Соғыс ардагерлерінің дені бүгінде жүз жасқа жақындады. Ал жерлесіміз Мария Матюшина биыл 100 жасқа толды. 17 жасында майдан шебіне ата-анасына айтпай, өзі сұранып барған өжет қыз бүгінде ғасыр жасап отыр.
Ол 1926 жылы 19 қаңтарда Ресейдің Тульск облысында дүниеге келген. 1942 жылы ата-анасынан жасырын барып, әскери бүркемелеу курсына ерікті түрде жазылып алады. Ал 1943 жылы әскери-далалық құрылыстың 80-ші басқармасы құрамында алдыңғы шепке түседі. Мұнда ерлермен бірге қорғаныс орындарын салады. Яғни, жерде тасалау орындарын қазып, дзоттар, блиндаждар құрылысына қатысқан. 225-ші қорғаныс құрылысы басқарма-сының 104-ші әскери құрылыс жасағы құрамында Витебскке дейін қиын жолдан қасқая өтіп, қайсарлығын танытқан. Кейін бұл әскери күшті солтүстік жаққа Карелияға жөнелтеді. Жерлесіміз Мария Алексеевна дәл осы Финляндиямен шекарада көптен күткен Жеңісті қарсы алады.
Мария Матюшинаның тағдыры әйелдердің өжеттігі мен табан-дылығын көрсетеді. Ол сұрапыл соғыс жылдарынан кейін де ел дамуына еңбек етті. 1945 жылы әскери қызметтен қайтты. 1955 жылы тұрмысқа шығып, отбасымен Қазақстанға тың игеруге қоныс аударды. Тың игеру жылдары егіс даласында еңбек етті. Мал төлдету науқанына қатысқан. Өмірлік жарымен үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп, өсірді.
Бүгінде ардагер Павлодар ауданының Сычевка ауылында тұрады. Мария Алек-сеевна ерлігі үшін
II дәрежелі Отан соғысы орденімен, медальдармен марапатталған.
Биыл ғасырлық тойында ардагерді Ұлттық ұлан оркестрі ерекше құттықтады. Олар соғыс ардагері тұратын үйдің ауласында оркестрмен концерт қойып, соғыс жылдарының әндерін
орындап, бейбіт өмір үшін алғыс білдірді.
Г.МАҒЖАН.
