Соңғы кезде сақал қойып, тақия киіп, діндар болып көрінген кейбір азаматтар елге өнеге болғанның орнына теріс тәрбие көрсетіп жүр. Олардың қатарында жасы да, кәрісі де бар. Яғни, өзі ғана дұрыс санаған, бірақ қазақ менталитеті мен тәрбиесіне мүлдем сай келмейтін ой-пікірлерін, кейбір жаға ұстатар жағымсыз әрекеттерін ашық жария етуі арқылы көпшіліктің наразылығын тудыруда. Мұндай оқиғалар бірінші қазақ халқының салты мен дәстүрін аяққа таптаса, екінші ата-бабадан жалғасын келген дәстүрлі дінімізді жағымсыз етіп көрсетеді.
Дін мен дәстүр арасына сына қағу ма?
Жақында бүкіл түркі жұртының ортақ құндылығына айналған Наурыз мерекесіне қатысты мәлімдеме жасаған азаматтың сөзі әлеуметтік желіні бір сілкіндірді. Ол TikTok-тың тікелей эфирінде: «Айтты осылай тойламадыңдар ғой, киіз үй тігіп, қазан-ошақ койып, адамдарды жинап. Наурыз — парсының мейрамы. Қазақта ешқандай ондай мейрам болмаған. Ол парсылардан, отқа табынушылардан келген. Аллаға иман келтірген болсаң, Наурызды тойлауға болмайды. Егер мұсылман емеспін десең, саған қытысы жоқ бұл әңгіменің» деп өзінше түсініктеме береді. Мұның бәрі Аллаға деген сезімнің шекарадан асып, соқыр сенімге берілген және өзінің туған ұлтының тарихи танымын, салт-дәстүрін жоққа шығарған әсіредіншілдік салдары екені бәріне анық болды. Дегенмен, Аллаға деген сенім — әркімнің жеке ісі, діни ұстаным әр азаматтың жүрек қалауы екенін ескерек, ашықтан-ашық мұндай мәлімдеме жасау заңдық тұрғыдан да, моральдік тұрғыдан да қисынға келмейді. Ел ағалары мұндай жүгенсіз дүмшелерді тек заңмен тізгіндеп, ұлт пен ұлттық құндылықты жоққа шығарушыларды қатаң жазалау керек екенін айтып отыр.
– Наурыз барша түркі халықтарына ортақ мереке екені анық. Біз табиғатпен үндескен, табиғаттың тілін ең жақсы түсінетін халықпыз. Сондықтан күн мен түннің теңелген, табиғаттың жаңарған уақытын жыл басы және жаңа күн деп танып, оны «Наурыз» деп атадық. Бұл мереке бізге діннен бұрын келді. Сондықтан Наурыздың дінге ешқандай байланысы жоқ деп сеніммен айта аламын. Ал Ислам — ата-бабаларымыз селкеу түсірмеген Алланың ақ жолы. Осы тұста асыл дінімізді жаман жағынан көрсетіп, ұлтымыз бен ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығарушыларды заңмен жазалайтын уақыт келді, – деді «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Рашид Бектеміров.
Иә, аталған азамат заң бойынша жауапкершілікке тартылған. Яғни, ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ер адамға қатысты діни араздықты қоздыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Ағымдағы жылдың 23 наурызында әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында TikTok-та жарияланған, Наурыз мерекесіне қатысты діни және этномәдени сипаттағы жария мәлімдемелер қамтылған бейнема-териал анықталды. Жедел іс-шаралар нәтижесінде 1991 жылы туған азамат К. анықталып, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп мәлімдеді ІІМ.
Қария неге қағынды?
Сәлде киіп, сақал қойғанның бәрі данышпан емес. Тағы да дін арқылы ұлтты қорлау, қазақтың салты мен дәстүріне тас ату, отбасылық тәрбиесін құбыжық етіп көрсету. Бұл жолғы кейіпкеріміз — өз-өзіне «пір», «ишан» деген ат қойып, айдар таққан Құрбанәлі Ахмет деген адам. Бұл адамның уағыз айтып жүретінін бұған дейін де әлеуметтік желі беттерінен аракідік байқап калатын едік. Алайда, көп ешкім назар аудармаған соң өз өмірінде болған (бәлкім болмаған, ойдан құрастырған) оқиғаларды ресми түрде мәлімдеу арқылы жұрттың назарын аударып отыр. Бұл сұхбатты елге танымал YouTube журналисі Жанар Байсеміз алған болатын. Онда эфир қонағы екі оқиғаны ерекше мақтанышпен айтады. Бірі – әйелдерінің бірін шәкіртіне «сыйға тартуы» болса, екіншісі – екінші әйелінің әкесі, яғни, қайын атасы өзінің қызын тоқалдыққа сыйлап беруі. Ең сорақысы, осыларды әңгімелей отырып, «Бұл дегеніміз – қазақтың әдеті» деп бүкіл ұлтқа күйе жағып, жаһанға жабайы, надан, караңғы халық ретінде көрсетуі. Желіге жарияланған күннен бастап көп қаралым жинап, қызу талқыға түскен сұхбатқа құзырлы органдар да дереу назар аударып, журналист Жанар Байсемізге де, оның қонағы Құрбанәлі Ахметке де айыппұл салынды.
— Мәшһүр Жүсіп бабамыз шынымен әулие ғой. Кезінде, ұлтының болашағы қандай болатынын дөп басып айтып кетті. Бір жазбасында бабамыз дәл осындай дүмше-діндарлардың келе жатқанын ескертіп, «Діні бар да, ұлты жоқ, сақалы бар да, мұрты жоқ. Теке сақал, қырма мұрт, елдің түбіне сол жетер» деп уайымдаған. Асыл діннің атын жамылып, ұлт пен дәстүрді жоққа шығарған қандастарымыздың қатары көбейген сайын әулиенің осы бір ауыз сөзінің шындыққа айналғанын көреміз. Дегенмен бойды босқа салуға болмайды. Жүйелі жұмыс жүргізу керек. Әсіресе, бұл жерде мықты идеологиялық жұмыстар қолға алыну керек, — деді Рашит ақсақал.
Қоғамның ашық наразылығынан кейін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеме жасап, Құрбанәлі Ахмет діни басқарманың құрылымында қызмет етпейді, діни басқармамен ешқандай қызметтік немесе ресми байланысы жоқ деген ақпарат таратты. Бірақ, дін мен дәстүр арасына сына қағып, елді дүрліктірген дүмше молдаға қандай шара қолданғанын ашып айтпады.
Қатаң шара қолданылуы керек!
Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи осы жайтқа байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын сынап, «Сен тимесең, мен тиме» деп үнсіз отырғанын айыптады. Сонымен қатар, депутат ҚМДБ жұмысына да тоқталып, міндеттемелерін қайта қарау керек және мұндай жағдайларға дер кезінде жауап беруі қажет екенін айтты.
– Заңды белшесінен басып, ойына келгенін айтып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек. Бірақ, құрметті бас прокурор мырза, елдегі діни негіздегі қоғамдық жарықшақ асқынып кетпесін десек, әкімшілік жазамен ғана ушығып бара жатқан жағдайды ауыздықтау аздық етеді. Әсіресе, әлеуметтік ресурстары арқылы теріс діни насихат пен діни араздықты қоздырушы тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін заң нормаларын депутаттар корпусының талқылауына ұсынуды сұраймын. Түптеп келгенде, ұлттық мұраға орасан зор залалын тигізетін бұл проблеманың тұңғиығы терең және әлдеқайда қауіпті болмақ, – деді Ермұрат Бапи.
Ықылым заманнан бері дін мен дәстүрдің арасына сына қағып көрмеген қазақ баласы ата-баба жолынан айдың-күннің аманында жаңылатындай не күн туды?! Ғасырлардан бері Исламды Алланың ақ жолы деп танысақ, салт пен дәстүрді Алаштың дара жолы деп бағып келдік емес пе?! Ендеше, дінде татулық пен тұрақтылық, салтта сабақтастық, дәстүрде ұлттық
тәрбие жатқанын ұмытып кетпесек игі еді.
Тілеуберді САХАБА.
