Қолайлы етудің қамына кірісті

Сәу 16, 2026

Алты ай қыстан кейін бүгінде әр жерде айналаны қалыпқа келтіруге кірісіп кетті. Железин ауданы билігі адамдар көп жиналатын орындарға тексеру жүргізіп, реттеу жұмыстарын бастады.

Бұл туралы Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

– Ұзақ қыс аяқталып, көктем келгеннен кейін ересектер де, балалар да таза ауада көбірек уақыт өткізуге ұмтылады. Тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы демалысын қамтамасыз ету мақсатында мүдделі тараптармен және депутаттармен бірлесіп, адамдар көп жиналатын орындарға тексеру жүргізілді. Тексеру барысында балалар алаңдарында, аялдама орындарында және басқа да қоғамдық кеңістіктерде бірқатар мәселелі учаскелер анықталды, – делінген ақпаратта.

Аудан орталығын аралап шыққан билік өкілдері жауапты тұлғаларға анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою және нысандарды тиісті жағдайға келтіруді тапсырды.

Г.МАҒЖАН.

Железин ауданы.