Мәдениет — ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Қай кезеңде болмасын, мемлекеттің даму сатысында мәдениеттің орны ерекше. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тарихымызды түгендеп, ұлттық құндылығымызды ұлық- тауға, әдебиет пен өнерімізді танытуда аянбай еңбек еткен сала мамандары баршылық. Сондай жандардың бірі — ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Шаңырақ» халық шығармашылық орталығының бөлім басшысы Алмагүл Бұзаубаева. Мәдениет қызметкерлерінің күніне орай өз саласының үздігімен сұхбаттасудың сәті түсті.
— Алмагүл Әшімқызы, өзіңіз жайлы айта кетсеңіз. Мәдениет жолына қалай келдіңіз?
— Мен Май ауданы Жаңатілек ауылында дүниеге келдім. Мектеп ордасында білім алып жүргенде түрлі тілдік, мерекелік шараларға белсенді қатыстым. 1980 жылы мектепті аяқтаған соң, арман қуып бұрынғы Н.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтына оқуға түсуге бардым. Алайда емтихан кезінде әділетсіздіктер орын алып, өз қалаған мамандығыма оқуға түсе алмадым. Сол оқиғадан көңілім қалып, қайта туған жеріме оралдым. Сала маманы болмасам да, бойымдағы талантымның нәтижесінде елді мекеннің мәдениет үйінде біраз уақыт көркемдік жетекші болдым. Кейін ауылдан жолдама беріліп, колхоздық стипендиямен Ермак (қазіргі Ақсу) қаласының мәдени-ағарту училищесінің «мәдени іс-шаралар режиссері» мамандығына оқуға түстім. Оқуды аяқтаған соң, аудандық мәдениет бөлімінің шақыртуымен 1890-1990 жылдары Май аудандық мәдениет үйінің «халық» театрының қоюшы режиссері болып қызмет еттім. 7 жылдай Павлодар аудандық мәдениет бөлімінің халық шығармашылығы бөлімінің бас маманы қызметін атқардым. 2014-2015 жылдар аралығында сол ауданның мәдениет үйінің директоры болып еңбек етіп, сол жылдан 2021 жылдың соңына дейін облыстық «Шаңырақ орталығының халық шығармашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалдым. Бүгінде осы орталықтың халық шығармашылығы бөлімінің мәдени ұйымдастырушысы ретінде еңбек етудемін. Биыл бұл салада қызмет атқарып жүргеніме 38 жыл болады екен.
— 2019 жылы «Ең үздік облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері» деген аталымға ие болған екенсіз. Сіздің ойыңызша, үздік қызметкер қандай болуы керек?
— Мамандық таңдау — өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Мәдениет саласына келетін болсақ, сол бағытты таңдаған адамның бойында сабырлылық, төзімділік, өзін-өзі көпшілік ортада ұстай алатын ұйымдастырушылық қабілеті болуы қажет. Кез келген қызметте бәсекелестік болатыны сөзсіз. Сондықтан қазіргі заманның талабына сай, бірнеше бағытты меңгергені абзал. Бұл —
қазіргі қоғамның талабы. Бір сөзбен айтқанда, мәдениет саласы қызметкерінің бойында бірнеше дарын болуы керек. Әр адам таңдаған мамандығына қалтқысыз еңбек етіп құрмет көрсетсе, өз ісінің үздігі болатыны сөзсіз.
— Сізді тек мәдениет қызметкері ғана емес, ақын ретінде де білеміз. Осы уақытқа дейін бірнеше әнге сөз жаздыңыз. Жалпы, мәдениет пен әдебиетті қатар алып жүруге бола ма?
— Әрине, болады. Бастысы, ниет қажет. Мен үшін әдебиет пен мәдениет – егіз ұғым. Ал ақындық өнерге келетін болсақ, ол маған бала кезден дарыды. Ырысты әжемнің тәлім-тәрбиесін көріп, эпос-жырлар мен қисса кітаптарды көп оқып, той-думандарда дастархан басында өлең оқып, көптің назарына ілініп, қошеметіне бөленгенмін. Жастайымнан Фариза Оңғарсынова, Рза Қунақова, Мәриям Хәкімжанова, Күләш Ахметова секілді апайлардың өлеңдерін оқығаннан кейін көңілімде шабыт оты жалындап, қолыма қалам алдым. Алайда жүрегімді құлыптап, өлеңге орын қалдырмаған кездерім де болды. Жазмыштан озмыш жоқ дейді ғой. Тағдырдың жазғаны ма, ұлым Әділеттен айырылып қалдым. Қайғыдан қан жұтып, төсек тартып, көп уақыт өлең жазбай қойдым. Сол уақыт аралығында өнердегі сіңлім, айтыскер ақын Алмагүл Жүгінісова демеу болып, қайта өлең жазуыма себепкер болды. Өлең жазу арқылы қайғымды, шерімді шығардым. Сондағы өлеңдердің бірін ұлыма арнадым:
— Хан Тәңірден тілеп алған жалғыз ұлым, құлыным,
Көз алдымда желбірейді,
желдей есіп тұлымың.
Күннен сұрап, айдан сұрап келе ме деп жарығым,
Анаңның да таусылды ғой тама-тама нұрының.
Су Құдайы Сүлейменге
жыласам да жалына,
Менен сені тартып алып бала қылып алды ма?
Көз жасымнан көл жасадым, ақботам-ау, бір күні,
Сол айдында өзің келіп отырар деп алдымда, — деп сағынышпен өлең жазғаным бар. Шығармашылығыма шолу жасасақ, «Астана», «Арыстар», «Сапқа тұр, майдангер», «Ардақты менің ұстазым», «Аяулы менің анашым», «Қыз назы», «Пәк сезім», «Май елі, мерейлі мекенім» секілді көптеген әнге сөз жаздым. 2021 жылы 55 жас мерейтойыма орай С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Көңілімнің көктемі» атты шығармашылық кездесуім өтті. Кеште әндер шырқалды, өлеңдер оқылды. Бір сөзбен айтқанда, жоғары деңгейде өтті.
— Бүгінде мәдениет саласының қызметкерлеріне қанша-лықты көңіл бөлінуде?
— Мәдениет және өнер саласы қызметкерлері теңгенің құны құлағалы құлазып кетті. Себебі, жалақы аз. Иә, бұл мәселе биік мінберлерде билік өкілдерімен талай көтерілді. Қанша рет қоғамдық талқыға түссе де, бұл санаттағы қызметкерлердің мардымсыз жалақысы жоғарылаған жоқ. Сонда да үмітін үзбестен, ел руханияты үшін адал еңбегін артық көрмей жүрген жандар үшін жағымды жаңалық Президенттің биылғы Жолдауында жарияланды. Мемлекет басшысының мәдени сала қызметкерлеріне лайықты көңіл бөлінбей отырғанын айтып, алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің айлығын көтеру туралы шығарған шешімі дәл осы саланың мамандарын су бүріккендей серпілтіп тастады. Өкінішке қарай, өзге орталық қызметкерлерінің жалақы мәселесі қалыс қалып жатыр. Бізде де айлық төмен. Қызметкерлердің көпшілігі соның себебінен бірнеше жерде жұмыс істеуге мәжбүр.
— Әр адамның армандайтыны сөзсіз. Ал сіздің арманыңыз қандай?
— Арман көп қой, әрине. Оның барлығын айту үшін көп уақыт қажет шығар. Басты армандарымның бірі – кітап шығару. Болашақта өзімнің өлеңдер жинағымды қолыма ұстаймын деп ойлаймын.
— Келе жатқан мерекелеріңізбен! Әріптестеріңізге жылы тілек білдірсеңіз…
— Рақмет! Аталмыш мереке күні мәдениет пен өнер саласына еңбегі сіңген аға буын өкілдеріне айтар алғысым шексіз. Еліміздің өркендеп-өсуіне, мәдениет биігіне шығармашылық тұрғыдан қызмет етіп, халықты тамаша өнерлеріңізбен қуанта беріңіздер! Бүгінгі күн – Тәуелсіз Қазақ-станның, Мәңгілік елдің келеше-
гін кемел, болашағын жарқын ететін, ұлттық бірегейлігімізді танытуға үлес қосатын жақсы күн болсын дегім келеді. Баршаңызға шығармашылық жолда толағай табыс, еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Әрдайым абыройларыңыз асқақ, мерейлеріңіз үстем, өнердегі жұлдыздарыңыз жарық болсын демекпін!
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.