Гүлмира ОТАРҒАЛИЕВА: Турист құқығымен қатар міндетін де білуі керек!

Мам 7, 2026

Өңірде туризм маусымының ашылар сәті таяды. Аптап ыстық басталған уақытта аймақ тұрғындары мен қонақтары Баянауыл баурайына асығып, Маралдының көліне түсіп, қарағайлы ормандар мен тарихи орындарды аралап, демалуды құп көреді. Қысқасы, тұрғындар табиғатқа тамсанып тынығуға, туризм саласының кәсіпкерлері екі-үш ай аралығында табыс табуға асығады. Бұл ретте облыстағы демалыс үйлері келушілердің талаптарына қаншалықты сай? Ал туристердің мәдениеті қандай деңгейде? Жалпы, аймақта бұл бағытты дамыту үшін қайтпек керек? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде туризм саласындағы тәжірибелі маман, «Саят-Павлодар» фирмасының жетекшісі Гүлмира Отарғалиевамен тілдескен едік.

— Гүлмира Малыбайқызы, алдымен өзіңіздің туризм саласындағы жолыңызға тоқталсаңыз… Бұл саладағы қызметіңіз қай уақытта басталып еді?

— Мен 1996 жылы облыстағы туристік компаниялардың біріне қатардағы қызметкер болып орналастым. Аз уақыт аралығында салаға қатысты біраз тәжірибе жинадым. Ал 1999 жылы декреттік демалысым аяқталар тұста жолдасым өзіміздің фирмамызды ашуды ұсынды. Сөйтіп, сол уақыттан бері «Саят Павлодар» компаниясына жетекшілік етіп келемін. Алғашқы 12 жылда жеке тасымалдау, жүк көліктерімен тауарлар жеткізу, шоп турлар ұйымдастырумен айналыссақ, кейінгі 16 жыл аралығында классикалық туризм бағытында еңбек етіп келеміз. Яғни, өңір тұрғындарының өзге елдегі демалысын ұйымдастырып, оларға визаларды ресімдеуден бастап билет алу, қонақ үйден орын алу сияқты қызметтердің барлығына қолдау көрсетеміз. Сол сияқты шетелдік туристерді қарсы алып, оларға облыстың әсем де көрікті, қызықты да танымды жерлерін таныстыруға тырысамыз. Сонымен қатар, балалар туризмі, түрлі экскурсиялар өткізу бағытында да тәжірибеміз бар.

— Байқағанымыздай, бұл бағыттағы қызметіңізге тура 30 жыл толыпты. Осы уақыт аралығында салада не өзгерді?

— Бастысы – туризм туралы заң қабылданды. Біз қызметімізді енді ғана бастаған тұста жұмыс барысында елеп-ескеретін ережелер, сүйенетін қағидалар болған жоқ. Бір белгісіз әлемде ісімізді дөңгелетіп отырғандай болдық. Тіпті, шоп турлармен айналысқан уақытта кеденге қатысты ережелер болған емес. Ал бүгінде тиісті заң, кодекстің бәрі қабылданған. Кез келген кәсіпкер нақты қандай нормалар аясында қызмет етуі керек екенін жақсы біледі. Ішкі, сыртқы туризмге қатысты барлық жұмыс жүйеленіп, бір ізге келтірілген. Біз төлемдерді тек банк арқылы жасап, мемлекет алдындағы міндеттемелерімізді уақытылы орындап, ашық түрде бизнеспен айналысып отырмыз. Бұл 30 жылда жасалған негізгі қадамдардың бірі деп білемін.

Екіншіден, осы уақыт аралығында ішкі туризм дамыды. Әсіресе, 2017 жылы Астана қаласында өткен ЭКСПО-дан соң отандық саланың тынысы ашылғандай болды. Бұған дейін беймәлім болған, көпшілік атүсті қараған туристік бағыттар ашыла бастады. Яғни, ішкі бағыттардың қызықты, әлеуеті жоғары екені аңғарылды. Сәйкесінше, шетелдік қонақтар тарапынан сұраныс айтарлықтай артты. Бүгінде біздің компания Жапония, Малайзия және тағы басқа көптеген елдің азаматтарын қуана қарсы алып, оларға барлық қызмет түрін көрсетуге әзір. Көп жағдайда өзге елдің азаматтары өңірімізге жұмыс бабымен, ресми кездесулер, маңызды семинарларға келіп жатады. Сол кезде қонақ үймен қамту, көлік ұсыну сынды барлық жайлы жағдайды жасаймыз. Өз салаларына байланысты емін-еркін сөйлейтін білікті аудармашыны да дайындауға әзірміз. Яғни, туристік саладағы қызмет көрсету да бірнеше сатыға бірден көтерілді.

— Сол сияқты осыдан 10-15 жыл бұрын жергілікті тұрғындардың шетелге шығып, демалып келуі мәртебе іспетті көрінетін. Бүгінде бұл – қалтаға салмақ салатын таң-
сық дүние емес. Бұл туристік жолдама-лардың қолжетімді болғаны ма әлде азаматтардың таным көкжиегінің айтарлықтай кеңейгені ме?

— Шынымен, цифрлық техно-логиялар дамып, нарықта түрлі агрегаттар пайда болған тұста саяхаттау да бұрынғыдан әлдеқайда оңай болатын болды. Каспи, басқа да банктер бөліп төлеу жүйесі, кэшбек тетігі арқылы өз тұтынушыларына түрлі турлар ұсынып келеді. Бұл жақсы, әрине. Көпшіліктің шетел аралап, біраз уақыт тынығып, әлем көретін мүмкіндігі бар. Алайда осы іспетті жүйелер туристік агенттерді алмастыра алмайды. Иә, банктің мобильді қосымшасы арқылы жолдамаларды сатып алып, интернеттен қонақ үйлерді қарауға болады. Бірақ олар әр жердің өзіне тән нюансын көрсете алмайды. Ал агенттер турларды ұсынбас бұрын өздері сол жерге барып, ақпараттық турларға қатысып, демалыс аймағы бүге-шігесіне дейін зерттейді. Қонақ үйдегі бөлмеден бастап жағажайдың құмына дейін қарайды. Әсіресе, Таяу Шығыстағы соңғы жағдай туристік агентпен қарым-қатынастың маңыздылығын көрсетті. Біз демалушыларымызбен 24/7 байланыста болып, жанымызды шүберекке түйіп отырдық. Сол жақта жайлы жағдай жасауға тырысып, билеттер алып, елге аман-есен оралғанға дейін хабарымыз үзілген жоқ. Иә, бұл ретте каспи де материалдық көмек көрсетіп жатты. Десе де, жоғарыда айтқанымдай, адамға адам керек.

— Енді өңірлік туризмге ойыссақ. Облыста, әсіресе Баянауыл баурайында дема-лушыларға қандай жағдай жасалған деп ойлайсыз?

— Бірден айту керек, облысқа келетін туристер әр түрлі. Олардың қалауы, көзқарасы, қызығушылығы да сан алуан. Мәселен, кейбір топтар табиғи дүниені іздеп келеді. Яғни, оларға өркениеттіліктен гөрі біздің ұлттық өнімдер, жермен, табиғатпен қауышу анағұрлым маңызды. Енді бірі туған жерді аңсап келеді. Бір кездері Германияға, Ресейге қоныс аударған азаматтар сағынышын басу үшін келеді. Олардың қалауы бір бөлек. Тағы бірі қолайлы демалыс үйлеріне жайғасып, жағалауда күнге күйгенді құп көреді. Түптеп келгенде, туристер біздің өңірден қалағанын табады деп білемін.

Баянауылдың жағдайына келер болсақ, әлеуеті жоғары. Табиғаты әдемі. Ауасы таза. Сервис те жақсарып келеді. Бүгінде «Сабын-дыкөл плаза», «Жасыбай resort», «Березовая роща» сынды демалыс үйлері жоғары сапалы қызмет көрсетуге әзір. Меніңше, бұл өңірдің негізгі мәселесі – су мен кәріз жүйелері. Осы проблемалар шешілсе, туристік аймақтың тартымдылығы арта түседі деп ойлаймын. Бұл – уақыт еншісінде.

— Бірақ тұрғындардың көбі демалыс үйлерінің, тағамның, жалпы қызмет көрсету сала-
сының қымбаттығына шағым-данып жатады. Бұған не айтасыз?

—  Біріншіден, Баянауылдағы сұраныс ұсыныстан асып түсіп жатыр. Жергілікті кәсіпкерлер, инвесторлар туристердің талғамына қарай барлығын жоғары деңгейде ұйымдастыруға әлі де үлгермей жатқан секілді. Сабындыкөл, Жасыбай жағасында жоғарыда атап өткен демалыс үйлері сынды тынығатын орындар көбейген уақытта сапа да жақсарады деп ойлаймын. Екіншіден, Баянауыл-
дың облыс орталығынан айтар-лықтай алыс екенін ескеру керек. Демек, бағаны белгілейтін тұста көлік-логистикалық шығындар да ескеріледі. Өзіндік құны содан қалыптасады. Сондықтан, меніңше, кейбір өнім, қызмет түрлері қымбаттау. Үшіншіден, Баянауылда кәріз мәселесі әлі де толығымен шешілмеген. Сол себепті демалыс үйінің иелеріне септиктер қойып, ассенизаторлар жалдап, қалдық суды табиғи парктің аумағынан шалғай жатқан жерлерге апаруға тура келеді. Бұл да – айтарлықтай шығын. Қалай болғанда да туристердің таңдауы бар. Ішінде ыстық суы, дәретханасы, жуынатын орны бар жайлы бөлмені қаласа сәйкесінше қымбат демалыс үйіне барады. Мұндай қолайлы жағдайлар маңызды болмаса, арзандау бөлмені де жалға ала алады. Таңдау еркі – демалушыда.

— Ал өзіңіз осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алған Маралды көлінің жағасындағы жағдай қалай?  Биыл бұл демалыс аймағында қандай жаңашылдықтар болмақ?

— Иә, туризм саласында бірнеше жыл еңбек етіп, тәжірибе жинаған соң өзіміздің демалыс аймағының әлеуетін көтеру мақсатында Маралды көлінің жағасында демалыс орнын ашқан едік. Жұмысымызды алғаш бастаған 2021 жылдың жазында 6,6 мың адам жағажайда демалса, былтыр 41 мың адам келді. Осы жылы демалушыларға қолайлы болуы үшін алты жыл тұрған ағаш демалыс аймақтарын жаңартып, санын көбейтпек ойымыз бар. Сол сияқты санитарлық тораптардағы едендерді, инженерлік-комму-никалық желілерді толығымен ауыстырамыз. Жаңадан әткен-шектер сатып алдық. Киіз үйлер, дәмханалар бұрынғыдай жұмысын жалғастырады. Жағажай күнде тазартылады. Атап өтерлігі, қызметкерлердің барлығы – Жылыбұлақ ауылдық округінің, Шарбақты ауданының тұрғындары. Оларға аударылатын орташа жалақы – 200 мың теңге, шотқа түсетіні – 150 мың теңге. Оған қоса, жағажай жинаушыларға жұмыс кестесінен артық еңбек еткені үшін қосымша ақы төленеді. Себебі демалыс орны 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істегеніне қарамастан, кей адамдар уақытылы қайтуға асықпай, күн батқанға дейін қалады.

— Биыл аумаққа кіру бағасы өзгере ме?

— Алдымен, Маралдыда демалу арзан деп айтар едім. Бір ересек адам үшін кіру ақысы – 1300 теңге, зейнеткерлерге – 1000 теңге, 6-12 жас аралығын-дағы балаларға – 500 теңге, ал алты жасқа дейінгі балаларға тегін. Осы жылы да ересектер мен зейнеткерлерге белгіленген ақы өзгеріссіз қалады. Бұл ретте кей демалушылар жуынып-шайынатын тораптарда ыстық судың болғанын сұрап, жиі өтініш білдіреді. Осы сәтті пайдалана отырып, мына бір жайтты түсіндіргім келеді: егер ыстық суды қосатын болсақ, кіру бағасы бірден өзгереді. Өйткені біз электр энергиясының ақысын заңды тұлға ретінде жоғары тарифпен төлейміз. Суды ысытатын құралдар қоятын болсақ, сәйкесінше электр энергиясы көп жұмсалып, шығын арта түседі. Онсыз да операциялық шығындар көп.

— Осы орайда демалу-шылардың мәдениеттілігін қалай бағалар едіңіз?

— Барлығына бірдей топырақ шашпаймын әрине, бірақ бұл бағытта өсетін, алға ұмтылатын тұстар әлі де бар. Кешке қарай жағажай аумағынан бөтелке, қаңылтыр, баланың жөргегі сынды қалдықтарды жинау әдетке айналды. Оған етіміз де үйренді (күліп). Ұят та болсын айтайын: мен үшін оң сорақысы – балалардың да, кейбір ересектердің де сол жағажайда дәретке бара салуы. Санитарлық тораптар, арнайы дәретханалар бар. Бірақ осындай әдепсіздікті көруге тура келіп отыр. Сондықтан биыл жағажай аумағына да бейнебақылау каме-раларын орнатуға мәжбүрміз. Бұған өзім бірнеше жыл бойы қарсылық танытып келген едім. Алайда кей адамдар одан басқа амал қалдырмай отыр. Туристік маусым басталар тұста жыл сайын қоқыс тастайтын 50-70 жаңа жәшік сатып аламыз. Маусымның соңында ары кетсе 20-сын жинаймыз. Қалғанына келушілер балшық салып алады, майыс-тырып керегіне жаратады, тағысын тағылар. Өткен жылы демалушыларға жағажай аума-ғында пайдалануға тегін берілетін мангалды да ұрлап кетті. Бұл – бір. Екіншіден, кейбір ата-аналардың бейқамдығы жаға ұстатады. Кішкентай балалармен келіп, оларды қараусыз қалдырады. Өткен жылы соның салда-рынан кішкентай балалардың алысқа ұзап кеткен, көлге кіріп кеткен жағдайлар бар. Таяуда Баянауылда туристік маусымға байланысты өткен жиын барысында аймақ басшысы Асайын Қуандықұлы тәртіпке бағынбайтындарды тезге салып, жазалайтын кез келген шығар деген еді. Шынымен солай сияқты. Биыл қоғамдық тәртіпті бұзып, ұрлық-қарлыққа барып, құқық бұзушылық жасайтын адамдар болса, учаскелік инспектор шақырып, хаттама толтыруымызға тура келетін түріміз бар. Меніңше, туристер құқығын ғана емес, міндетін де білуі керек.

— Түйіндей келе, өңірлік туризмді дамыту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

— Облыстың тарихын, көрікті жерлерін, мәдени, өндірістік орындарын, жалпы аймақты алдымен жергілікті жұртшылық жақсы білуі керек деп ойлаймын. Мәселен, Ресейдің Алтай өлкесіне барған сапарымызда байқаға-
ным, жергілікті оқушылар жылына үш рет музейлерге экскурсияға баруға міндетті. Сол арқылы олардың дүниетанымы кеңейеді. Біздің облыста да осындай мәдени ошақ көп. «Ертіс» муль-тимедиялық музейі, өлкетану музейі, Бұқар жырау музейі, Майра Шамсутдинова, Наум Шафер, Дмитрий Багаев музей-үйлері және тағы басқалары бар. Бұл – бір. Екіншіден, балалар да, ересектер де өңірдің негізгі орындарын білгені дұрыс. Мысалы, Шарбақты ауданының шәкірттерін қарағайлы орманға, Маралды көліне апарса, Железин жұртшылығын үнемі жылы су ағып тұратын қайнар көзге апарса құба-құп. Үшіншіден, индустриялық орталық болғандықтан өндірістік туризмді дамытуға болады. Екібастұздағы «Богатырь Көмір» кеніші – соның жарқын мысалы. Бірақ, білуімше, кей кәсіпорындар мұндай экскурсияларға құлықты емес немесе олардың шарттары, талаптары тым жоғары болып келеді. Жалпы, өңірде ішкі туризмнің әлеуеті жоғары, тек оны жақсы дамыта білу керек.

— Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.