Павлодарда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында «Таза қала» экологиялық сенбілігі өтті. Игі іске қала тұрғындары, жастар, еріктілер мен түрлі мекеме қызметкерлері жұмыла атсалысты.
Жалпы саны 300-ге жуық адам аулалар мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазартып, аумақтарды абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, ЖЭО-3 аумағында ұйымдастырылған шараға 50 қыз-меткер қатысып, өндіріс нысаны маңын ретке келтірді. «Павлодарэнерго» ЖШС ұжымы да бастаманы қолдап, санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді. Сенбілікте өткен жылғы жапырақтар мен құрғақ шөптер жиналып, арнайы техникамен шығарылды. Цех маңы мен жолдар ретке келтіріліп, жиек тастар сырланды. Алдағы уақытта жол белгілерін жаңарту және гүлзарларды көгалдандыру жұмыстары жалғасады.
Айта кетейік, қалада 18 сәуірден 18 мамырға дейін «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында абаттандыру және тазалық айлығы өтеді. Науқан барысында қала аумағын ретке келтіру, қоқысты шығару және қоғамдық орындарды тазалау жұмыстары жүргізіледі.
Павлодар қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі арнайы техникамен қамтамасыз етеді. Қоқыс шығару бойынша өтінімдерді 87023407550 нөміріне жолдауға болады. Сондай-ақ тазалық айлығы кезінде қоқыс полигондары қалдықтарды тегін қабылдайды.
Іс-шараға барлық кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер және бизнес өкілдері қатысады деп күтілуде.
Н.ҚАЛЫБЕК.

