Донорлық қан көмегінсіз қажетті ота жасау, тиісінше медициналық жәрдем көрсету мүмкін емес. Сондықтан қанға деген қажеттілік әрдайым өзекті. Өкінішке қарай, кейде қан донорларының тапшылығы байқалып та қалады. Әсіресе, сирек кездесетін қан топтарының ылғи қан орталықтарында болуы қадағаланады. Елімізде жыл сайын шамамен 80 мың ем алушыға донорлық қан құйылады екен. Республика көлемінде жылына 300 мыңға жуық адам қан тапсыратын көрінеді. Оның 90 пайызы өтеусіз негізде өз еркімен донор болуға ниет етеді. Қан тапсыруда азаматтардың денсаулығы жіті тексеріледі. Жарамайтындары жетерлік. Бара-бара қан тапсыратын адам тапшылығы туындамауына кім кепіл?! Бүгінде көбінде бірреттік акциялар өткізу арқылы қан тапсыруға шақыру шаралары жиі ұйымдастырылады. Ал қан донорларын ынталандыру елімізде әлсіз екенін ескерген Парламент депутаттары әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, донорлықты кешенді ынталандыруды ұсынып отыр. Жалпы, қан донорларын қалай демеу қажет? Материалдық қолдаудан бөлек қандай шаралар қабылданған жөн? Бұл қадамдар қан донорлары қатарының сиреуін тежей ала ма? Осы тақырыпты «Алаңда» талқылаймыз.
Сәуле ИГІБАЕВА, облыстық қан
орталығының донорларды қан жинақтау бөлімінің меңгерушісі:
– Бұрыннан келе жатқан тұрақты донорларымыз бар. Олардың қатары көбейіп жатыр дей алмаймын. Көп жыл қан тапсырып, адамдардың өміріне араша түсіп жүрген азаматтардың жастары да келіп қалды. Кейбірінің денсаулығы сыр береді. Ал жастар тарапынан қан тапсыруға құлшынып тұрғандар аз. Бәлкім, жұмыстан қол үзу қиынға соғатын шығар. Негізі, «Ұлт денсаулығы туралы» кодекске сәйкес қан тапсырған азаматтарға екі күн демалыс беріледі. Бірінші демалысы қан тапсырған күні болса, екіншісін кез келген уақытта алуға құқылы. Алайда, барлық жұмыс беруші мұндай демалыс беруге ниетті емес екені де анық. Осы мүмкіндік түсіндіріліп, денсаулығы жарайтын жастар да қан тапсыруға келгенін қалаймыз.
Негізі, жылына кемінде 3 реттен келіп, қан тапсыратын азаматтар тұрақты донор деп атаймыз. Кемінде 40 рет қан тапсырған адамға бұрын «Құрметті донор» төсбелгісі берілетін. Осы үрдісті қайта жандандырса дейміз. Бұл атаққа қоса, шипажай-курорттық орындарға жолдама, қоғамдық көліктерде жолақысына жеңілдік қарастырылса жақсы болар еді. Әлеуметтік тұрғыдан да қолдау жасалуы тиіс. Ал өз басым ақылы донорлардың қатарын көбейтуге күш салуды құптамаймын. Себебі, мұнда материалдық пайда тұрған соң әркім бойындағы кейбір сырқаттарды жасырып қалуы ықтимал. Ол ертеңгі күні қанын қажетіне жарататын науқастарымыз үшін қауіпті. Ақысыз түрде келетін азаматтар шын көңілмен, адамның өміріне араша түсуді мақсат етеді.
Данияр КУЛИМБАЕВ, тұрақты донор:
– 2002 жылы алғаш рет қан тапсырдым. Студент кезім. Қасымдағы бір жігіттің апайына қан қажет болды. Содан бері үзбей жылына 3-4 рет қан тапсырамын. Тромбоцитті қажет болғанда араға екі апта салып та тапсырамын. Осылайша, тұрақты донорға айналдым. Қан орталығы қажеттілік туындап шақырса, бас тартпаймын, барып отырамын. Қан тапсырған уақытымды күнтізбеге енгізіп, жазып отырамын. Яғни, арасы 60 күннен кем болмауын қадағалаймын. Қан тапсыру – қайырымды іс. Адамның өміріне араша түсуге жәрдемдесіп жүргенім жаныма жылу сыйлайды. Көпшілікке пайдам тигені қуантады.
Өзім зауытта жұмыс істеймін. Қан тапсырған күні демалыс беріледі, тағы бір күн еңбек демалысыма қосылады. Бұл – заңды талап. Кәсіпорын оны орындап отыр. Әрине, мен бұл жеңілдіктер үшін қан тапсырып жүрген жоқпын. Дегенмен, айтарлықтай демеу, бізді ынталандыру. Қан тапсырғанда тамақтануға берілетін сома бүгінде мардымсыз. Тым болмағанда донорлардың түскі асына жететін сома қарастырылуы тиіс деп ойлаймын. Кейбір азаматтар үшін ол ынталандыру, қолдау болар еді.
Сондай-ақ, қан жинауды бірреттік акциямен шектемей, донорлықты көпшілік арасында көбірек насихаттау керек деп санаймын. Қан орталығы қаламызда «Батырмолл» сауда үйінде донорлықты насихаттап, жиын өткізді. Сонда өз тәжірибеммен бөлісіп, жастарды, жалпы халықты қан тапсырып, адамдарға қол ұшын беруге шақырдым. Мұндай кездесулерді жиі ұйымдастырған дұрыс. Қан тапсыру өзгеге ғана емес, өзіме де пайдалы. Қан тапсырған сайын өзімді сергек сезінемін. Ағзада зат алмасу процесі жақсарады. Денемді шынықтырып, спортпен де айналысып жүремін.
Әлемгүл СӘКЕН, ана:
– Тамырлар арқылы әр ағзаны тіршілік көзімен қамтамасыз ететін сұйықтықтың қажет кезінде тиісті мөлшерде емдеу мекемелерінде табылғанын қалаймыз. Адам болған соң өмірде түрлі жағдай болады. Сол сәтте қаннан тапшылық болмағаны дұрыс. Ол үшін қан орталықтары да түрлі шаралар жасайды. Туыстарына қажет кезде таныс, дос-жаран қан тапсырып, қолданылған мөлшердің көлемін толтыру талап етіліп жатады. Бұл да қажет.
Әлемде ақылы түрде қан тапсыруға басымдық беретін елдер де бар. Яғни, ынталандыру арқылы адамдарды донорлыққа тартады екен. Мамандар донорлықты бұлай жан-жақты ынталандырудың халықаралық тәжірибесінің тиімділігін атауда. Тіпті, кей елдерде қан тапсырған азаматтың тамақтануы мен жұмсаған уақытын өтеу үшін 25 еуроға дейін жұмсалатын көрінеді. Әрине, жақсы қолдау бір қарағанда. Бірақ, ақша, пайда жүрген жерде құйтырқы әрекеттер болуы мүмкін. Адамдар ақша табамын деп ауруын жасырып қалса, ертеңгі күні ол қан өзге бір жанның денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан, мен ақылы ынталандырудан гөрі өзге де қолдау түрлерін көбейткенді қалар едім.
«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
