Кеше 7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орай Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сарайында мерекелік концерт ұйымдастырылды. Оған аймақтың әскери қызметшілері, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Шара барысында Отан алдындағы қызметімен ерекшеленген бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар және облыс әкімінің алғыс хаттары мен құрмет грамоталары табыс етілді.
Салтанатты шара барысында аймақ басшысы Асайын Байханов аталмыш сала мамандарын кәсіби мерекесімен құт-тықтап, олардың қоғам-дағы рөлі ерекше екенін атап өтті. Облыс әкімі өз сөзінде жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталып, әскери қызметтің мәртебесін арттыру мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі екенін жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Отан қорғау – тек әскери қызметшілердің емес, әрбір азаматтың басты міндеті. Адал еңбек ету – мемлекет беріктігінің кепілі. Жаңадан қабылданған Ата Заңымыз тәуелсіздік, аумақтық тұтастық пен ұлттық қауіпсіздікті басты құндылық ретінде айқындайды. Осы қасиеттер мен ұстанымдарды қорғау – баршамызға ортақ парыз. Сіздерге жанқиярлық еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін! – деді Асайын Қуандықұлы.
Салтанатты шара барысында қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, жоғары кәсіби біліктілігі және қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне қосқан қомақты үлесі үшін «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» медалімен еңбек ардагері Рашит Әпеков, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының басшысы,
құтқарушы Мұхамедқанапия Әбдуәлиев, Павлодар облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №45 кеңесінің бастығы Ардақ Иманғалиев, Ертіс аудандық сот әкімшісінің басшысы Тимур Мағауов, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Қайыржан Шақарғалиев, Павлодар облыстық прокуратурасы аппаратының басшысы Әлібек Жүкеев марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар сала маманы көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және белсенді өмірлік ұстанымы үшін облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласып, жергілікті өнерпаздар әсем ән мен күйден шашу шашты.
Айдана БОРАНБАЕВА.
