Тасқынға тосқауыл қойыла ма?

Нау 26, 2026

Жер жібіп, қыстай жиналған қар ери бастады. Енді су басу қаупі бар елді мекендерге жауапты тұлғалар сақтық шараларын мұқият жүргізбесе, тасқын су кішігірім тосқауылға күш бермейді. Осы мәселеге байланысты облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Шәкір Ахметовпен сұхбаттасып, су басу қаупі бар аймақтардың жай-күйін сұрап білген едік.

– Болжам бойынша қашаннан бастап күн жылынып қар еруі мүмкін. Көктемгі су тасқынына дайындық қалай жүруде?

– «Казгидрометтің» 2026 жылғы наурыз айына арналған консультативтік ауа райы болжамы бойынша, облыс аумағында ауа температурасының тұрақты түрде көтерілуі наурыз айының үшінші онкүндігінен басталады деп күтілуде. Осы кезеңде қар қарқынды еріп, су көлемі арта бастайды. Жалпы, Павлодар облысындағы су тасқынына дайындық 2025 жылдың жазғы кезеңінен басталған.  2025 жылдың 4 маусымында су тасқынының алдын алу және төтенше кезеңінен аман өтуге арналған кешенді іс-шаралар жоспары құрылып, инженерлік жұмыстар жоспары бекітілген. Осы жоспарға сәйкес жалпы 22 іс-шара жүргізілді. Қазіргі таңда осы 22 іс-шара толық көлемде, яғни 100 пайыз орындалды. Жоспар аясында әкімдіктер мен басқармалардың тарапынан 156 шақырымды құрайтын қорғаныш дамбалар, үйінділер салынды, 36 су өткізу құрылысы орнатылды. Сонымен қатар, 2 шақырым су бұру арнасы жабдықталды. Көктемгі су тасқынына дайындық аясында барлық іс-шаралар бекітілген жоспарларға сәйкес жүргізілуде. Атап айтқанда, өзен арналары мен су өткізу құрылыстары тазартылып, елді мекендерден қар шығару жұмыстары жүргізілуде. Инертті материалдар қоры (құм, қаптар) дайындалып, күштер мен құралдар жоғары дайындық режиміне келтірілді.

– Су тасқыны бойынша облыстағы ең қауіпті аймақтарға тоқталсаңыз. Жыл сайын байқалатын тәжі-рибе бойынша қай аудандарға су көп жайылады?

– «Казгидрометтің» анықтама-консультациясы негізінде ұзақ мерзімді гидрологиялық деректерді талдай отырып, аймақтағы топырақ ылғалдылығын ескере отырып, қауіпті аймақтарды үш санатқа бөлуге болады. Оның ішінде қауіптілігі жоғары аймақтар қатарында Баянауыл, Ақтоғай, Ертіс, Успен, Шарбақты аудандары бар. Орташа қауіпті аудандарға Май, Павлодар, Аққулы аудандары мен Ақсу қаласын жатқызамыз. Ал су басу қаупі төмен өңірлерге Железин ауданы, Тереңкөл ауданы, Екібастұз қаласы кіреді.

– Баянауыл ауданы аумағында тасқын суға төтеп бере алмай жыл сайын шайылып кететін көпірлер бар. Биыл қалай алдын аласыздар?

– Аталған учаске жыл сайын тәуекел аймағына жатады. Биыл алдын алу мақсатында су өткізу құбырлары кеңейтілді, жол жиегі бекітілді, қосымша су бұру арналары жасалды. Одан бөлек, қажетті техника мен материалдар алдын ала әзірленді. Қажет болған жағдайда жол қозғалысын уақытша шектеу және айналма бағыттарды ұйымдастыру қарастырылған.

– Бұған дейін Ақтоғайдың Жалаулы ауылы және басқа да елді мекендерге су жайылған болатын. Биыл сондай қауіпті елді мекендерде қандай тосқауыл жұмыстары жүруде?

– 2026 жылдың су тасқыны кезе-ңіне дайындық жұмыстары аясында барлық шаралар қабылданды. Инженерлік жұмыстар жоспарына сәйкес Ақтоғай ауданындағы Жалаулы ауылында елді мекенге кіреберіс жолдың оң жағынан ұзындығы 2,5 шақырым болатын жасанды үйінді салынды. Міне, осы секілді ауқымды жұмыстар нәтижесінде апатты жағдай болмайды деп санайсыз.

– Тұрғындарға қандай ескерту, қандай кеңес бересіздер?

– Тұрғындардан келесі қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз. Ауа райы болжамдары мен ресми хабарламаларды қадағалап отыру керек. Мүмкіндігінше аулаларды қар мен мұздан тазартып, судың еркін ағуына жағдай жасау маңызды. Ал, су басу қаупі бар жағдайда құжаттар мен бағалы заттарды қауіпсіз жерге шығарып қою артық болмайды. Ал электр құралдары алдын ала ажыратуға дайын болған жөн. Төтенше жағдай туындағанда 112 нөміріне дереу хабарласу керек. Сонымен қатар, әр елді мекен халықты құлақтандыру жүйесімен жабдықталған. Жергілікті атқару органдары кез келген қауіп төнген жағдайда сонымен хабарлайды. Онымен қоса, Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің жергілікті құлақтандыру жүйесі жұмыс жасайды. Одан бөлек теле-радио хабарларын үзіп, шұғыл ақпарат тарату жүйесі жұмыс істейді. Апатты жағдайлар бойынша шұғыл хабарлар 112 нөмірімен SМS арқылы және «Darmen» қосымшасы арқылы таратылады.

– Әңгімеңізге  рахмет!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді Сахаба.