Спорт кешені салынуда

Сәу 23, 2026

Екібастұз қаласында осыдан екі жыл бұрын жеке кәсіпкердің қаржысы есебінен дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің құрылысы басталған болатын. Бүгінде бұл спорттық нысанда жұмыс қарқынды жүріп жатыр.

Шаһардағы Мәшһүр Жүсіп көшесі, 52К мекенжайында бассейні бар кешен салынып жатыр. Оның жалпы аумағы 1825 шаршы метрді құрайды. Ірі спорт нысанының іргетасы 2024 жылдың сәуір айында қаланған болатын. Жоспар бойынша, осы жылдың соңында қолданысқа тапсырылуы тиіс. Бұл ретте жергілікті билік құжаттарды рәсімдеу және теникалық шарттар алу бойынша қолдау көрсетті.

Қала әкімі Аян Бейсекин құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Спорт кешені басшылығының айтуынша, мұнда ересектерге және балаларға арналған бассейндермен қатар, фитнес залдар қарастырылған. Жүкті әйелдер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың да спортпен айналысуына жағдай жасалмақ.

Шаһар басшысы аталған жоба қаладағы спорт инфрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың салауатты өмір салтымен, жүзумен тұрақты түрде шұғылдануына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Өз кезегінде жеке инвестор кешен аумағын абаттандырып, оны тұрғындардың барлығына бірдей ыңғайлы демалыс аймағына айналдыратынын айтты.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫ