Ұлттық идеологияның бастауы – балалар әдебиеті десек, қателеспеген болармыз. Бұл – таза мінсіз, әділетті әрі интеллигентті қоғам құрудың ең негізгі өзегі. Қоғам түбегейлі өзгерсе де, заман қанша жерден жаңарса да, дәстүрлі кітап оқу жүйесін ешкім ысырып тастай алмайды. Осы ретте, қазіргі балалар әдебиетінің жағдайы қалай, бүгінгі ұрпақ не оқып жүр деген заңды сұрақ туындайды. Осы және өзге де тақырыптар бойынша Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Қапасовамен сұхбат құрған болатынбыз.
– Бақытгүл Қасымбайқызы, балалар әдебиетін зерттеуді қашан бастадыңыз?
– Балалар әдебиетін зерттеуді ұстазым Қуандық Пазылұлы Жүсіпов кандидаттық ғылыми диссертацияның тақырыбы етіп берген болатын. Ол кезде балалар әде-биеті дегеніміз ғылыми жұмыс қана емес, үлкен бір идеология еді. Қазақ классиктерінің ішінде балалар тақырыбына бармағандары кемде-кем. Абайдың өзінде балалар тағылымы мен танымына, болашағына қажет туындылар аз емес. Ал балалар әдебиетін дамыту мәселесін алғаш көтерген Саттар Ерубаев еді. Ол 1934 жылы балалар әдебиетін жасау керек деген ұран тастайды. С.Ерубаев ол кезде үлкен лауазымды қызметте жүрген адам еді.
Екіншіден Ленинградта оқып, балалар әдебиетінің беталысын көріп келген болатын. Әйгілі орыс классигі Максим Горький Кеңес үкіметі құрылып жатқан тұста идеологияны қалыптастыру үшін балалар әдебиетін жасау керек деген бастама көтерді. Содан кейін балалар тақырыбында жазуы мүмкін деген қаламгерлерді жан-жақтан шақыртады да, әртүрлі жанрды үлестіріп тапсырма беріп, кешенді жұмыс жүргізеді. Міне, осыдан кейін біздің де қаламгерлер осы тақырыпты көтере бастады.
Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жан-сүгіровтердің балаларға бағыттаған тұшымды еңбектері бар. Тіпті, Сәкен де қалам тартып, тамаша туындылар әкелді. Соған қарағанда балалар әдебиетінен тыс қалған қаламгер болған жоқ. Одан кейінгі кезеңде біраз тоқырап барып, 1960-70 жылдары қайта назар аударыла бастады. «Балдырған» журналы да сол кезеңде ашылды. Яғни, мектептегі идеологиялық жүйе әдебиетті де қамтыды. Балалар әдебиетінде алпысыншы жылдардан бастап керемет дүниелер жазылды. Мысалы, фольклорды алып қарасаңыз, сәби дүниеге келгеннен бастап, есейгенге дейінгі барлық рәсімдер жеке-жеке суреттеліп жазылған. Оның ішінде таным да, тәрбие де бар. Ол баланы адамгершілікке шақырады, жақсы амалға жетелейді. Белгілі бір құндылықтарға қарай бағыттайды. Әдебиеттің миссиясы да сол ғой. Біз сол дәуірде жазылған балалар әдебиетінің лирикасын қазірге дейін оқы-тып келеміз. Мысалы, Мұзафар Әлімбаевтың әйгілі «Он саусағын» білмейтін бала аз.
Жалғыз саусақ тіпті де,
Ұстай алмас жіпті де.
Екі саусақ бірікті,
Ине қолға ілікті, — дейді. Мұны жаттаған балаға еңбек, ынтымақ, бірлік деген дәстүрлі құндылықтарды түсіндірудің керегі жоқ. Өзі-ақ миына құйылып тұр.
– Ал Тәуелсіздік алғаннан кейін қандай өзгерістер болды?
– Тәуелсіздік жылдарында балалар әдебиетінің дамуына Ертіс-Баян өңірінен Қуандық Пазылұлы үлкен еңбек сіңірді. Яғни, «Тәуелсіз Қазақстанның әдебиеті қандай болуы керек, еркін елдің өрендері не оқуы керек?» деген тақырыпты зерделеп,
бір жүйеге түсуіне ықпал етті. Осы тақырыпты ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеу мақсатында шәкірттеріне бөліп-бөліп берді. Мысалы, маған қазақ балалар әдебиетінің лирикасын берсе, біреуіне балалар поэзиясын, енді беруіне ертегілер жанрын, тағы біреуіне драманы берді. Балалар әдебиетіндегі лириканы зерттеу үшін өзге жанрларға да назар салу керек болды. Сондықтан мен басқа жанрларды да көп оқып, зерттедім. Балаларға арналып жазылатын шығарманың өзіндік талаптары бар. Мысалы, ересек адам үшін өткен өмірін ой елегінен өткізіп барып, ендігі қалған ғұмырында не істеу керек дегенге ой қозғайтын туындылар қажет болса, балаларды үлкен арманға жетелейтін шығарма қажет. Балалар әдебиеті сол арманды белгілі бір мақсатқа қарай бұрып, соған сай әрекет етуіне жол ашуы ләзім.
– Балалар әдебиетінің бүгінгі беталысы туралы не дейсіз?
– Ал бүгінгі балалар әдебиетінің формасы мен жүйесі түбегейлі өзгеріп жатыр. Себебі, заман басқа, қоғам басқа. Балалардың танымы мен түсінігі жаңа заманға сай жаңарды. Сондықтан, әдебиет тек қағаз бетінде ғана қалмауы керек деген талап қосылды. Баланың әлеміне жан-жақты жол салатындай жағдай жасала бастады. Мысалы үшін айтар болсам, балаларға арналған бір мықты шығарма жазылса, соның желісімен ойыны құрылады, одан кейін мультфильмі түсіріледі, киімге суреттері салынады. Бұл — әлемдік тәжірибе. Мысалы, Гарри Поттерге бүкіл бала ғашық болды ғой. Ол оның шығармасының кереметтігі емес, оның ойыны шықты, одан кейін брендтік киімдері шықты. Осылайша бала жүрегіне жан-жақты жол салды. Ойыны да өте қызықты, оны ойнау үшін шығарманы оқуы қажет. Міне, балаларды әдебиетке баулудың ең тиімді тәсілінің бірі осы болды. Мұны ағылшындар өте шебер меңгерді. Ал жапон әдебиеті болса балаларды комикспен қызықтыра алды. Бұл жанрлардың қай-қайсысы болса да бәсекеге қарсы тұра алды.
Мысалы «Менің атым – Қожа» неге атақты болып кетті. Себебі, оның да киносы шықты. Содан кейін барып, оны да бүкіл бала оқып кетті. Менің айтпағым, балалар әдебиетіне қосымша құралдар керек. Себебі, әдебиет өзімен өзі дамымайды. Бұл салада балаларды қызықтыратын кешенді жұмыс керек. Бұл тақырыпта небір керемет шығарма жазғанымызбен, олардың көңілін аудару өте қиын. Себебі, олардың көңілін бұрып, жүрегін жаулап жатқан өзге әлем бар. Әлеуметтік желінің қызығына бір сүңгісе одан шығарып алу қиын. Ал жеткіншекті осы індеттен құтқаратын — әдебиет. Сондықтан әдебиетке жоғарыдағы қосымша жанрларды қоса отырып, сонымен бәсекеге түсу қажет. Әдебиетті насихаттау, дәріптеу жағы төмен деп айта алмаймын. Бірақ оны шоу-контент басып кетіп жатыр. Сондықтан кітапты насихаттаудың жаңаша, қызықты тәсілі керек деп санаймын.
– Қазіргі күні балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген ақын-жазушылардың еңбегімен таныссыз ба?
– Әрине, балалар тақырыбын заманға сай сұраныспен жазып жүрген қаламгерлер бар. Солардың қатарында мен Ділдар Мамырбаева, Арман Әлменбеттерді айтар едім. Бірақ, мазмұндық ерекшелігі, тартымдылығы жағынан кемшіліктер бар сияқты. Яғни, көп жағдайда ақыл айтудан кете алмай отырмыз. Себебі, әдебиет ақыл айтпайды, ол тек тартымды кейіпкердің бейнесінде көрсетеді. Ал кейінгі шығармалардан Қожа секілді қызықты, тартымды кейіпкер кездестіре алмай келеміз. Біздің қаламгерлер өз кейіпкерлерінің бәрін мінсіз етіп көрсеткісі келеді. Мысалы, Қожаға неге бәрі құмар болды? Ол — өте қызықты кейіпкер, жағымды жағы да, жағымсыз жағы да бар. Осыдан бірер жыл бұрын Ы.Алтынсарин атындағы академияның жанындағы оқулықтарды құрастыратын авторлардың қатарында болдым. Сонда байқағаным, қазіргі оқыту мен балалар әдебиеті арасында сабақтастық жоқ. Сондықтан, мектептегі әдебиетті оқыту мен балаларға арналған шығармаларды жазудың арасында сабақтастық керек. Бүгінгі қаламгерлерге бала образын зерттеу жағы жетіспейді. Мысалы, Бердібек Қожаға қарап отырып, «Өзімді көремін» дейді. Бердібектің де балалық шағы солай өткен деп ойлаймын.
– Балалар әдебиетін жазушылар ауылға бармайды, балалармен тікелей кездеспейді, деп жүргендер бар. Соның салдары шығар, кішкентай оқырмандар ақын-жазушылардың көбін танымайды. Бұған не дейсіз?
– Иә ол сөздің жаны бар. Дегенмен, жақсы дүниелер жазылса, ол оқылмай қалмайды. Жазушы өзі келмей-ақ, балалар іздеп жүріп оқитын болады. Әрине, менеджменттік, маркетингтік жұмыс керек.
– Балалар жазушылары билік тарапынан қаншалықты бағалануда?
– Мен бағаланбай жатыр деп айта алмаймын. Тынымбай Нұрмағамбеттің балаларға арналған жақсы шығармалары бар. Ол кісі Мемлекеттік сыйлық алды.
– Балаларды кітапқа баулу мәселесін қалай қалыптастыру керек?
– Барлығы мектептен басталады. Ата-аналар да оған барынша көңіл бөлуі керек. Мысалы, мектепте бастауыш сыныпта оқитын бала қысқа ғана көркем шығарманы мазмұндауды үйрену керек. Кейде бұл мәселені мұғалімнен, кейде ата-анадан көреміз, кейде ортадан көреміз. Мәселені бір жақты қарай алмаймыз. Дегенмен, мұғалімнің жауапкершілігі жоғарырақ. Осы тұста, баламен жұмыс істейтін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің сапасы қалай? деген заңды сұрақ туындайды. Былтыр ҚР Оқу-ағарту министрлігі еліміздегі барлық пән мұғалімдерінің білім деңгейін тексерді. Сонда ең төменгі көрсеткіш қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері болып шықты. Бұл да көп нәрсені аңғартады. Бұл – ресми түрде жарияланған статистика. Осыдан кейін әдебиет туралы айтудың өзі қиын. Егер, мектеп мұғалімі мықты болса, ата-ана бас қатырмас еді. Бізден де кезінде ата-аналарымыз не оқып жүрсің? деп сұраған емес. Бұған дейін министр болған Асхат Аймағамбетовтің тұсында жақсы жоба басталған еді. Ол кейін тоқтап қалғандай болды. Осы кемшілікті біз де көп байқаймыз. Мектеп бітіріп, университетке келген студенттердің өзі шығарма мазмұндай алмайды. Сондықтан қазір біз бір тоқсан бойы мазмұндауды үйретеміз. Дегенмен бәріне топырақ шашпаймыз. Мықты мұғалімдер бар. Тағы бір айтатын мәселе, тіл әдебиетінің мұғалімдерінің қадірі кетіп қалды. Бүкіл жастар технологияға ауып кеткен соң бұл бір керексіз пән сияқты болып қалды. Негізі менің ойымша, ең мәртебелісі осы тіл мұғалімдері болуы керек еді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.
