Кеншілер қаласының даму қарқыны кейінгі жылдары арта түскеніне көпшілік куә. Бірегей әрі алып кәсіпорындар ашылып, экономиканың бір ғана бағытымен емес, түрлі саланы ілгерілете түсті. Яғни, экономикасын әртараптандыра алды. Нәтижесінде Үкімет Екібастұздың екпінін ескеріп, шағын қалалар қатарынан шығарды.
Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі еліміздің моноқалалар тізімін жаңартты. Премьер-министр-Ұлттық экономика министрі орынбасарының бұйрығына сәйкес 2026 жылдың 10 наурызынан бастап Екібастұз шағын қалалар тізімінен шығарылды. Тізім Мемлекет басшысының 2024 жылы қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдау-ында айтылған тапсырмаларды орындау аясында жаңартылып отыр. Президент бұл құжатта Саран қаласының экономикасын әртараптандырудың жемісті тәжірибесін таратып, кеңітіп, еліміздің өзге шағын қалаларын дамытуды міндеттеген еді.
Осы жұмыстар шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі шағын қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуына 78 негізгі көрсеткіштер бойынша кешенді талдау жүргізген. Мұнда өнеркәсіптік өндірістің қарқыны, инвестициялық белсенділік, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту құрылымы және экономика тұрақтылығының өзге де өлшемдері талданған. Нәтижесінде моноқалалар үш топқа жіктеліп отыр. Олардың әрқайсысы үшін басым шаралар айқындалды. Жалпыұлттық жоспарға сәйкес бүгінде алғашқы топқа «Әртараптандыру сатысындағы қалалар» жатқызылды. Оған Екібастұз, Ақсу, Теміртау, Рудный, Кентау және Степногорск шаһарлары кіргізілген. Жаңаөзен, Сәтпаев, Балқаш, Құлсары, Риддер, Ақсау, Абай Хромтау, Лисаковск, Шахтинск, Алтай қалалары «Экономикасын ары қарай әртараптандыруға әлеуеті бар, тұрақты даму үстіндегі қалалар» санатына жатқызылды. Ал Курчатов, Жітіқара, Қаражал шағын шаһарлар — «Әлеуметтік-экономикалық даму үшін мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын қажет ететін қалалар» деп танылды.
Талдау нәтижесінде Екібастұз экономиканы әртараптандырудың тұрақты қарқынын көрсеткен. Сондай-ақ, дамудың монобағдарлы үлгісі шеңберінен біртіндеп шыға бастағанын аңғартқан. Министрліктің мәліметінше, қаланың экономикасы салалық құрылымның айтарлықтай теңгерімділігімен, өнеркәсіптің тұрақты өсімімен және жоғары инвестициялық белсенділігімен сипатталған.
Қазіргі таңда Екібастұз еліміздің энергетикалық және металлургиялық салаларында маңызды орынға ие өнеркәсіптік орталыққа айналып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қалада өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,6 трлн
теңгені құраған, ал бұл 2024 жылмен салыстырғанда 28,1 пайыз көп. Бұл – өңірдегі барлық қалалар арасындағы ең жоғары нәтиже. Ал Павлодар облысының өнеркәсібіндегі Екібастұздың үлесі 40,1% құрады. Жоспарланған 737 млрд теңге инвестиция көлемі іс жүзінде 1,5 трлн теңгеге жетіп, күтілгеннен екі есе асып түсті.
– Екібастұз енді тек көмір өндірісіне тәуелді және ондағы кез келген өзгеріс халықтың тұрмысына тікелей ықпал ететін кеншілер мен энергетиктер қаласы емес. Қазір бұл ауқымды инвестициялармен қамтамасыз етілген өсу нүктелері бар көпсалалы индустриялық орталыққа айналды. Шын мәнінде бұл тарихи оқиға қаланы дамытудың нақты кешенді жоспарына сәйкес Екібастұз экономикасын әртараптандыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі болды. Соңғы үш жылда мұнда өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету салалары қарқынды дамып қана қоймай, сенімді түрде орныға алды, – делінген облыс әкімдігінің ақпаратында.
Екібастұз экономикасының жаңа бағыттарының бірі — толыққанды металлургиялық кластер. Қазірдің өзінде мұнда екі ферроқорытпа зауыты іске қосылды: «EkibastuzFerroAlloys» (92 млрд теңге) және «Kazferro Limited» (30 млрд теңгеден астам инвестиция), 138,4 млрд теңгеге үшінші кәсіпорын салынып жатыр. Жалпы үш кәсіпорынның қуаттылығы жылына 460 мың тоннаға дейін өнім өндіруге мүмкіндік береді және Қазақстанның ферросилиций өндірісі бойынша әлемдік нарықта жетекші орынға шығуына жол ашады.
Катодты мыс өндіру (жылына 5 мың тонна) және бандаждар мен соғылған бұйымдар (161 мың дана) шығару жобалары іске қосылуға дайын. Бұл жобалар металлургиялық шикізатты өңдеу тереңдігін арттырып, өңірдің экспорттық әлеуетін едәуір нығайтады.
«Railways Systems KZ» холдингінің өнеркәсіптік флагманы өте ауқымды жоба ұсынуда — қуаты жылына 1 млн тоннаға дейін болатын, құны 500 млрд теңгеге жуық болашақ электрометаллургиялық зауыт. Өнімнің 40% жуығын ТМД және ЕО елдеріне экспорттау жоспарлануда, 2028 жылы іске қосылады деп белгіленді.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Екібастұзда IT-секторды және цифрлық инфрақұрылымды дамыту үшін жоғары технологиялық «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын іске асыру басталды. Сонымен қатар, Екібастұз бұрынғыдай еліміздің негізгі энергетикалық орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін сақтап отыр: МАЭС-2 станциясының қуатын арттыру жобасы және жаңа МАЭС-3 станциясының құрылысы жоспарлануда. Қалада «жасыл» технологиялар белсенді енгізілуде — жел электр станциялары іске қосылуда.
Энергетикалық әлеует агроөнеркәсіптік сектордың дамуына да қосымша серпін берді, Екібастұзда ірі жылыжай кешендері кеңейтіліп, көкөніс өнімдерін өндіру көлемі артуда.
Қаланың өзінде де айтарлықтай өзгерістер орын алды, қазір жыл сайын 87 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілуде, құрылыс жұмыстарының көлемі 124 млрд теңгеге жетті. Соңғы бес жылда 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, бюджет кірісі 69 млрд теңгеге дейін өсті.
Сарапшылар 2023-2024 жылдары алғашқы нақты нәтижелердің орын алғанын, ал соңғы екі жылда қаланың жаңа, тұрақты жұмыс істейтін экономикалық моделі қалыптасқанын атап өтті. Бұл модель алдағы уақытта да кеңейе береді, оған Екібастұздың мүмкіндіктері толық жеткілікті.
Тұрғындар экономиканың бірқатар секторында жұмыспен қамтылған. Демек, бір ғана қалақұрушы ірі кәсіпорынға деген тәуелділіктің төмендегенін көрсетеді. Осындай оң өзгерістерді, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін ескерген құзырлы министрлік Екібастұзды моноқалалар қатарынан шығару жөнінде шешімге келген.
Жалпы халық саны 1,5 млн адам тұратын елімізде 20 моноқала болды. Оларға елдегі өнеркәсіп өндірісінің үштен бір үлесі тиесілі. Ағымдағы айда жаңартылған тізімге сәйкес енді елімізде 19 шағын қала бар. Моноқаланың анықтамасына келсек, бұл – өндірісті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету мақсатында қала түзуші кәсіпорынға негізделген елді мекен. Яғни, әу баста бір бағытқа басымдық беріледі. Шаһардың бүкіл тынысы сол өндіріске қарап тұрады. Мәселен, Екібастұзды алсақ, бұрыннан кеншілер шаһары, энергетиктер қаласы атанып келеді. Бұл дегеніңіз, шағын қаламыз дәл осы энергетика саласына негізделген. Енді, міне, кейінгі кезде металлургия, машина жасау кластері ептеп етек жая бастады.
Министрлік тізімді жаңарту шағын қалаларға қатысты атаулы мемлекеттік саясатты арттыруға бағытталған. Нақтысы, экономикасының бір ғана қалақұрушы кәсіпорынға жоғары тәуелділігі бар аумақтарда қолдау шараларын шоғырландыру көзделген. Міне, осыған қарай мемлекет тарапынан қолдау шаралары қолданылады. Даму деңгейіне қарай қалалардың инфрақұрылымын жаңғырту мен жаңа өндіріс орындарын іске қосудан бастап индустриялық аймақтар құруға дейінгі сараланған шаралар қабылданады. Министрліктегілер бұл тәсіл мемлекеттің ресурстары мен күш-жігерін тиімдірек пайдалануға мүмкіндік беретініне үмітті. Осы ретте, министрлік Екібастұзды тізімнен шығару оның шаһар экономикасын сәтті түрдендірудің және оны әратараптандыру, кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін айтып отыр. Бұған дейін де жазғанымыздай, Екібастұздың өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,3 трлн теңгені құрайды. Аймағымызға құйылған инвестицияда әлеуеті жоғары. Облыс құрылымында инвестиция көлемі 30 пайыздан асады және облыста бірінші орында. Кеншілер шаһары аумағында былтырдың өзінде екі ферроқорытпа зауыты ашылды. Жалпы, металлургиялық кластер дамуда. Сонымен қатар, Екібастұзда теміржол саласындағы жобалар көптеп жүзеге асуда.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
