1950-60 жылдары Шымкенттегі біз тұрған үйге әкеме арнап құрмет тақтасының ілінуі мені тың ойларға жете-леді. Күн сайын қасымызда жүрген әкеміздің барлық қадірқасиеті мен өнерін, әртістік дарыны мен режиссерлік тұлғасын сол жылдары толық түсіне алмағанымды, түйсінетіндей жағдайға жете алмағанымды білгенімде, жүрегім қан жылайды…
Шанин деген фами-лияны естігенде кез келген адам алдымен қазақ театрларының негізін қалаған үлкен атамыз Жұмат Шанинді еске алары белгілі. Арғы үлкен атамыз Шана ақсақалдан тараған бес ұлдың бірі Тұрғынбайдың Жұмат және Әкіш атты екі ұлы болған. Менің әкем осы Жұмат атамыздың інісі Әкіштің жалғыз баласы болатын. Жұмат атамыз 1937 жылы «халық жауы» болып ұсталғанда, Әкіш атамыз бой тасалап, Шымкент қаласына көшіп барған екен. Сол жылдан бастап атамыз құдай қосқан қосағы Мәкіш әжемізбен бірге Шымкент қаласында ашылған облыстық драма театрының әртістері болып жұмыс істеді. Театр өнерінің исі сіңген әулетте дүниеге келген әкем Қасымхан да әке-ағаларының жолын қуды.
Әкемнің айтуынша, ол мектепте оқып жүрген кезінде жазған шығармаларын мұғалімдер өзінен жоғары класта оқитын балаларға үлгі қып оқып берген көрінеді. Тіпті, үлгілі тәртібі мен озат оқуы үшін бүкілодақтық «Артек» пионерлер лагеріне де барған екен. Мектепті де өте жақсы бітірді. Ташкенттегі, Ленинградтағы актерлік шеберлік пен режиссура курстарында оқыды. Қазіргі Жұмат Шанин атындағы Шымкент облыстық драма театры ашылған күннен бастап, онда атам Әкіш, апам Мәкіш, әкем Қасымхан, яғни бір сөзбен айтқанда, Шаниндер әулетінің тұтастай екі буын ұрпағы жұмыс істеді.
Біздің қонақжай үйімізден қонақ арылмайтын. Қ.Қуанышбаев, Ш.Айманов, Ш.Жиенқұлова, С.Мұқанов, күш атасы Қажымұқан, Қ.Қармысов, Ш.Қалдаяқов, Е.Өмірзақов, С.Қожамқұлов, Н.Тілендиев, Қ.Жандарбеков сынды қазақ өнерінің дүлдүлдері дәм татқан дастархан жайылған дөңгелек үстел бүгінге дейін төрімізде сақтаулы.
Оның әрбір қойылымы Шымкент қаласы мен аудандардан арнайы келетін көрермендердің зор серпілісін туғызып, құрметіне бөленетін еді. Театрға шалғай аудандар мен ауылдардан да көрермендер жиі келетін. Театр маңындағы көшелерде көрермендерді тасымалдайтын көліктер іркес-тіркес болып сыймай тұрушы еді.
Әкем қонақжай әрі сері адам болатын. Көңіліне жаққан адамына құлай кететін мінезі де бар еді. Бірде анамыз әкеме соңғы үлгідегі ешкімнің қолы жете бермейтін көк-сұр пальто сатып әперіпті. Осы пальтоны алған күні бәріміз барып, бірге суретке түстік. Үйге қайтып келсек, үйде Шәмші аға отыр екен. Шәмші ағаны шығарып салғаннан кейін анамның: «Кеше сағат кетті, бүгін пальто» деп жымиғаны әлі есімде. Сөйтсек, әкеміз су жаңа пальтосын Шәмші ағаға кигізіп жіберіпті. Не деген өнерге деген адалдық, досқа деген құрмет десеңізші…
Жанат ШАНИНА,
Қасымхан Шаниннің қызы.
