Павлодардың мәдени өмірін бірнеше жылдан бері сәнге бөлеп жүрген «Грация» би дуэтінің өнері көрерменге жақсы таныс. Жұптың мың бұралған қимылы, сахнадағы үйлесімі мен нәзік пластикасы талайды тәнті етіп келеді. Бірақ осы дуэттің жарқын өкілінің бірі – Филипп Валовтың соңғы жылдардағы шығармашылық бетбұрысы өзі тұрмақ, өзгелер үшін де күтпеген жаңалық болды.
Филипп балалық шағынан спорттық бал биіне ден қойып, кәсіби аренада өзін классикалық бағытта елестетіп өсті. Қатаң тәртіп, дәлдік пен айқын техника – оның күнделікті жолсерігі болатын. Алайда өнер жолы әркез алдын ала болжанбайтын, тосын бұрылыстарға толы. Жас жігіттің тағдыры да осы заңдылықтан сырт қалмады.
Оның қазақ биімен жақындасуы бір сәтте болған оқиға емес. Бірнеше жыл бұрын ол «Нұр» халық би ансамблінің бишісі Натальяға жеке сабақ бере бастайды. Сол сәттегі кәсіби қарым-қатынас уақыт өте терең түсіністікке, содан соң отбасылық жылылыққа ұласты. Бүгінде Наталья – Филиптің аяулы жары, өмірлік серігі.
– Бірде ансамбльдің жетекшісі Айгүл Дайырбаеваға: «Классикалық биді меңгергім келеді», – дедім. Ол кісі маған ойланып тұрып: «Онда осында қал, жаңа бағытты байқап көр», – деді. Міне, менің қазақ биіне қадамым сол жерден басталды, – деп еске алады Филипп.
Қазақ биі алғашында оған таныс емес, күрделі әрі қатаң талап қоятын өнер болып көрінді. Алайда дәл осы күрделілік оның қызығушылығын арттырыпты. Қимылдағы еркіндік, ырғақтағы тереңдік, мінездегі айқындық – бәрі Филипке бұрынғы тәжірибесінен бөлек жаңа әлем сыйлады.
– Бұл би маған сахнада өзіңді дәлелдеуді емес, сезінуді үйретті. Қазақ биінде әр қадамның астарында тарих, әр қол қозғалысында ұлттық болмыс бар. Мен осыны ашқан сайын өнерге деген көзқарасым өзгерді, – дейді ол.
«Нұр» би ансамбліндегі күнде-лікті дайындықтар, сахнадағы жауапкершілік, ұжымдық рух – Филиптің шығармашылық болмысын қалыптастырды. Ол тек би тілін меңгерген жоқ, сонымен қатар қазақ мәдениетіне деген құрметін де тереңдетті.
Филиптің қазақ биіне келу тарихы сахнадан басталмаған. Ол Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 гимназияда қазақ тілін тереңдетіп оқыған кезде бастап қойған.
– Тілді меңгеру арқылы қазақ халқының ішкі әлеміне жақындай бастадым. Кейін түсіндім: сол кезде бойыма сіңген сөз, әуез, ұғымдар қазақ биін жүрекпен түсінуге дайындап қойған екен, – дейді ол.
Бүгінде «Нұр» би ансамблінің репертуарында сан алуан қазақ биі бар. Бірақ Филипп үшін ерекше орын алатын бір ғана би бар – ол «Қара жорға».
– Бұл би – қуаныштың белгісі. Тойға барғанымызда жұрт-шылық осы биді жиі сұрайды. Қазақ тойының атмосферасы ерекше: жылылық, шынайылық бар. Біз би билегенде сол отбасылық қуаныштың бір бөлшегіне айналып кетеміз, – дейді өнерпаз.
Қазақ тойларына жиі бара бастаған Филипп өзіне әзіл-шыны аралас «қозғанмын» деген лақап ат та тауып алған. Біреуге қызық, біреуге күлкі болып көрінетін бұл сөз – оның халық өнеріне деген шынайы ықыласының дәлелі секілді.
Қазақ биінің білекті ерге тән қайраты да, нәзік иірімдері де Филипптің бойынан өз үйлесімін тапқандай. Оның сахнадағы әр қимылы – тек техника емес, қазақ биінің рухын жеткізсем деген талпыныс.
«Қазақтың сары баласы» атанып жүрген Филипп Валов бүгінде өнер арқылы екі мәдениетті жалғап тұрған көпір іспетті. Ол үшін би – тек қозғалыс емес, халықтың жаны, тарихы және болмысы.
Айдана БОРАНБАЕВА.
