Еңбек заңнамасы ескеріліп жүр ме?

Сәу 23, 2026

Әркім еңбек ету арқылы дамиды, қажетін қамтамасыз етеді. Саналы адамның өмірінің біраз бөлігі жұмысқа арналады. Міне, осы еңбек қатынастарын реттеу, қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру заңда айқындалған. Нақтысы, Еңбек кодексі –еңбек қатынастарын реттейтін негізгі заң. Бұл құжат жұмыскерлердің құқығын қорғайды, жұмыс берушінің міндеттерін белгілейді, әлеуметтік кепілдіктермен қамтиды. Яғни, бұл кепілдіктерге қызметкерлерге уақытылы айлықтың беріліп, тиісінше тынығуына жағдай жасау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету кіреді. Жалпы, тараптардың мүдделерінің теңгерімі қамтылады. Енді осы заңнама талаптары іс жүзінде ескеріліп жүр ме? Еңбек қауіпсіздігі қаншалықты сақталады? Осы және өзге де сұрақтарға «Тікелей желі» шарасында жауап алдық. «Тікелей желі қонағы» – Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Павлодар облыстық департаменті басшысының орынбасары Абылай Ақанұлы Сабыров. 

Тілші:

– Еңбек нарығы заманға қарай өзгеріске ұшырап тұратыны — заңдылық. Соған сай заңнамалық толықтыру-
лар, жаңашылдықтар қажет болады. Осы орайда, еңбекті қорғау бағытында елімізде заңнамаға енгізілген соңғы жаңашылдықтарға тоқтал-саңыз…

Абылай САБЫРОВ:

– Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр. Бұл өзгерістер алдағы маусым айында күшіне енбек. Солардың бірқатарын, өзектілерін атап өтсем… Мәселен, келісу комиссиялары жұмысына тәуелсіз делдалдар тартуға заңмен рұқсат етіліп отыр. Нақтырақ айтсам, бұл – еңбек қатынастарындағы даулы жағдайларды қарастыратын комиссия. Мұндай комиссия әрбір жұмыс берушіде болады. Даулы мәселелерді сотқа дейін қарастырып, бір шешімге келеді. Тәуелсіз делдал – жұмыс берушіге де, жұмысшыға да бағынбайтын азамат. Ол еңбек заңнамасының қаншалықты дұрыс сақталғанына тәуелсіз бағасын, бағытын береді. Келісу комиссиясына жұмыс берушінің, жұмысшының тарапынан да адамдар тартылады. Олар заңгер, қорғаушы мамандық иелері болуы мүмкін. Кейде қызметкерлер бұл комиссияға сенім білдірмейді. Осыны ескеріп, заңнамада тәуелсіз делдал тартуға мүмкіндік жасалып отыр.  Тәуелсіз делдал комиссия отырысын бақылап, мәселенің қаншалықты дұрыс шешіліп жатқанын бағалайды.

Сондай-ақ, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарға қатысты өзгеріс бар. Қазіргі таңда кейбір жұмыс берушілер осындай шарттар жасауда. Егер сол шарттардың ішінде еңбек қатынастарын белгілейтін бір белгі болса, ол маусым айынан бастап еңбек шарты болып саналады. Бұл өзгеріс бойынша тексерістер басталады. Демек, жұмыс беруші мұқият қарап, азаматтық-құқықтық шартында еңбек қатынастарының белгісі болса, бірден оны еңбек шарты етіп өзгертуі қажет. Аталған өзгеріс Еңбек кодексінің 27-бабында қарастырылған. Ол белгілерге жалақы алуы, жұмыс берушінің еңбек тәртібіне бағынып, жұмыс істеуі, қандай да бір мамандық иесі, лауазым бойынша еңбек етсе, еңбек қатынасы деп саналады.

Тағы бір өзгеріс жазатайым оқиғалар кезіндегі тергеу-тексеру жұмыстарына қатысты енгізілуде. Мұндай кезде зардап шегуші тарап өз өкілін комиссия құрамына кіргізуді қалайды. Бірақ заңда оған рұқсат жоқ еді. Енді өз заңгерін болсын кіргізіп, жағдайды жіті тексеруге араласа алады. Алайда, айта кету керек, ол өкілдің комиссия мүшесі ретінде дауыс беру құқығы жоқ. Дауыс бермесе де, көзқарасын білдіріп, сұрақтарын тікелей қоюына мүмкіндік берілмек. Бұл жұмыскерлердің құқығын қорғауға айтарлықтай оң әсерін береді деген үміт бар.

 

Тілші:

– Бүгінде барлық салаларда жұмысты жетілдіру, барынша қолжетімді ету мақсатында қызметті цифрландыруға мән берілуде. Осы орайда, еңбекті қорғау саласына цифрландыру элементтері де енгізіліп жатқан болар?  Нақты, мысалдар атап өтсеңіз…

– Цифрландырудың элементтері біздің де салаға енгізілуде. Еңбек министрлігі еңбек тәуекелдері картасын жасады. Бұл жүйеден жоғары тәуекелдері бар кәсіпо-рындарды көріп отырамыз. Мысалы, жалақыны уақытында немесе мүлдем төлемеген, жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарын жасамаған компаниялар көрсетіліп тұрады. Сонымен қатар, салық органдарына қажетті аударымдарды дер кезінде түсіріп тұрмаса, картада мұндай жайттар жоғары тәуекел болып шығады. Бірден кәсіпорынмен жеке, қолма-қол жұмыс жасаймыз. Себептерін біліп, жағдайды анықтаймыз. Жағдайдың ушығып кетпеуіне күш саламыз. Тіпті, күрделі болса, үшжақты комиссияда қарастырамыз. Кез келген заңбұзушылық айына бір рет жүйеге автоматты түрде түсіп, дабыл береді. Қазіргі кезге дейінгі дабылдарды қарасақ, көбінде салық органдарына, зейнетақы жүйесіне, медициналық сақтандыруға жарналар уақытылы аударылмайтынына қатысты болып отыр.

Сонымен қатар, елімізде еңбек шарттары туралы мәліметтерді бірыңғай жүйеге енгізу қолға алынды. Яғни, биыл наурыз айынан бастап мәліметтер жүйеге уақытылы енгізілмесе, жұмыс берушіге айыппұл салынады. Мысалы, еңбек шартын жасап, 5 күн ішінде немесе мүлдем ол туралы мәліметтер енгізілмесе, жұмыс беруші айыппұл арқалайды. Ал еңбек шарты тоқтатылғаны туралы ақпарат жүйеде үш күнде енгізілуі тиіс. Бұрын ұйғарыммен шектелетінбіз. Бұл өзгеріс оң нәтижесін беруде. Ұжымдық шартты да автоматты түрде тіркеу алдағы уақытта іске аспақ.

 

Тілші:

– Адам өмірі мен денсаулығы қашанда қымбат. Сондықтан өңіріміздегі еңбек қауіпсіздігін сақтау жайын айтып өтсеңіз… Қауіптің алдын алу мақсатында депар-тамент тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?

– Ірі кәсіпорындар еңбек жағдайын жақсарту мақсатында кешенді жұмыстар жүргізуде. Бірақ әлі де жетілдіруді қажет
етеді. Себебі, өкінішке қарай, жазатайым жағдайлар, бұзушылықтар тіркелуде. Біздің тарапымыздан бұрын тексерістер, тергеу жұмыс-тарына басымдық берілсе, қазір оқиғалардың алдын алу бағытына көбірек көңіл бөлудеміз. Заңна-мадағы өзгерістерді жиі түсіндіріп, ұжымдар алдына барамыз. «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырым-дамасымен жұмыс істейміз. Кәсіпорындар осы жүйеге тіркелуде. Халықтық қадағалау жобасы енгізілген. Жұмыскер жұмыс орнында жарақаттанып, мүгедектік алса, оны жұмыстан шығармаудың амалы қарастырылады. Мәселен, еңбек қауіпсіздігі тұрғысынан оның білімі болса, жұмыс беруші оны арнайы компьютермен жабдықтайды. Ол бейнебақылау арқылы тексеріс жасайды, инженерлерге көмек көрсетеді. Жұмыскерлердің жұмыс орнында жіберген қателіктерін тіркеп, инженерге береді, ол ары қарай қорытынды жасайды. Одан бөлек, инженерлермен, бас инженерлермен кездесіп, туындаған мәселелер болса, қарастырып, ортақ шешім жасап тұрамыз. Өзге әріптестерімен тәжірибе алмасады.

 

Тілші:

– Жүргізілген талдауға сәйкес жазатайым жағдайлар көбінде не себептен, кімнің кінәсінен орын алады?

– Әр оқиғада себебі әртүрлі болады. Дегенмен, көбінесе, біздің талдауымыз бойынша жұмыс беруші тарапынан кемшілікке жиі жол беріледі. Жұмысты қанағаттанарлықсыз деңгейде ұйым-дастыру, жүктелген аумақты бақылаусыз қалдыру кері әсерін тигізіп жатады. Өйткені, бақылау бар жерде жұмыскер жалқаулыққа салынып, тиісті киімдерін кимей қоймайды. Қадағаланса, қауіпсіздік белдігінсіз биіктікке шықпайды. Кейде адамдардың абайсыздығынан да орын алады. Осы ретте, әр азамат өз денсаулығына өзі жауапты екенін де естен шығармаса дейміз. Жұмыскерлер тарапынан өрескел бұзушылықтар тіркелетін кездер де жоқ емес.

 

Тілші:

– Кейбір жағдайларда қызметкерлердің құқығын қорғауда еңбек шартының жоқтығы қолбайлау болатыны белгілі. Әлі де адамдар құжатқа мән бермей жұмыс атқара бере ме? Егер жұмыс беруші еңбек шартын жасамаса, жұмыскер не істеуі керек?

– Мұндай мәселемен біздің көмегімізге жүгінетін азаматтар бар. Келген адамнан «еңбек шартын жасасу керектігін білмедіңіз бе?» деп сұраймыз. Сонда олар «білдім, бірақ, құжатқа көңіл бөлмедім, себебі, бұған дейін ешқандай түсініспеушілік туындаған жоқ. Уақытылы жалақымды алып тұрдым» деп түсіндіреді. Кейбір адамдар шоттары бұғатта болғандықтан, осындай амалға барғандарын, қолма-қол ақшамен айлығын алып жүре бергенін айтады. Жұмыс берушілер жұмысқа алғанын, еңбек шарты жасалғанын айтқанымен, шарттың екінші данасы жұмыскерде болмай шығады. Енді базаны тексерсек, онда мүлдем шарттың жоғын көреміз. Мұндай да жағдай жиі кездеседі. Осындай мәселелер туындағанда жұмыс берушіге хабарласып, бірден реттеуге кірісеміз. Еңбек қатынасы жоқ, яғни, жұмыскерді білмейтінін алға тартатындар да табылады. Аталған оқиғада екі тарап та зардап шегеді. Жұмыскер айлығын ала алмайды, жұмыс беруші айыппұл арқалайды, өрескел бұзушылық деп танылып, профилактикалық тексеріске автоматты түрде ұласады. Қызметкерінің жалақысын төлеуге ұйғарым шығарылады. Еңбек шарты болмаса да, сот арқылы азаматтар құқығын қорғап, еңбек-термен тапқан ақшасын алуға әрекет етуге болады. Куәгерлер арқылы, қолында қандай да бір құжат болса, соған сүйеніп те жәрдемдесуге болады. Кейбір азаматтар еңбек шартының екінші данасын қолына алғанымен, оның ішін оқып, үңілмейді. Жұмыс беру-шілердің кейбірі шартта қанша жалақы берілетінін көрсетпеуі мүмкін немесе елдегі минималды жалақы мөлшерін жазып қоюы ықтимал. Қолына көбірек беріп жүруі мүмкін. Енді дау туындағанда айлықты өндіріп алу кезінде шарттағы мөлшермен ғана алып қалады. Сондықтан шартты мұқият оқып, танысуы тиіс.

 

Тілші:

– Еңбек қатынастарына байланысты сіздерге жиі түсетін шағымдар қандай? Құқығын қорғауға сіздерге қаншалықты жиі жүгінеді?

– Ең көбі жалақының төленбеуіне қатысты түседі. Одан кейін еңбек шартын жасаспау немесе жұмыс берушінің заңсыз тәртіптік жазаға тарту жағдайларымен жүгінеді. Еңбекақы төленбеуі бойынша азаматтар бір айдан кейін бірден жүгініп жатады. Алты айға дейін шыдап, уәдеге сеніп жүре берген тұрғындар да болды. Кейбір азаматтар былтыр да осылай кешіктіріп, бірақ берген еді деп жүре береді. Көбінде мердігер ұйымдарда осындай дау жиі кездеседі. Ал олар жалдаған кәсіпорын ақша түсірмей жатыр деп түсіндіреді. Бірақ жұмыс беруші айлықты уақытылы төлеуге жауапты екенін айта кеткім келеді. Бүгінде облыста жалақы бойынша берешек жоқ. Туындаған жағдайда шұғыл шешуге тырысамыз. Үш айдан аса төленбеген жайттарды статистикаға алып, жұмыс істейміз, тексеріс жүргіземіз.

 

Тілші:

– Ұжымдық шартқа қызметкерлер ұсыныс бере ала ма? Бұл құжатты қаншалықты жиі өзгертіп, ұсыныс енгізуге болады?

– Ұжымдық шартқа екі тараптың келісімімен өзгерістер енгізуге болады. Ең бастысы, ол өзгеріс заңға қарама-қайшы келмеуі керек. Ұжымдық шартты түзу, өзгерту жиілігін әр мекеме өзінің ішкі тәртібімен өзі айқындайды. Қызметкер ұсыныс болса, оны басшылыққа өтініш түрінде табыстай алады. Екінші тарап қарастырып, бір тоқтамға келеді. Қос тарап та келіссе, өзгеріс енгізуге болады.

 

Тілші:

– Елімізде зиянды еңбек орындарында жұмыс істеген азаматтардың 55 жасқа толғаннан кейін арнайы төлем алып, зейнет жасына дейін зиянсыз орынға ауысуына мүмкіндік берілгені белгілі. Бұл қолдауды аймағымызда қаншалықты пайдалануда? Олар сол жерде ары қарай жұмыс істей беруіне рұқсат бар ма?

– Мұндай мүмкіндік беріліп, төрт тараптан арнайы төлемдер төленеді. Олар бұл төлемді алғаннан кейін зиянды орында жұмысын жалғастыруға рұқсат жоқ. Яғни, зиянды жұмыс орнының жалақысы мен арнайы төлемді қатар алуға тыйым салынған. Демек, зиянды еңбек орнынан арнайы төлем төленіп жүрген кезде зиянды жұмыс орнынан төленетін тиісті салық түссе, мемлекеттің арнайы төлемі бірден тоқтатылады. Ал өзге зиянсыз жұмыс орындарда еңбек етіп, қосымша төлемді қатар ала береді.

 

Айнагүл:

– Биыл қаңтар айында жұмысқа орналастым. Үш балам бар. Балалардың жазғы үш ай каникулында жұмыста болайын деп тұрмын. Себебі, жұмыс беруші демалысты тек қараша айында аласың деді. Заң бойынша неше айдан кейін еңбек демалысын алуға құқым бар?

– Бұл мәселені екі тарап – жұмыс беруші мен жұмысшы өзара келісіммен шешуге болады. Тағы бірі еңбек демалысының кестесіне сүйеніп, талап етуіне құқығы бар. Жоспар бойынша кестеге сай шығу керек болса, жұмыс беруші оны кейінге қалдыруға тырысса, онда біз араласып, көмектесе аламыз. Мұндайда жұмыс берушіге «мына қызметкеріңіз кестеге сай осы уақытта шығуы керек екен, сондықтан уақытылы еңбек демалысына жіберіңіз» деген ұйғарым береміз. Ал кестеге сәйкес емес, жоспардан тыс жағдайда екі тарап келісуімен кез келген уақытта шыға алады. Еңбек демалыстарының кестесі жасалғанда жұмыскердің пікірі ескеріледі. Тағы бір айта кетерлігі, еңбек демалысы нақты жұмыс істеген уақытқа есептеліп беріледі. Мәселен, алты ай жұмыс істесе, соған сай күндері мен ақысы беріледі. Ал жұмыс беруші толық бір жылдың демалысын бергісі келсе, оған да жол ашық.

 

Майра:

– Біздің мекемеде демалыс күндері шыққан уақытты өзге жұмыс күнінде алу қарастырылған. Өткен жылғы осындай бес күнім бар. Бірақ оны алуға жұмыстан былтыр реті келмеді. Яғни, маған керек кезде жұмыс қажеттілігіне байланысты берілмеді. Жалпы, демалыс күн істеген уақытты жұмыс күнінде алудың заңда қандай шарттары бар? Бес күнді бірден қатарынан алуға құқығым бар ма? Әлде еңбек демалысына қосып алуға бола ма? Былтырғы күндерімді биыл қолдануға бола ма?

– Өткен жылы демалыс күндері шыққан сағаттарын, күндерін биыл алуға толық құқығы бар. Негізі, заңда демалыс күні істеген сағаттарына азаматтар ақы төлеуді талап етуіне де болады. Яғни, Еңбек кодексіне сәйкес жұмыскердің өз еркі, ол не жұмыс күндерін пайдаланады немесе өтініш білдіріп, ақысын төлеуді талап етуге құқылы. Бұл жұмыскердің таңдауымен шешіледі. Демалыс күні 8 сағат еңбек етсе, жұмыс күндері дәл осындай көлемде сағат беріледі. Ал демалыс күні еңбекке тартылғаны үшін ақы 1,5 еселенген көлемде төленеді.

 

Нұрлан:

– Танысымның жұмысында 7 жасқа дейін балалары бар ата-аналарға еңбек демалысына ақысы төленетін 3 күн қосып беретінін естідім. Бізде мұндай жағдай жасалмаған. Осыны ұжымдық шартқа енгізуге өзім ұсыныс беруіме бола ма?

– Заңға қайшы келмесе, ұжымдық шартқа түрлі қолдау, көмек және басқа да ұсыныстарды енгізуге болады. Бірақ, оның қабылданып, нақты енгізілуі екі тараптың пікірі ескеріле отырып, жағдайға қарай шешіледі.

Сандуғаш:

– Биыл 40 жасқа толамын. Маған скринингтен өту керек. Жұмыстан сұранып едім, бастығым жібермеді. Заң бойынша бұл мақсатқа үш күн берілетінін жуырда естідім. Ол үшін не істеуім керек?

– Егер өтініші қанағаттан-дырылмаса, бізге жүгінуіне болады. Еңбек кодексінде скринингке берілетін үш күн туралы айқын көрсетілген. Дәлелдеме құжаттары болса, бізге хабарласса, қарас-тырып, шешіп беруге дайынбыз.

 

Қымбат:

– Декретке шығарда зейнетақы жарналарымның уақытылы аударылмағанынан көп әбігерге түстім. Мұндайда не істеу керек?

– Бұл мәселемен біз айна-лыспаймыз. Салық органдары арқылы қарастырғаны жөн болар.

 

Ертіс ауданының тұрғыны:

– Ертіс аудандық ауруха-насының дәрігерімін. 6 наурызда декреттік демалыстан кейін жұмысқа шықтым.
Әріптестеріме 8 наурызға және 22 наурызға сыйақы берілді. Маған «декреттен енді шықтың» деп берілмеді. Бұл қаншалықты заңды? Егер заңсыз болса, қазір өтініш жазып, сыйақы алуға әрекет етуіме бола ма?

Абылай САБЫРОВ:

– Сыйақы туралы Еңбек кодексінің 107-бабында қарастырылған. Бұл төлем – жұмыскерлерді ынталандыру мақсатында қолданылатын қолдау тетігі. Алдымен, сол мекеменің ішкі құжаттарын қарап шығу керек. Егер ұжымдық шартта сыйақы барлығына толықтай төленеді деген нақты тармақ болса, онда төленуі тиіс. Ал негізінен көбінесе жұмыс беруші өзі шешеді.

 

Берік:

– Еңбек биржасы арқылы жекеменшік фирмаға жолда-мамен бардым. Бір апта жұмыс істедім. Сынақ мерзімінде. Бір аптадан кейін баяу істейсіз деп алмайтындарын айтты. Бір апта тегін істедім. Бұл күндерге негізі ақы төленуі тиіс пе еді?

– Әрине, жұмыс істегені рас болса, жұмыс беруші міндетті түрде төлеуі тиіс. Қанша күн істесе де, қанша сағат істесе де, ақысын алуға құқылы. Бізге жүгінсе, шағым арыздың үлгісін беріп, жол көрсетеміз. Құжаттары болмаса, еңбек қатынастарын дәлелдеп сот арқылы төлетіп алуға болады.

 

Тілші:

– Облыста жұмыстан заңсыз босату оқиғалары қаншалықты жиі орын алады? Сіздер арқылы өз жұмыс орнын қалпына келтірген азаматтар бар ма?

– Көбінде еңбек шартын жасаспаудан осындай оқиғаларға тап болады. Яғни, заңсыз жұмыстан шығару жағдайы орын алады. Ал еңбек шарты бар адамдарда мұндай оқиғалар өте сирек. Кейде департаментімізге жүгінгендердің жағдайын жұмыс берушімен тікелей тілдесу арқылы бірден реттеп береміз. Себебін анықтап, мән-жайды түсіндіреміз. Кейде жұмыс беруші өзінен кеткен қателігін мойындап, даулы жағдайды шешуге тырысады. Бұлай реттеуге келмесе, тексеріс арқылы ұйғарым беріп, бұзушылықты анықтаймыз. Ал еңбек шарты тоқтатылып қойған болса, мәселе тек сот арқылы шешіледі. Яғни, жұмыскер жұмыс берушінің әрекетін заңсыз деп санаса, сот арқылы орнын қалпына келтіруге әрекет ете алады.  Мәселен, жуырда осындай өтініш негізінде жүгінген азаматтың жағдайын тексеріп, бұзушылық бар деп таныдық. Қазір сот жүріп жатыр. Егер қызметкер сот шешімімен жұмысына қайта оралса, мәжбүрлі түрде босатқан уақытына жұмыс беруші жалақы төлейді. Оған қоса, жұмыс беруші бұзушылыққа жол жібергені үшін айыппұл арқалайды.

 

Тілші:

–  Халықтың еңбек заңна-масын білу тұрғысынан сауаттылық деңгейлері қалай?
Құқығын қорғауға қанша-лықты мән береді?

– Бүгінде азаматтарға Еңбек кодексі, барлық ақпараттар қолжетімді. Кез келген уақытта парақтап, өзіне керегін қарап шығуға мүмкіндік бар. Яғни, сауаттылық артып келеді. Дегенмен, көбі біле тұра, құжаттарға тиісінше көңіл бөлмейді.

 

Нұрханым:

– Ерекше баласы бар ата-аналар баласын оңалту орталығына апаруы керек делік. Мұндай жағдайда жұмыс беруші тарапынан қандай жеңілдіктер бар?

– Мұндай жағдайлар бойынша ұжымдық шартқа қызметкер ұсынысын білдіре алады. Еңбек кодексінде қарастырылған мүм-
кіндіктер болса, оны баланың жас шамасына, құжатына қарай қарастыруға болады. Ол үшін баланың құжаттарымен нақты танысуымыз керек.

 

Тілші:

– Еңбек мигранттарымен жүргізілетін жұмысқа тоқталсаңыз. Кәсіпорындарда оларға арналған квоталар қарастырылады? Сол көлем сақталып жүр ме?

– Еңбек мигранттары өңірімізде тұрақты. Кәсіпорындар шетелден жұмыс күшін тартса, арнайы квота қарастырылған. Біз еңбек шартын жасасқан-жасаспағанын, ол құжатты еңбек шартының бірыңғай жүйесіне енгізген-енгізбегенін, зейнетақы жарналарының аударылуын қада-ғалаймыз. Бүгінде 40-қа жуық кәсіпорын шетелдік жұмыс күшін тартқан. Олардың ішінде ірі кәсіпорындар да, шағын изнес субъектілері де жұмыстың ерек-шелігіне байланысты еңбек мигранттарын шақырады.

 

Түйін:

Еңбек қатынастарының заңға сай жүзеге асқаны қоғам үшін маңызды. Өйткені, онда ел азаматтарының өмірі, төккен тері жатыр. Заң мен тәртіпті басты бағдар еткен елде заңнама талаптарының тиісінше орындалғаны қажет-ақ. Бұл бағытта құзырлы орган тарапынан жүйелі жұмыстың да барын байқауға болады. Десе де, әлі көпшілік толық біле бермейтін тұстар да жоқ еместігі көрінеді. Еңбек кодексіне өзгерістер енгізу арқылы бұған дейін күрмеулі мәселелерді де шешу көзделген. Қос тараптың да мүддесі ескерілуде. Еңбек қатынастары, еңбекті қорғау өз деңгейінде болғанда кез келген мекеменің, кәсіптің ілгері басары анық.

«Тікелей желіні» жүргізген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суретті түсірген  – Есенжол Исабек.