеткен адам. Атақты Шаниндердің әулетінен. Жұмат Шанинді өздеріңіз білесіздер — қазақтан шыққан тұңғыш режиссер, кәсіби сахна өнерінің көшбасшыларының бірі.

Шаниндердің өзі бірнеше ағайынды болған. Жұмат, Әкіш және Атығай Шаниндер. Қасымхан — соның Әкішінің баласы. Әкесі де, шешесі де Шымкенттегі Шанин атындағы драма театрында актер болып істеген. Ылғи әртістер әулетінің ортасында, шығармашылық отбасында дүниеге келген Қасымханның өнер иесі болмауға қақысы да болмаған секілді.

Қасымхан от болатын. «Алдаркөсе», «Ботагөз» фильмдерін көрсеңіз, Қасымхан Шаниннің бейнесін анық байқауыңызға болады. Өте өткір, қайсар мінезді, шап берме рөлдерге мықты болатын. Әртіс ретінде ол көптеген рөлді сомдады. Солардың ішінде менің есімде қалғаны – Шоқан Уәлиханов. Шоқан алғашқы, мықты рөлдерінің бірі болды. Шоқанды М.Әуезов театрында Нұрмұхан Жантөрин де ойнаған. Ал Қасымхан сомдаған Шоқан бұрынырақ қойылды. Спектакльдің тұсаукесеріне Сәбит Мұқановтың өзі қатысыпты. Ол кезде мен орта мектептің оқушысымын. Мен туып-өскен Кентау өңіріне Шымкент театры гастрольдік сапармен келді. Шоқан туралы аннан-мұннан естігеніміз болмаса, орта мектептің баласы не біледі дейсің?! Сонда спектакльді көріп отырып, тірі Шоқанды көргендей әсер алдым. Әлгі Шоқан осындай-ақ болған шығар деген ой келді. Бұл дегеніңіз – актердің орындаушылық шеберлігінің мықтылығы. Сөйтсек, тірі Шоқанымыз –
Қасымхан ағамыз екен. Сәл мұрны батықтау, орташа бойлы, сылыңғыр қараторы жігіт екен. Қап-қара көмірдей шашы бар, көзі жалт-жұлт еткен, керемет, сондай отты. Шанин театры спектакльдің соңында кентаулықтарға арнап гала-концерт берді. Сондағы Қасымханның айтқан әндері әлі күнге жадымда. Халық әндері дейсіз бе, өзге ұлттың әндері дейсіз бе, сызылта орындағанда, қолындағы аспабына сиқыр біткендей сезілетін. Домбыра да шертетін, аккордеонда да ойнайтын. Бала көңілімде қалып қалған, әлі күнге дейін дауысы құлағымда. Бертін келе ол кісі жайлы Қалмақан ағамыздан естігенім бар.

Қалмақан Бисенбиев ағамыз екеуі Шымкенттегі театрда көп жыл бірге жұмыс істепті. «Аудандарға гастрольдік
сапарлармен жиі шығамыз. Бүгінгідей транспорт та көп емес. Ауыл-ауылдың арасына сықырлатып арба-мен жүреміз. Көпшілігі әлгі сықырлаған арбамен кетеді де, біз Қасымхан екеуіміз жаяу баратынбыз. Қасымханның қолында — аккордеон, мен домбыра ұстаймын. Жол бойы халық әндері дейсіз бе, түрлі-түрлі әнді сызылта салатынбыз. Жол бойы жергілікті тұрғындар бізбен ілесіп, арқамыздан қағып, бетімізден сүйіп, қосыла ән шырқайтын. Ана бекеттен, мына бекеттен жиыла көпшілік шығарып салып жататын. Қасымхан шын мәніндегі халық әртісі еді ғой», – деген еді бір әңгімесінде.

Қасымхан Шанин режиссерлікпен де айналысты. Кәдімгідей көңіл қойып, назар салып айналысты. «Жалбыр», «Қыз Жібек» сияқты қойылымдарды қойып, театр сахнасына шығарды. 1969 жылы «Жетісай» театры ашылды. Сонда Қасымхан Шаниннің ұйымдастырушылық қасиеті кеңірек ашылды.

Қасымхан мен Шәкен Айманов ағамыз екеуі қатты араласыпты. Екеуінің бірге жүретінін жиі көріп қалатынмын. Әзіл-қалжыңға мол, күлгенде де ынта-шынтасымен, таусылып күледі екен. Өнер адамына тән от мінезді, өршіл рухтағы кісі еді. Тұрымтайдай түйілген, жинақы, қолмен қысып ұстаған серіппе сияқты, адамды селсоқ қалдырмайды. Көзінде, жүріс-тұрысында да бір сиқыр болатын. Әкесі мен анасы Қасымханның асты-үстіне түсіп, өбектеп жүретін.

Қасымханның бейнесі кинода ғана қалды. Мәселен, «Ботагөз» фильмінде Бүркітбайды сомдады. Бүркітбайдың рөлінде ойнап тұрып, ән салатын жері бар. Домбыраны қағып-қағып жіберіп, соңында әудем жердегі қарағайға домбыраны салып қалғанда, домбыраның пәре-пәресі шығып, қақырап қалады. Iшкі толқыныс, бірдеңеге наразылық, біреулерге көрсеткен қыры. Міне, шын актерлік шеберліктің қыры. Бұл – Қасымхан Шанин туралы жазылар әңгіменің басы ғана. Аңызға бергісіз өмірі бар таланттың біз білмейтін қыры қаншама. Қазақтың талай марғасқа өнер қайраткерімен бірге жүрген, талай кейіпкерді бірге сомдаған, қазақ кинодраматургиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Қасымхан аға жайында әлі талай жыр-аңыз, естелік-зерттеулер жазылар деген үміттеміз!

Әшірбек СЫҒАЙ, театр сыншысы.

 

тұлғалар пікірі

Бәйтен ОМАРОВ,

Қазақстанның Халық әртісі, театр режиссері:

–  Қасымхан өзі айрықша азамат еді. Бір бағытта емес, жан-жақты. Бір жағынан жақсы музыкант, әнші, әке-шешесі де өнерлі. Атақты Жұмат Шаниннің тұқымдары ғой.

Ол спектакль ойнағанда жан-тәнімен берілетін. Ол үлкен адамгершілік иесі еді. Айтқанынан қайтпайтын, біреудің ығында жүрмейтін еді. Өнерде өзінің жолын іздеп, өзінің бағытымен жүре білді. Сондықтан оны ел өте сыйлады. Бала-шағалары да өте дарынды болып ержетті. Қасымхан аз уақыт өмір сүрсе де, өнерде өз ізін қалдырды. Дарындылығы арқылы білген адамдардың есінде қалды.

 

Қалаубек ТҰРСЫНҚҰЛОВ, жазушы:

– Ол кезде театрдың дүркіреп тұрған кезі. Сейіт Тасмағамбетов, Мұхтар Өтебаев, Бике Серікбаева, Әкіш пен Мәкіш Шаниндер, Айша Абдуллиналар өнер көрсететін. Театрдың бас режиссері Әубәкір Ордабаев айтқанын екі
еткізбейтін өз ісінің шебері еді. Ал екінші режиссер Қасымхан Шанин болатын. Қасымхан менің «Кәпірзада оқиғасы» деген пьесамды қойды. Ол өте өжет, батыл, ақкөңіл жан еді. Алған бетінен қайтпайтын. Қасымханда қайраттылық басым болатын.

Қасымхан аса қарапайым, орта бойлы, ашаң жүзді, қимылы ширақ, бастаған ісін тез тындыратын еті тірі жігіттердің бірі еді…

 

Ақсақал ҚАЛМЫРЗАЕВ,

Қазақстанның Халық әртісі:

–  Қасымханмен қатар оқып қана қоймай, жұмысты да бiрге iстедiк. Ол Бағара халық театрының базасында Жетiсай театрын құрды. Атақты Шаниндер әулетi шетiнен өнерпаз едi. Әкесiнiң ағасы Жұматтың ақталуы үшiн құжаттарды жинап, тиiстi орындарға тапсырып, қаншама жанталасып жүрдi. Әттеген-айы, халық жауы ретiнде ұсталған Жұматтың соңынан ақталып, облыстық театрға есiмi берiлген ақжарылғап күнге жете алмады, өмiрден ерте өттi. 1956 жылы Шоқанның бейнесiн сахнада тұңғыш сомдаған Қасымхан болды. Шәкен Айманов оны «Ботакөз», «Қараш-Қараш», «Алдар Көсе» фильмдерiне түсiрдi.