Тартай Қауенов — Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майданға аттанып, Отан үшін жанын қиған Қызыл армияның кіші лейтенанты. Оның өмір жолы — қазақ халқының соғыс жылдарындағы ерлігі мен қайсарлығының айқын көрінісі.
Тартай Қауенов 1922 жылы Қазақ КСР-інің Павлодар облысы Каганович ауданына қарасты Чиган ауылдық кеңесі «Курына» колхозы, қазіргі Май ауданы Баскөл ауылындағы Шапобаев Ідірістің шаңырағында дүниеге келген. Ол қарапайым шаруа отбасында өсіп, ауыл тіршілігінің қиындығын ерте сезінді. Жастайынан еңбекке араласып, жауапкершілік пен төзімділікті бойына сіңірді. Сол кезеңдегі ауыл жастары сияқты Отан алдындағы борышын өтеуге дайын болып өсті.
1941 жылы соғыс басталғаннан кейін көп ұзамай ел ішінде мобилизация жүріп, мыңдаған жас майданға аттанды. Тартай Қауенов 1942 жылдың қаңтарында (кей деректер бойынша 17 қарашада) Каганович аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылды. Ол қысқа мерзім ішінде әскери дайындықтан өтіп, офицерлік құрамға көтеріліп, кіші лейтенант шенін алды. Бұл оның жауапкершілігі жоғары, батыл әрі тәртіпті жауынгер болғанын көрсетеді.
Майданда 322-атқыштар дивизиясының 1089-атқыштар полкінде қызмет етті. Бұл әскери бөлім Қызыл армия құрамында болып, 4-Украина майданының 60-армиясына қарады. Ол қызмет еткен бөлім соғыстың шешуші кезеңдерінде маңызды ұрыстарға қатысты. Әсіресе, 1944–1945 жылдары Кеңес әскерлері Батыс бағытта ілгерілеп, Украина, Польша жерін азат етіп, Германия аумағына кірді. Осы ауыр шайқастардың барлығында Қауенов Тартай өз бөлімшесімен бірге алғы шепте болды. Ол кіші лейтенант ретінде жауынгерлерге басшылық жасап, ұрыс кезінде тактикалық шешімдер қабылдап, жеке үлгісімен ерлік көрсетті. Майдандағы ерлігі мен батылдығы үшін жоғары әскери марапаттарға ие болды. Сондай-ақ, 322-атқыштар Житомир Қызыл Тулы дивизиясының 1089-атқыштар Львов Қызыл Тулы полкінің взвод командирі ретінде ерекше ерлік көрсетті.
Наградтау құжатында былай деп жазылған: «Неміс басқыншыларымен болған шабуыл ұрыстарында кіші лейтенант Қауенов өзін батыл, табанды әрі шешім қабылдай алатын командир ретінде көрсетті. Қарсылас қорғанысын бұзып, Краков қаласына таяу жерде ол өз взводымен бірінші болып жау траншеясына басып кірді. Гранатамен жеке өзі жаудың ірі калибрлі пулеметін жойды. Бекініп алып, шегінген қарсыласқа қарсы жойқын оқ жаудырды. Ұрыс барысында 10-нан астам жау солдаты жойылып, 10 неміс әскері тұтқынға алынды». Осы ерлігі үшін ол І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды.
Сұрапыл соғыс даласындағы шабуыл кезіндегі ұрыстарда өзін батыл әрі қайсар командир ретінде көрсетті. Грендихи елді мекені үшін болған шайқаста ол өз взводын шабуылға бастап, қарсыластың күшті атысына қарамастан елді мекенді басып алды. Ұрыс барысында 25-ке дейін жау солдатын жойды. Осы шайқаста ерлікпен қаза тапты. Қауенов Тартай көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденіне (қаза тапқаннан кейін) ұсынылған.
Соғыстың соңғы кезеңінде де бірнеше мәрте ерлік көрсетіп, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен екі рет марапатталған. Бұл марапаттар 322-атқыштар дивизиясының 1089-полкі құра-мында, 60-армия және 4-Украина майданы шеңберінде жүргізілген ұрыстардағы батылдығы үшін берілді. Оның бірнеше мәрте марапатталуы майдандағы ерлігі мен қолбасшылық қабілетінің жоғары болғанын дәлелдейді. Ол жауынгер ғана емес, өз сарбаздарын соңынан ерте білген батыл командир болды.
Қауенов Тартай 1945 жылғы 29 наурызда Германия аумағында өткен ұрыстардың бірінде қаза тапты. Ол Жоғарғы Силезиядағы Эренфельд елді мекенінің маңында жерленген. Қазіргі уақытта бұл аумақ — Польша құрамындағы Силезия воеводствосы, Рацибуж ауданы, Славенко ауылы. Кейін оның сүйегі Ополе қаласындағы кеңес жауынгерлерінің әскери зираты жеріне қайта жерленген. Алайда соғыс жылдарындағы көптеген сарбаздар сияқты оның нақты жерленген жері ұзақ уақыт бойы белгісіз болып келді. Көптеген құжаттар жоғалып, кейбір мәліметтер дәл болмады. Араға 81 жыл салып, іздестіру жұмыстарының нәтижесінде Қауенов Тартайдың жерленген жері анықтала бастады. Бұл —
бір адамның тағдыры ғана емес, соғыста хабар-ошарсыз кеткен мыңдаған жауынгердің тарихын қайта жаңғырту жолындағы маңызды қадам. Осындай жағдайлар қазіргі таңда да кездеседі: іздеушілердің көмегімен ондаған жыл өткен соң сарбаздардың қабірлері табылып, туыстарына мәлімет жеткізіледі. Бұл — тарихи әділеттіліктің қалпына келуі, ұрпақ пен өткеннің арасындағы байланыстың жаңғыруы.
Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫ,
жас ғалым, Қазақстан және Орталық Азия тарихын зерттеу институтының бас директоры.
