Жағалауда ән шырқайды

Сәу 30, 2026

Бүгінде Павлодар қаласындағы Орталық жағалау жастардың бас қосатын негізгі мәдени алаңдарының біріне айналған. Әсіресе, кешкі уақытта бұл аумақ ерекше жанданып, түрлі әуен мен жастардың еркін шығармашылығына толы орта қалыптасады.

Көктемнің жайдары кештерінде павлодарлықтар орталық жағалауда жиі серуендеп, табиғат аясында тынығуды дәстүрге айналдырған. Бірі достарымен уақыт өткізсе, енді бірі отбасымен бірге келіп, күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәтке болса да тынығып қайтады. Одан бөлек, өнерлі жастар ән айтып, уақыттарын тиімді өткізеді. Сондай жастардың бірі – музыкалық колледждің 2-нші курс студенті Айдос Әкіжанов. Ол бала кезінен ән айтуға жақын болған. Қазіргі уақытта ол бала күнгі арманын орындап, өзінің қалаған мамандығы бойынша білім алып жүр. Арасында Орталық жағалауға келіп, достарымен қосылып ән айтады.

– Бұрын бала қиялмен анама: «Болашақта мен үлкен сахналарда өнер көрсетемін. Кейін мені теледидар арқылы тамашалап отырасыз» деп жиі айтатынмын. Ол уақытта қиялға ерік беретінмін. Дегенмен, сол мақсатыма қазір сәл де болсын жеткендеймін. Бүгінде Павлодар қаласындағы Орталық жағалауда ән айтып, павлодарлықтардың алдында өнер көрсетіп жүрмін. Болашақта бұдан да үлкен сахналарда өнер көрсетемін деген ойдамын, – дейді ол.

Жас музыкант тұрғындар көп шоғырланатын орындарды әдейі таңдап өнер көрсететінін айтады. Оның пікірінше, дәл осындай ашық ортада тыңдарманмен тікелей байланыс орнату әлдеқайда жеңіл әрі әсерлі болады. Бірнеше жылдан бері Ертіс өзені жағалауы бойында тұрақты түрде өнер көрсетіп жүрген ол бүгінде өз тыңдарман қауымын қалыптастырып үлгерген.

– Талант адамға жайдан-жай берілмейді. Оны жасырып қалмай, тыңдармандарға жеткізу қажет. Сонда ғана адамның бойындағы сенім күшейіп, ішкі қорқыныштан арылады. Бастысы, өзіңе деген сенімді жоғалтпау, – дейді ол.

Жалпы, Ертіс өзенінің жағалауында өнер көрсететін жас музыканттар бүгінде Павлодар қаласы мәдени өмірінің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Олардың шығармашылығы тек көңіл көтеру құралы емес, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, рухани серпіліс беретін маңызды мәдени құбылыс ретінде бағалануда.

                           *  *  *

Сұлтанмахмұт Момынжанов есімді жас әншіні аймағымыздағы жастар қауымы жақсы таниды. Музыкалық колледждің студенті күн сайын орталық жағалауда үш тілде ән шырқап, демалушыларға тамаша көңіл-күй сыйлаудан жалыққан емес. Бұл өнері арқылы қазірден қалың көрермен алдына шығуға дайындалып келеді.

Қыз-жігіт болып көңіл жарастырып жүрген жастар Сұлтанмахмұттың махаббат тақырыбында орындайтын әндерін тыңдау үшін арнайы барады.

Музыкалық колледждің биылғы түлегі Сұлтанмахмұт Момынжанов Аққулы ауданы Қарақала ауылында дүниеге келген. Жаны музыкаға жақын болғандықтан талай дарындарды тәрбиелеген білім ордасына оқуға түскен. 4-курста оқитын студент поп, лирика жанрында ән шырқағанды ұнатады.

— Бала күнімнен әнге жақын болып өстім. Ән салғанда тыңдарманға жүрекпен жеткізуді мақсат етемін. Адам көп жиналатын жағалауда ән шырқаған ұнайды. Бұл арқылы мен тыңдарманмен байланыс орнатуды үйрендім. Жағалаудың шағын сахнасында бірнеше жыл ән шырқап келемін, — дейді жас әнші.

Сұлтанмахмұт Момынжановты қалың көпшілік эстраданың жарық жұлдыздары, жастардың сүйікті әншілері Калифарния мен Раймға ұқсатады екен. Жас өнерпаз әлемдік деңгейдегі танымал әнші Димаш Құдайбергеновті, «Ninety One» тобын, Абзал Өтешовті сүйіп тыңдайтынын айтады. Өзі баян, фортепиано және домбырада ойнайды.

— Бала күнімде, бар болғаны 8 жасымда Астана қаласында өткен байқауға қатысып, 1-орын жеңіп алғаным есімде. Сол өнер сайысы мені шабыттандырған болуы керек. Болашақ мамандығымды қателеспей таңдадым деп ойлаймын. Өткен жылы колледж қабырғасында өткен «Екі жұлдыз» байқауында 1-орын иелендім. Қолыма диплом алғаннан кейін де өнер жолын жалғастыратыным анық, — дейді жас әнші.

Осылайша, орталық жағалау өнерге жақын жастардың талантын шыңдап, шабыт сыйлауда.

А.БОРАНБАЕВА,

А.АСҚАРҚЫЗЫ.