Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша 2024 жылдан бері 23 сәуірді Ұлттық кітап күні ретінде атап өтіп келеміз. Осыған орай өткен ғасырларда ұлт игіліне жараған ұлттық кітаптар туралы айтпақпыз. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың сирек кітаптар қорында Алаш қайраткерлерінің құнды еңбектері көптеп сақталған.
Сирек қордың құнды жәдігеріне айналған еңбектердің бірі – Ахмет Байтұрсынұлының «Әліб-бій» деп аталатын оқу құралының көшірме нұсқасы. Аталған көне әрі құнды еңбектің түпнұсқасын Алаш қайраткері 1928 жылы Қызылорда қаласында «Қазиздат» баспасынан басып шығарған. Бұдан кейін арада ғасырға татырлық уақыт өтсе де маңызын жоғалтпайтын құнды жәдігерге айналды. Бүгінге дейін мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіннің алғаш қолына ұстап, әріп танитын әліппесінің бастау бұлағы – осы кітап. Мұқабасында төтеше жазумен «Байтұрсын ұлы Ақымет, Әліб-біи жаңа құрал, Қазағыстан Білім ордасы мектепте қолдануға ұйғарған, 3-ші рет басылуы» деген анықтама берілген. Ал кітаптың дәл осы көшіріліп басылған нұсқасы 1998 жылы Алматы қаласында «Рауан» баспасында басылып шыққан. Яғни, кітаптың түпнұсқасы алғашында таза төте жазуымен жазылып шығарылған болса, көшірме нұсқасын «Әліб бій» деп аталатын атауынан бастап жазу емлесіне дейін өзінің бұрынғы қалпын сақтай отырып, қазіргі жазуымызға аударған. Бұл жұмысты көрнекті тіл маманы Ұлықман Асылов бастаған редакциялық алқа сәтті жүзеге асырып, төте және кирилл әріптерімен қайта басқан.
Редакция ұжымының жазған мәліметіне сүйенсек, бұл кітапты түпнұсқасының 70 жылдығына және Ахмет Байтұрсынұлының 125 жылдығына орай қолға алған. Әліппе негізі мұғалімдерге, оқулық, тіл-жазу тарихын зерттеушілерге, араб жазуына қызығатын көпшілік оқырманға арналып отыр.
Кітаптың алғашқы беті бірден Ахметтің өлеңімен басталады. «Балаларға тарту» деп аталатын алты жолдан тұратын өлеңінде ақын:
«Балалар, бұл – жол басы даналыққа,
Келіңдер, түсіп байқап, қаралық та!
Бұ жолмен бара жатқан өзіңдей көп,
Соларды көре тұра қалалық па.
Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық,
Жүріңдер, іздеп тауып, алалық та, — деп даналықтың бастауы білімде екенін жыр тілімен, көркем оймен, әсерлі шумақпен жеткізеді.
Ал алғысөз орнына жазылған бір беттік түсініктемеде оқу құралының мақсатын, мазмұнын қысқаша төмендегідей сипаттайды: «Бұл «Әліп-би» кітабы жаңа әдіске көшу жөніндегі көңіл тілегі мен қол қысқалығын бір-біріне жамастырып, жақындату шарасын табу түрінде шығарылып отыр. Үйрету жағынан «дыбыс әдісі» мен «тұтас оқыту» әдісінің екеуіне бірдей жарарлығы көзделді. Қазақта суретші болмағандықтан қазақ тұрмысына лайық даяр суреттер табылмағандықтан бұл «Әліп-би» кітабында да сурет жағынан кемшілік көп, онысы оңдала жатар…», — дейді.
Әліппенің шымылдығы әдеттегідей «А» әрпімен ашылса, одан кейін «Р» және «З» әріптері қосарлана берілген. Осылайша кішкентай бүлдіршіндер осы үш әріптің басын қосып, ең алғаш ара, аз, ар, араз, азар сөздерін оқып үйренеді.
Ғалым қазақ тіліне тән дыбыстардың әрқайсысына жеке тоқталып, олардың жазылу ретін, орнын, ерекшеліктері мен айырмашылықтарын айқындап береді. Сонымен қатар, араб жазуының түркі тілдерінің дыбыстық жүйесіне сай келмейтін тұстарын көрсетіп, басы артық әріптерін алып тастау керек деген ұстанымын білдіреді. Жалпы, «Әліб-бій» оқулығының қазақ тілінің тілдік жүйесіне ыңғайлы әрі оқушылардың сауат ашуына жеңіл етіп жасалғанын айтады ғалымдар.
Торайғыров кітапханасының сирек кітаптар қорын толтырып тұрған ескі кітаптардың бірі – көрнекті ақын, ағартушы Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітабы. Бұл – қазақ тілінде жарық көрген тұңғыш іргелі педагогикалық еңбек. Кітаптың түпнұсқасы 1923 жылы «Түркістан баспасөз махкамасы» типографиясында басылып шығып, педагогика институттары шәкірттеріне, мұғалімдер мен тәрбиешілерге бағытталған. Ақын аталған оқу құралын даярлау барысында Рубинштейн, Скорцов, Смирнов сынды ғалымдардың еңбектерін пайдаланғанын айтады.
«Кітапты бір орыс кітабынан тура тәржіма деуге болмайды. Алдыма бір кітапты жайып қойып, бұрылмастан көшіре бергенім жоқ. Тәрбие ғалымдарының фактілерін таңдап алуға ұмтылдым, шамам келгенше қазақ жанына қабыстыруға тырыстым. Мен педагогика майданында бәйге алып жүрген жоқпын. Кітаптың құрылысында, тілінде, хатта, кітаптың жалпы негізінде көп кемшіліктер болуы мүмкін, мұғалімдер тексеріп оқып, қате жерлерін көрсетсе сансыз рахмет айтар едім», — деп түйеді сөз алдын.
Алаш арыстарының қай еңбегін алып қарасақ та басты мұраты – қазақ халқының сауатын арттырып, сол арқылы ғана жеке мемлекет болып, азаттыққа қол жеткізуді көксейді. Ал оған жетудің жалғыз жолы білім мен ғылымды жетік меңгеру екенін әр сөздерінде тілге тиек етіп кетті.
Тілеуберді САХАБА.
