Көктемнің келетінін, ауа райының жылынып, айналадағы қардың еритінін кейде жауапты органдар ұмытып кете ме дейсің. Жылда қар тазалау арқылы ауылдарды қой-батпаққа батырмай, аман алудың мүмкіндігі бары айтылса да, іс жүзінде көрініс басқаша. Мәселен, әлеуметтік желіде жарияланған ақпараттан Ақтоғай ауданына қарасты Жаңабет елді мекенінің тұрғындары саз кешіп отырғанын көруге болады.
Аталмыш ауыл тұрғындарының жанайқайын жариялаған қоғам бел-сендісі, осы елді мекеннің тумасы Бейбіт Бөжен облыс басшылығынан жәрдем сұрап, өтініш білдірді. Ол бұрнағы жылы алапат су тасқыны кезінде ауылдың үлкен-кішісі қосылып, ортаға қаржы шығарып, қолдан дамба да тұрғызғанын айтады. Тіпті, қалада жүрген жігіттер жұмыстарын тастап, ауылды аман алып қалуға үлес қосқан. Түнгі кезекке де тұрып, келеңсіздікке жол бермей, ауызбіршіліктің арқасында ауылдарын су тасқынынан аман алып қалғанын жазды. Биыл да жаңабеттіктер жайсыз жағдайға тап болып отыр.
– Ауылға орталықтандырылған су жүйесі тартылғаннан бері жер астындағы саз бетке шығып, көктем мен күзде көлік түгілі жаяу жүру мүмкін емес. Ел көліктерін ауылдың сыртындағы күре жолдың бойына қалдыруға мәжбүр. Адамдар үйлеріне трактормен жетуде. Басқа амал жоқ. Жөргектегі бала, сырқат қариялар бар. Кешегі күні ауылға кірген жедел жәрдем көлігі де батып қалды, – деп жазады ауыл жанашыры Б.Бөжен.
Ол былтыр да батпақ мәселесі көтерілгенін келтіреді. Аудан билігі мектеп маңындағы көшеге қиыршықтас төселетіні туралы уәде де берген көрінеді. Жағдайдың мән-жайын білуге Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арыновқа хабарласып, алда қандай әрекеттер қолға алынатынын білген едік.
– Бұл мәселе 2021 жылы ауылға орталықтандырылған су құбыры тартылғаннан соң пайда болды. Мәселеден хабардармыз. Тікелей танысуға жолға шықтым. Тұрғындарды сәл шыдауға шақырамын. Мамыр-маусым айларында қиыршықтас төселеді, – деп сендірді аудан әкімі.
Жаңабет елді мекені қарайтын Мүткенов ауылдық округінің әкімі Риза Әкімжанова да қиыршықтас төсеу бойынша конкурс жарияланғанын растады. Алайда, ауылдықтар қазіргі сазды жолға қарап, түйткілдің түйіні қиыршықтастан соң оңалатынына күмәнмен қарайды. Сондықтан олар асфальт төсеуді сұрап отыр. Аудан әкімі Қарғыша Арынов қиыршықтас аудан бюджеті есебінен төселетінін, ал асфальт үшін қыруар қаржы қажеттігін алға тартты. Яғни, қаржы облыстан қарастырылмаса, аудан өз күшімен қаржыландыра алмайтынын атады. Дегенмен, жобалық-сметалық құжат әзірлеп, болашақта тас жол салу да жоспарда барын жасырмады.
Ауылдың ішін су басып, езіліп жатуына көпшілік қардың уақытылы шығарылмауы себеп деген пікір білдіруде. Әлеуметтік желіде де көптің ойы осыған саяды. Мәселен, Ақтоғайдағы Өтес, Әуелбек ауылдарында да жағдайдың мәз еместігін жазуда. Алайда аудан әкімі Қаршыға Зәлмұқанұлы Жаңабеттен басқа ауылдан мұндай шағым түспегенін мәлімдеді. Ал Жаңабеттегі ахуалға жауапты Мүткенов ауылдық округінің әкімі Риза Әкімжанова қардың уақытылы шығарылғанын, қарғын су қырдан келіп жатқанын айтты.
Айтпақшы, жаңабеттіктер үшін жағымды жаңалық та бар. Аудан әкімінің айтуынша, елді мекеннің кіреберіс жолына асфальт төселеді. Қаржы қарастырылған. Жаңатап ауылына апаратын кіреберіс жол да асфальтталмақ. Демек, көктем-күзде, жаздың жаңбырлы күндері аталған елді мекендердің кіреберіс жолдарындағы балшықпен алысу жойылатын күн алыс емес.
Гүлжайна Түгелбай.
Ақтоғай ауданы.
Сурет әлеуметтік желіден алынды.
