Павлодарда спорт және балалар ойын алаңдарының саны жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда қалада 673 спорт алаңы болса, биыл тағы ондаған жаңа нысан салу жоспарланып отыр. Соңғы бір жыл ішінде, нақтырақ айтқанда 2025 жылы 9 шағын футбол алаңы орнатылған.
Ал ойын алаңдарына тоқталар болсақ, қазіргі таңда қаланың 89%-ы ойын алаңдарымен қамтылған. Биыл жаңа 50 жаңа ойын алаңы орнатылып, бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделуде. Яғни, барлық аулаларда жеткіншектер асыр салатын орындар жабдықталады.
— Бүгінде спорт алаңдарының жағдайы қанағаттанарлық. Жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Алдағы уақытта ескі үлгідегі алаңдарды жаңарту көзделген. Ойын алаңдарына қатысты айтар болсақ, қалада ескі алаңдар бар, алайда олардың орнына жаңасын салу мүмкін емес. Себебі коммуналдық желілер өтетін аулаларға қауіпсіздік талаптарына сәйкес ойын алаңдарын орнатуға рұқсат етілмейді. Барлық құрылыс жұмыстары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бақылауында, — деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Мақпал Қаржаубай.
Сонымен қатар, қалада спорт алаңдары жетіспейтін аудандар да бар екені анықталды. Атап айтқанда, Екінші Павлодар, Хромзавод, Зеленстрой және Жаңа Достық шағын аудандарында қосымша спорт алаңдары қажет.
— Биыл аула аумақтарын абаттандыру аясында 10 шағын футбол алаңы, 80 жаттығу алаңы, 40 стрит-воркаут және 30 стритбол алаңын салу жоспарланған. Қалада бұдан бөлек 10 волейбол және 128 баскетбол алаңы бар. Барлық спорт алаңдары «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қарамағында, — деді Мақпал Қаржаубай.
Балалар мен жасөспірімдер үшін бос уақытты тиімді өткізу мүмкіндігі тек жаз мезгілімен шектелмейді. Қыста да арнайы жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, инклюзивті алаңдар, екі шаңғы базасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, спорт бөлімінің балансында тегін қызмет көрсететін 13 балалар-жасөспірімдер клубы бар. Бұдан бөлек, балаларды спортқа тарту мақсатында ART-спорт бағдарламасы аясында қаржыландыру қарастырылған. Спорт және ойын алаңдарындағы қауіпсіздік мәселесі де басты назарда. Әр ойын элементтерінің барлығы сапа сертификаттарына ие және қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді. Құрылғылар халықаралық стандарттарға сай орнатылған. Ойын алаңдары күнделікті тексеріліп, ақау анықталған жағдайда жедел жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Құмсалғыштар санитарлық талаптарға толық сәйкес келеді, иленген таза құм пайдаланылады, аумақ тұрақты түрде тазаланады. Жаз мезгілінде тазалау және жөндеу жұмыстары тұрақты түрде атқарылады. Ал вандализмнің алдын алу мақсатында алдағы уақытта бейнебақылау камераларын орнату жоспарлануда. Тек ойын элементтерінің сапасы мен күнделікті тексерілуімен ғана қауіпсіздік мәселесі шешілмейді. Бұл ретте жарықтандыру жүйесі де маңызды рөл ойнайды. Кешкі және түнгі уақытта қауіпсіздік деңгейі тікелей жарықтандыруға байланысты. Жарықтандырылған алаңдарда жарақат алу және құқықбұзушылық қаупі төмендейді.
— Құрылыс жобасында қарастырылған және техникалық мүмкіндігі бар алаңдар толықтай жарықтандырылған. Қалған нысандар бойынша жұмыстар жалғасуда. Электр желілерін қосу немесе жөндеу үшін тиісті коммуналдық қызметтерге өтінімдер жолданады. Ең алдымен халық көп жиналатын орындарға басымдық беріледі. Сонымен қатар, тұрғындардан түсетін қауіпсіздікке қатысты өтініштер жедел қаралады, — деді Мақпал Қаржаубай.
Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Мақпал Қаржаубайдың айтуынша, қалада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорт элементтері бар, алайда олардың саны әзірге жеткіліксіз. Алдағы жылдары инклюзивті спорт инфрақұрылымын дамыту басты бағыттардың бірі болмақ.
Тұрғындар спорт немесе ойын алаңын салу жөнінде Павлодар қаласының спорт бөліміне тікелей хабарласып, өтініш бере алады. Қазіргі уақытта қала бойынша ойын алаңдарының тізімі жасалып, коммуналдық қызмет өкілдері қауіпсіздік аймақтарын өлшеу жұмыстарын жүргізуде.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.
