Асты ауызашарға қалдыру керек

Ақп 19, 2026

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы халыққа үндеу жариялады. Имам барша мұсылман қауымды Рамазан айымен құттықтай отырып, он екі айдың сұлтанын барынша құрметпен, тақуалықпен өткізуге шақырды.

Бас имамның айтуынша, Рамазан айының оразасы уақытында күндізгі уақытта ас беру әдепке жатпайды.

– Бізде ежелден келе жатқан діни рәсімдер бар. Мысалы, дүниеден өткен жақындарымыздың жерлеу асы, жетісі, қырқы, жылдығы деген сияқты рәсімдер қазақтың салтына сіңіп, дәстүрімен жалғасып келеді. Бірақ, дәл осы Рамазан айында күндізгі уақытта мұндай шараларды өткізуге болмайды. Бұндай нәрсені шариғат құптамайды. Сондықтан, марқұмдардың аруағына арнаған дұғалық-астарды мүмкіндігінше ауызашар уақытына қалдыруымыз керек, — деді Жолдас имам.

Жалпы, мұндай ұсыныстардың бұрыннан бері көтеріліп, айтылып келе жатқаны белгілі. Бірақ, халық жаппай қолдайды деп айта алмаймыз. Әсіресе, жаназаға алыстан келген ағайынды қалай аш жібереміз дейтіндер көп.

– Жаназаға адам жалғыз мақсатпен келеді. Ол — топырақ салып, жақындарына көңіл айту. Ал ешкім ас ішуге келмейді деп ойлаймыз. Сондықтан, бұны ешкім сынап-сөкпейді. Екіншіден, осы бағытта кәсіп жүргізіп, асхана ұстап отырған азаматтарға да тек ауызашар уақытына қабылдаңыздар деген ұсыныс айтамын, — деді имам.

Сонымен қатар, имам Рамазан айына үлкен рухани дайындықпен келу керектігін ескертті. Яғни, жылына бір айналып келетін және барша мұсылман қауымға парыз болып міндеттелген оразаны ұстау үшін ең алдымен ниетті осы амалға тұралау қажет. Сондай-ақ, бойымыздағы бүкіл жағымсыз әдеттерден арылып, әрдайым жақсы амал жасауға әдеттену маңызды екеніне де тоқталды.

Тілеуберді САХАБА.