Успен ауылының Мәдениет үйінде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында «Жастар заңмен бірге» атты жастар форумы ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру және қоғамдағы заңдылық пен тәртіп қағидаларын нығайтудағы жастардың рөлін айқындау.
Іс-шара барысында заманауи цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері таныстырылды. Қатысушыларға жасанды интеллекттің қолданылу бағыттары көрсетіліп, интерактивті ақпараттық киоск пен AI-робот арқылы форум бағдарламасымен танысуға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар, робототехника және инновациялық жобалар көрмесі де ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында мектеп оқушылары «Адал ұрпақ» ерікті клубтарының қызметі мен жас жол қозғалысы инспекторларының жұмысын таныстырды. Сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған көрмелер, 3D-кітап экспозициясы және LED-экрандағы бейнероликтер ұсынылды. Форумның негізгі бөлімінде ғылыми қауымдастық пен жастар ұйымдарының өкілдері баяндама жасап, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Шара соңында жастардың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, форумға мерекелік әрі әсерлі көңіл-күй сыйлады.
Н.ҚАЛЫБЕК.
УСПЕН АУДАНЫ
