Бұл сөз әлеуметтік желіде оқыр-мандардан шынайы жанашырлыққа ие болған Анастасия Куликтің басынан өткен тағдырына тура айтылғандай… Тұрмыс тауқыметін қаршадайынан тартқан павлодарлық инстаграм желісі арқылы баспана алу үшін 30 мың оқырманының әрқайсысынан 200 теңге сұраған. Қыздың тағдырына бейжай қарамаған ел тұрғындары барынша қолдау көрсетуге тырысады. Бұл – шынайы мейірімділіктен орын алған оқиға.
Анастасия әу баста оның тілегі орында-латынына сенбеген. Бұл әрекетін әзілге балаған. Әлеуметтік желідегі оқырмандарына өз өмірін күлімдеп қана қысқаша баяндап берген.
— Мен жетімдер үйінде өстім. Ол жерден шыққанымда бар болғаны 17 жаста болдым. Заң саласында жұмыс істейтін бір адам мені алдағандықтан баспанаға қол жеткізе алмадым, — деп жазба қалдырады.
Анастасия Куликтің айтуынша, ол жетімдер үйіне анасы қайтыс болғаннан кейін 9 жасында түскен. Қант диабетіне шалдыққан анасы екі аяғынан айырылғандықтан, үйдегі тұрмыстық жауапкершілік қаршадай қызға артылған. Бір ағасы түрмеде жазасын өтесе, екінші ағасы ішімдікке жақын болған. Үй ішінен жылулық көрмеген ол түнгі уақытта далада, подъездерде ұйықтаған.
Анастасияның тағдырымен танысқан жұртшылық оған мейірімділік танытып, бар болғаны 2 күннің ішінде 8 миллион теңге қаражат жинап берген. Оқырман түгілі туғанынан мұндай қолдау көрмеген Анастасия банк есепшотындағы ақшаны көріп, еріксіз көзіне жас алады. Адамдардың шынайы қамқорлығына таң қалады.
Оқырмандары жинаған қаражатқа жалпы аумағы 21 шаршы метр бір бөлмелі баспананы ипотекаға рәсімдеп, банктегі несиелерін жабады. Қазіргі уақытта ол өз үйінің жөндеу жұмыстарына кірісті.
Анастасия қазіргі жағдайын толығымен оқырмандарына ашық көрсетіп, үйінде атқа-рылып жатқан жұмыстарды таныстыруда. Әлеуметтік желіге жүктеген видеоға көп кәсіпкер пікір қалдыруда. Бірі жас қызға жиһаз сыйласа, екіншісі жөндеу жұмыстарын жасауға көмектеспек. Елдің бұл әрекетіне сүйсінген қыз барлық оқырманына ризашы-лығын білдіруде.
Қазір Анастасия йога тренері болып жұмыс істейді. Тұрақты жұмысы бар қыз өз баспанасына қол жеткізгені бәрімізді қуантты. Аз күн ішінде блогерге айналған Анастасияның алдағы өміріне тек жақсылық тілейміз.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
