Парасат пен парыздың биігінде өткен ғұмыр

Жел 25, 2025

Қас-қағым сәтте өмір көші зуылдап өтіп барады. Ала-құла тіршілікте бірде жарқ етіп күннің көзі шыққандай сезінесің, бірде қара дауыл соққандай денең сыздап, тоңасың. Құрмет пен абырой елін, жерін, отанын сүйген әділ, өз сөзіне берік, ар-намысы биік, ауыртпашылық пен жауапкершілікті бірдей алып жүргендерге беріледі. Ішкі дүниесінде жарығы бар адамға ғана шуақ шашылады. Өмір сынынан адаспай өту, жүректе ұялаған арманға жету екінің бірінің қолынан келе бермейтіні хақ.

Мен бүгін елге есімі әйгілі абзал азамат Қуат Есімханов жөнінде айтпақпын. Ол туралы әлі де көп әңгіме айтыла береді деп сенемін.

Біз Май ауданында бір заманда туып, жас кезімізде жақын танысып, кейін қызмет бабымен кездесіп, бүкіл өміріміздің қызық-шыжығын бірге өткіздік. Бақыт пен Әсия екеуі де тіл табысып, апалы-сіңлілідей сырлас болды. Балаларымыз, немерелеріміз де өзара жақын тартып араласады. Есімхановтар отбасы біз үшін жақын туысымыздан да артық болып кетті және де менің бұл ойымды басқа да адамдар дәл осылай пайымдайды деп білемін.

Қуат Есімхановтың өнегеге толы өмірбаяны, істеген қызметі, бабымен өткен жолы бұқара халыққа таныс, әр кезде теледидар көріп, газет, журнал беттерінен оқыған боларсыздар. Оның үстіне қазақ еліне белгілі ақын-жазушылар, журналистер, ғалымдар Қуат Есімханов туралы жазған туынды, өлең, мақалалары көпші-лікке кең таралған. Дегенмен де, біздің бірге істеген Май ауданы, Ақсу қаласы мен ауданындағы еңбек жолына байланысты, оның адамгершілік болмысын, қасиеттерін, үлгі тұтатын іс-қимылдарына қатысты бір адамдай білетінім бар екені тағы да анық.

Қуакең аяулы қос анадан тәрбие көргенін жиі айтатын. Дүниеге келгенде Камеш әжесі қырқынан шыққаннан өз бауырына басып, ешкімге ұстатпай тәрбиелеген. Бетін қайтармай бұлан ерке қылып өсірген. Бала болғаннан кейін еркелік болғанын да айтып, күлдіріп отыратын. Жас кезінде өзенге барып, үйректері көп көршілері (орыс ұлты) балық аулай алмай үрейге салатын. Бір күні салған қармағына үйрек ілініп, үй иесінің зайыбы үйректі қармағымен бірге Қуаттың әжесіне әкеліп жанжал шығарғысы келгенде, үйдегі үш қаздың біреуін беріп, «Әрі жүр, менің балам тентек емес» деп кері қайтарған екен.

Қуат төрт жасынан қолына домбыра ұстап, ән айта бастады. Тоғыз жасында әжесі дүкеннен гармонь сатып әперген. Жеті класс оқып жүрген кезде, Камеш әжесі дүние салғаннан кейін Жәкен анасы Қуатты өсіріп-жеткізгені бәрімізге мәлім.

Қызмет бабымен жақын ара-ласып, Жәкен анамыздың қолынан талай дәм таттық. Қуат тұстас азаматтар ол кісінің баласы болғандай болдық. Қонақжай, оқыған-тоқығаны көп. Баласының жақсы ортада болғанын, үлкен тәрбиеден өткенін тілеп отыратын. Үйлеріне келген кісілерді жайдары мінезімен қарсы алып, әңгіме-дүкен құрып, бауырына тартатын. 1996 жылы Өскемен қаласына көшіп барып, елін сағынғанда, біз телефон шалып сәлем айтсақ, «Ақсудағы алтындарым» деген сөзі аңыз болып қалды.

Қуакең жастайынан ерекше парасатты, сөзіне берік, тесіктен өтпей қалған емес, қаршадайынан жалындап, адымы аршындап, елінің ісіне жегіліп өсті. Отыз жасқа толар-толмаста Май ауданы Жалтыр совхозына директор болып тағайындалды. Сол кезден бастап Қуат Есімхановтың ісіне аңыз ілесе бастады. Бетке айтады, турасын айтып, тура сөйлейді, адалынан іс істейді, істетеді. Қарамағындағы азаматтарға талапты қатты қояды. Бірақ әділ. Рушылдық, жүзшілдік батпағынан кіршіксіз таза. Бірге жүрген азаматтар жас кезде де, кейін марқайып есейгенде де бір-бірімізден руға бөлмек түгілі сұрап та көрмедік.

Жұмыста өзін де, өзгені де аямайды. Қарамағындағылардың рухани өсуін, түлеп-толысуын қадағалайтын. Өзіне еріп, іс барысында ілесе алмағанның соры. Дәл сол сәтте «мынау алыс, мынау жақын» деген әңгіме жоқ. Қайтымы да тез. Зіл жоқ. Пайымы дұрыс емес биік сатыдағы басшыларға да көзіне қарап, тіке сөйлейді. Мансаптан айырылып қаламын деп бүгілген, бүгежектеген күнін көрген емеспін, естігенім де жоқ. Осының өзінде, бақталастары болмаса, былайғы жұрт Қуат Есімхановты өлердей жақсы көрді. Оған көзі тірі, бірге істеген, танитын жандар куә. Әсіресе, қарапайым майталман азаматтардың аузынан естіген әңгімелері баршылық.

Май ауданында істеп жүрген уақытында Сыздықов Уахап Бекұлы басқарған кез еді. Сол уақытта ауданның өрлеуі, өсуі болған кез. Жас мамандар топ болып өзін-өзі көрсетіп, әр салада қабілетті жастар көзге түсе бастады. Олар –
Т.Аққұлов, М.Телебаев, Ш.Сәрсенбаев, И.Әбдіхалықов, Ж.Нұрғалиев. Әлі де тізбелей беруге болады. Әрине, бұл тізімде мен және Қуат та болды.

Уахаң жас мамандарды өзі сұрыптап, жауапты қызметтерге сатылап тарта бастады. Ал осы тізімнің ішінде Қуат Есімхановты Уахап Бекұлы жеке-дара қадірледі, жанына ертті. Қуакең де өз жолынан тайынған емес. Қуаттың беттілігі, білімділігі, шешендігі, жауапкершілікті өзіне ала білуі, ұйымдастыру қабілеттілігі, керек болса қолына домбыра ұстап ән шырқауымен бәрімізден ерекше-леніп тұратын. Жалтырда жүріп Қуакең тек өз басына абырой жинап, басшылардың көзіне түсіп қана қойған жоқ. Мен сол елдің тумасы болғандықтан болар, Қуат көп қарапайым адамдардың арасында беделі өсті, абыройы артты. Сол кездің өзінде жүріп, ауыл мәдениетін дамытуға бастама жасады. Қазақ ансамблін құрып, ауылдағы жиын-той жас директордың әні шырқалмай өтпейтін. Осы еңбектері үшін Қуат Есімханов Қазақ КСР-інің мәдениет қайраткері атанып, Алматыға барып, Д.Қонаевтың қолынан марапат алды.

Жас жігіт күні-түні тынбай еңбекке кіріскеннен мойнындағы жүк біртіндеп ауырлай берді. Қуат ел несібесін еселендіре түсуге ұмтылды, еселеп қосты. Кеңестік қоғам күйреп, жан-жақтағылар сергелдеңге түсіп, аумалы-төкпелі кезеңде ел-жұртын кетерісуге азаматтардың басын қосқан басшы болды, ақыл-кеңесімен ғана емес, өзінің жеке үлгісімен де, жылы сөзімен де рухтандырды.

«Пайда ойламай, ар ойлаған» азаматтық мінезі Ермак қаласында анық көрінді. Қуат Есімханов 1987 жылы Ермак аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1989 жылы өңіріміздің тарихында ең алғаш болып Ермак қалалық партия комитетінің қазақтан шыққан бірінші хатшысы болып сайланды. 1992 жылы кеңес үкіметі ыдырап, егеменді еліміздің Ақсу ауданының әкімшілік басшысы болып тағайындалды. Осы кезде жұдырықтай жұмыла жұмыс істеген білгір басшының командасы айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Ауданда агроөнеркәсіп комбинаты бой көтерді, өйткені, мол өнімділікке қол жеткізу үшін заманауи технологияны игеріп, өндірісті алға жылжыту үшін аталмыш мекеме қажет еді.

Қуат Есімханов сол кездерде ретін тауып шет елдерді аралап, көрген озық технологияларды ортаға талқыға салып, туған елінің дамуына жол іздеді. Өз кезегінде басшылық қызметте жүрген бірқатар азаматтар АҚШ, Қытай, Италия, Голландия, Ресейге арнайы іссапар ұйымдастырып, тәжірибе алмасуға жіберілді. Тіпті, бидайды шетелге саудалау жолға қойылды, Италияға жылқы сатылса, Иран мен Ауғанстанға ұн саудалана бастады. Ал Гагарин атындағы совхоз Голландия мамандарымен бірлесіп, картоптың жаңа тұқымын өсіруді қолға алды. Ақсу қаласында ұзын тас жол бойында ет, сүт, қымыз, май, құрт сынды шаруалар өнімін сататын дүкендер есігін ашты. Осылайша, тоқсаныншы жылдың бас кезі, қиын-қыстау заманда ауылдықтардың әлеуетін арттыруға Қуат Есімханов қадам жасаған еді.

Ауданның әр шаруашылығында қайта өңдеу цехтары ашылып, күнбағыс майын, ірімшік пен макарон жасау қолға алынды. Франциядан келген мамандар аудан орталығында шұжық, «Путь Ильича» қатты ірімшік, чипсы цехтарын салды, наубайхана, диірмен, жарма кешендері істей бастады. Мал терісін илеу, тігін цехтары, аңшылық фермалары ашылып, іс жүзінде аса бастады. Сонымен қатар, ауданның, Ермак қаласының рухани өмірі шет қалған емес. 1989 жылы наурыз айында ұмыт қалған халқымыздың ұлық мерекесі «Наурыз мейрамы» Ақсу өңірінде жандана бастады. Ермак қаласында киіз үйлер тігіліп, ұлттық киім кигендер қазақ халқының салт-дәстүрін қала тұрғындарына паш етті. Бұл 87 пайыз Ермак қаласында тұратын басқа ұлт өкілдеріне көктен түскен жаңалықтай болды. Павлодар қаласының орталық алаңында өткен театрландырылған көрініске 150 салт атты адам қатысып, өткен дәуірдің көрінісі жасалды. Осы жұмыстардың барлығын Қуат Есімханов ұйқы көрмей, әр нәрсені өзі қадағалап атқарды. Ал істеген, жеткен жетістіктерді «мен істедім» деп көрген емес. Керісінше, шаруашылық басшылары ұйымдастырды деп барлық жерге жар салатын. Өзімен бірге істеген азаматтардың ісін мақтап, лауазымын өсіруге асығатын. Мысалы, 1990 жылы Қазақстан Компартиясының 17-съезіне өзінің орнына Целинный совхозының озат шопанын делегат қылып сайлатты. Ал аудан ауылшаруашылық басқармасы басшысы Кеңесбаев Кенжені Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің мүшесі етіп сайлау тізіміне кіргізді. Кейіннен аттары аталған, аталмаған Ақсудан шыққан азаматтар аудан, облыс деңгейінде басшылық қызметтерге тағайындалды. Көп кешікпей Қуат Есімханов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Тағы біраз уақыттан соң Ермак қалалық партия комитетінің бірінші хатшысына ұсынылды.

Нақты іс, ерекше жұмыс мәнерінің арқасында Қуакеңнің бастауымен бір топ жігерлі, іскер жігіттер аудан мен қала өңірінің тізгінін ұстап, аймақтың экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуын алға бастырды. Олардың арасында М.Пішенбаев, С.Жақыпов, Ж.Аймульдин, Р.Мажиков, В.Левченко, Н.Нәбиев, К.Кеңесбаев, А.Меңдібеков, С.Донской, Г.Рубцов сынды азаматтар бар.

Қуат Есімханов Жоғарғы Кеңестің депутаты болып жүріп академик Манаш Қозыбаевпен танысып, басқа да қазақ зиялыларының «Ермак» жөніндегі зерттеу мақалаларын жариялатып, өңіріміздің қоғамдық ой-пікірінің қалыптасуына ықпал жасады. Қуакең жанына біраз азаматтарды жинап, Ермактың атын өшіру мәселесін неден бастау керегін ақылдасты. Ермактың атында қаладан басқа аудан, совхоз да бар еді. Ескерткіш те тұр еді. Алдымен совхоздың аты өзгертіліп, совхозға Ақсу аты берілді. Кейінірек ауданның атын өзгертуге кірісті. Бұл атаулар – кеңес үкіметі құламай тұрып жасалған істер. Кейіннен қаланың аты, Ермактың ескерткіші де құрыды. Бұл жұмыстар ол шақта ержүректік пен батылдықты талап ететін қадам болды. Сол жылдары Ақсу қаласында Қазақстанның солтүстік өңіріндегі тұңғыш қазақ балабақшасын Қуат Есімханов өзі бастап ашқан болатын. Тікелей Қуаттың ықпалы тиген іс – аудан тарихында «Ақжол» қазақ газеті жарық көрді. Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры ашылғанда, оның материалдық базасының толығуына қомақты үлес қосқанын өңіріміздің халқы жақсы біледі.

Қуат Есімханов лауазымды қызметте жүрсе де лас пікір, сатқын саясатқа кірген емес. Еңкейгенге еңкейіп, шалқайғанға кешірім жасағанын талай көрдім. Ол да Қуаттың үлкен жүректің иесі екенін аңғартады.

1996 жылы мамыр айында Қуакең Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Одан кейін Алматыға, ол жерден Астанаға, 1999 жылы Солтүстік Қазақстан облысына әкімнің орынбасары болып ауысты. 2004 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін «Қазақстан темір жолы» ҰК «Теміржол-су» АҚ президенті болып қызмет етті. Айта кету керек, Қуат Есімханов 15 жылдан астам теміржол саласында абыройлы істерімен, жеке өзіне ғана тән көпшіл мінезімен, іскерлігі және тапқырлығымен, ұлт мүддесі десе ет жүрегі елжірейтін, елдің жүгін арқалаған парасат биігінен бір түспеген бірегей азамат, бір қауым елдің баласына айналып, екі ананың есімін биікке көтергеніне халық куә.

Қуаттың парасатты, ұлағатты мінезі, азаматтығы жайлы, ұлтына істеген істері жөнінде көптеген мақалалар, өлең-толғаулар, естеліктер жазылғанын жоғарыда айттық. Оның ішінде біздің сүйікті газетіміз «Сарыарқа самалы» бетінде шыққан «Ұлтты сүю симфониясы», атақты қаламгер Қойшығара Салғараның «Ұлтты сүю, ұлтшыл болу – қасиет», қазақтың көрнекті ақыны, белгілі мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықовтың «Ұлтжанды азамат» деген өлең-толғаулары және поэма-репортажы, ақын Несіпбек Айтұлы жазған «Наржігіт» поэмасы, «Егемен Қазақстан» газетінің редакторы Жанболат Аупбаевтың «Жоқ іздеген жан» мақаласы, жергілікті ақын Серік Мұхтаровтың өлеңдері, Ақсу қаласындағы бірге істеген әріптесі Серік Жақыповтың естелік мақаласы, белгілі журналист Қуат Құрмансейіттің «Ел перзенті» деген жинақ кітабы оқырмандарға ұсынылды.

Қуат Есімхановтың жан-тәнімен беріліп жасаған үлкен ісі өзінің тікелей қызметінен басқа, қазақтың елеусіз қалған ұлағатты ұлдарын, аты аңызға айналған қыздарының рухын қайта жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты. Өзінің жанында жүрген әріптес достарын ұйымдастырып, күш-жігерін, қаражатын салды. Бұл белгілердің саны, менің есеп-теуімше – 36. Мысалға, қазақтың дүлдүл ақыны Кемпірбай XIX ғасырдың аяғында Семей қаласында жерленген. Кеңес заманында зираттың үстінен атақты бүкілодақтық ет комбинатын салып жіберген. Тарихи архивтерден іздеп, Қуат Есімханов кеңес заманында Калининнің ескерткіші тұрған орнына Баянауылдың тасын қашатып, белгі қойды. Тағы да сол Семейде Сәбит Дөнентаевтың 1933 жылы көтерілген зираты қараусыз қалып, мал кіріп, қолайсыз жағдайда болғанын көріп, Қуакең ол зиратты өңдеп, қоршап, жаңадан белгісін қойып, Семейдің үлкен ақсақал белсенділерін жинап, ас беріп, дұға жасатты.

Әрине, әдебиет, поэзия жөнінде естелік жасалды. Ал Павлодар қаласындағы Майра көшесіне, әнші Майра Уәлиқызына бюст қойғанын кейбір жерлестеріміз білмеуі мүмкін. Баянауыл ауылының шетіндегі зираттың белгісі жоқ, аты аталмаған Қамариден қажының аты-жөнін жазып, белгітас қойған да – біздің Қуатжан. Мәшһүр Жүсіптің алғашқы ұстазы болған, ол кездегі білімді, белгілі, атақты адамның белгісіз зиратта жатқаны Қуаттың жүрегін ауыртқаны мәлім.

Қуат Есімханов қайда жүрсе де абыроймен қызмет жасағаны, сол істеген жеріне етене араласып кететіндігі жөнінде белгілі журналист Қарибай Мұсырман «Егемен Қазақстан» газетіне Солтүстік Қазақстанда істеген кезін былай деп жазады: «Сол кездегі облыстың әкімі Нағыманов Қажымұрат өңір тізгінін алғаннан кейін пресс-конференция өткізгенде, «Егемен Қазақстан» газетінің азулы да атақты меншікті тілшісі, кімнің алдында тұрса да именуді білмейтін Мәлік Мұқанов жаңа келген әкімге сұрақ қояды: «Бұрынғы әкіміміз Павлодардан бір вагон командасын әкеліп еді. Сіз неше вагон әкелесіз?» дегенге Нағыманов Қажымұрат: «Бір вагонға тұрарлық бір азаматты әкелемін» — деп, Солтүстікке бармай тұрып-ақ Қуакеңе жоғары баға берген екен. 2004 жылы Қуат Есімханов Солтүстіктен Астанаға қызметі ауысып аттанғанда журналист Қарибай Мұсырман: «Жалғыз мен ғана емес, күллі Қызылжар елі өзінің туған ұлындай көріп кеткен Қуатты қимағаны анық», – деп жазады. Қуаттың ұлттық намысы биік, таным-түсінігі кең, ешкімге ұқсамайтын өз мінезі, ой-пікірі, өзіндік азаматтық биігінен ешқашан төмендемейтін, жақсылық пен ізгілікті көрсетуден ешкімге жеткізбейтін деп Қуатқа мінездеме берген.

Қуакеңнің тағы бір ерекшелігін айтайын. «Маған досыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген мәтелге орай Қуат Есімхановтың қатарлас, қанаттас, сыйлас, сырлас, әріптес дос-жарандарының қатарында көптеген нарқасқа, біртуар азаматтарды атауға болады. Олар: Әкімбеков Серік, Смаилов Ерлан, Нағыманов Қажымұрат, Сыздықов Тито, Түгелбаев Әбілхақ, Шәкіров Қорабай, Манақбаев Төлеубек. Алматы, Қызылжар, Қызылорда, Шымкент, Атырау, Ақтау, Өскемен, Көкшетау, Семейдің азаматтары да жаназасына келіп қатысқанын көрдім.

Аға буын ақылшылары Еркеғали Рахмадиев, Қойшығара Салғара, Кәкімбек Салықов Қуакеңнің отбасымен өте жақын араласып, өз баласындай жақсы көргенін көзіміз көрді. Сөз арасында ұстаздарым деп Доғалов Нәжмиден, Сыздықов Уақап, Мырзашев Рыспек ағаларын айтып жүретін. Қуат Есімхановтың азаматтық бітім-болмысының биігі осыдан-ақ айқын көрініп тұрған жоқ па?!

Куакең оңайға, арзан атақ шығаруға ұмтылмайтын, көпшіл, достарына адал, жомарт, ағайынға қамқор, жарқын мінезді еді. Пенде болса да, пендешіліктен аулақ, жақсылық істеуге келгенде алдына жан салмайтын. Менің де басыма қара бұлт үйіріліп, қасіретке ұшырағанымда, бірінші күннен бастап Қуакең жанымда болды.

Бақыт Ахметқызы екеуі — қасиетті қазақтың дастарқанының қадірін, мерейін өсіре білген бірегей жандар. Көп ардақтылармен дәмдес болып, олардың батасын алған. Алла сыйлаған ғұмырында қайда жүрсе де жатырқаусыз, ұлтының кетігіне бір кірпіш болып қаланған адал перзент. Көзі тірі, егде, егделікке бет бұрғандар үшін Қуакеңнің жоқтығы көрінеді, жетіспейді. Орны бос тұрғандай сезіледі. Дей тұрғанмен, орны мүлде бос қалмайды. Қасиетті отбасында тәрбие көрген ұл бар, оған ерген немерелері бар. Ең бастысы, ерін қадірлейтін елі бар.

Ермат БАЙҚҰРМАН, қоғам қайраткері.