Железин аудандық прокуратурасы полицейлермен бірлесіп, тұрғындарға интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған амалдарды түсіндіруде. Осы ретте, құзырлы орган өкілдері үй-үйді аралап, кәсіби кеңес беруде.
Аудандық полиция бөлімінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасындағы ақпаратқа сүйенсек, іс-шараға учаскелік инспекторлар, криминалдық полиция қызметкерлері, сондай-ақ, өзге бөлімшелердің мамандарынан құрылған топтар атсалысқан.
Железин аудандық полиция бөлімінің бастығы Қуат Түсіпбековтің айтуынша, тәртіп сақшылары жадынамалар мен буклеттер таратып, алаяқтардың айла-тәсілдеріне қалай алданбау керектігін түсіндіруде. Сонымен қатар, көшелерде тұрғындармен әңгіме жүргізіліп, интернет-алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері туралы ақпарат беруде.
Мамандар қазіргі таңда ең жиі кездесетін алаяқтық тәсілдерінің бірі — «банк қызметкері» болып хабарласу екенін айтады. Мұндайда қылмыскер азаматтарды несие рәсімдеуге немесе жинақ ақшаңызды шешіп алып, ұсынылған есепшотқа аударуға көндіруді мақсат етеді. Алайда, бұл есепшоттар алаяқтарға тиесілі. Алаяқтардың тағы бір тәсілі танымал интернет-ресурстарда жалған жарнамалар орналастыру көрінеді. Бұл ретте, мамандар интернет арқылы тауар сатып аларда сатушының сенімділігіне көз жеткізбей, алдын ала төлем жасауға келіспеуге шақырады. Сондай-ақ, ешкімге жеке және құпия деректерді бермеу қажеттігін де еске салды. Нақтысы, құпия сөздер, банк картасының артқы жағындағы CVV-кодты, PIN-кодтар, сондай-ақ, SMS арқылы келетін бірреттік растау кодтарын айтпау керек.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
ЖЕЛЕЗИН АУДАНЫ
